30 Қазан, 2012

Ақыл мен парасаттың азаматы

486 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Ақыл мен парасаттың азаматы

Сейсенбі, 30 қазан 2012 7:13

КСРО кезеңінде баспасөздің құдіреті қылыштың жүзінен де өткір, әрі… қорқынышты еді. Барша кеңес оқырманы, қала­сын-қаламасын, ақпарат құрал­дарында шыққан сан қилы материалдарды саяси-идеология­лық тұрғыда қабылдап, тал­қылап-талдап жататын және сол арқылы өздерінің «нағыз совет азаматы» екенін дәлел­дейтін.

 

Сейсенбі, 30 қазан 2012 7:13

КСРО кезеңінде баспасөздің құдіреті қылыштың жүзінен де өткір, әрі… қорқынышты еді. Барша кеңес оқырманы, қала­сын-қаламасын, ақпарат құрал­дарында шыққан сан қилы материалдарды саяси-идеология­лық тұрғыда қабылдап, тал­қылап-талдап жататын және сол арқылы өздерінің «нағыз совет азаматы» екенін дәлел­дейтін.

Сол кездегі тағы бір артық­шылық – мерзімді басылымдарда жарияланған мақалаларды ғана емес, олардың авторла­рының аты-жөндерін де тасқа басқандай жадымызда ұстай­тын­быз. Әр алуан тақырыпқа өндірте қалам тартып, бас­пасөзден түспейтін журналист-тілшілерге қызыға қарап, іздеп оқып, соларға еліктеп біз де беделді газеттерге «мақала» жолдап, редакциядан «тала­быңыз жақсы, әлі де іздене түс­кеніңіз жөн, бұл мақалаңызды жариялай алмаймыз», деген тілдей сөз айна-қатесіз бірнеше рет қайталанып жазылған жа­уа­п хат алып барып, абыз шалдардың «таудай талап бергенше, бармақтай бақ берсін» деген батасы рас шығар деп, жөнімізге көшіп, ендігәрі «бар­мақтай бағы бар» журналистермен жағаласпауға серт беріп, тіршілігімізді тірнектеп жүре бергенбіз.

Сондай бағы бар журна­листердің бірі – Жабал Ерға­лиевтің есімін жетпісінші жыл­дардың орта шенінде респуб­ликалық басылым беттерінен танып-білдім. Көкшетау өңі­рінен бұрқыратып жазып жататын тілшінің тақырып аясы да әр алуан. Журналистиканың жауынгер жанры – ақпараттық хабарлардан бастап, кең көлем­ді мақалалары, сүйегі мықты очерктері мен патетикалық пәрмені зор публицистикалық шығармалары арқылы қалың оқырманның көзайымына ай­налған журналистің қарымы мен алымына, қандай тақы­рыпқа түрен салса да, тереңнен тербеп, қалыңнан қаузайтын шеберлігіне, қарапайым еңбек адамы жайлы жазылған дү­ниесінің өн бойында советтік патриотизммен қатар, астарлай, тұспалдай төгілген ұлттық рух­тың, қазақы болмыстың көрініс табатынына тәнті болатынмын.

Көкшенің табиғи сұлулығын суреттегенде, Арқаның осынау бір аяулы өңірін Сәкен Сей­фуллиннің «Көкшетау» дастанынан оқып-біліп, қиялымызда «сексен көлдің» сабатымен сусындаған біздер туған жері­міз – Сыр бойының сары маса буған қапырық түндері мен қызыл желі ызыңдаған аңызақ күндерін бір сәтке талақ етіп, Жабалдың ауылына тартып кеткіміз келіп тұратын. Кезінде газетке жолдаған шимай-шат­пағымыздың неге жарияланбайтынын да енді ұққандай­мыз. Өзі өрнектеген көркем табиғаттың аясында, ақ қайың­дардың арасында, жасыл тауды жастанып, Бурабай көліне ая­ғын малып қойып, мақала жаза­тын Жабалға үйірілме­генде, шіркін шабыт, шағырмақ күн шекесін тесіп, мектептің ауласында балағын түріп алып, кесек құйып жүрген бізді қайт­сін?! Жазушы бола алмаға­нымыз да содан шығар дейміз ғой баяғы…

Өзім іздеп жүріп оқитын Жабал Ерғалиұлының қалам­герлік қабілетін ашқан көгілдір Көкшенің тамылжыған таби­ғаты ғана емес, сонау сұм заманда, отызыншы жылдары бір әулеттің шаңырағына үйірілген қасіреттің, нақақ жала мен зарлы зауалдың ащы запыранынан жаралған шерлі күй екенін қайдан білейін?! Атасы Жұм­жұма атақты Науан Хазіреттен дәріс алған, Жабалдың туған жері – Қарағаш өңірі ғана емес, Көкшенің көлеміне беделді діндар кісі екен. «Қызылдар­дың» қысымына шыдамай, «аша тұяқ қалмаған» жылдары Түмен асып, бой тасалап, отызыншы жылдары болат семсер өтпейтін берендей бес ұлымен елге оралыпты. Бір айнал­дыр­ған пендесін шыр айналдырған қияметтің ақыры қайда? Екінші дүниежүзілік соғысқа бес ұлы бірінен соң бірі аттанып, майдан даласында соның төртеуі хабар-ошарсыз, ұрпақсыз жоға­лып, «қырық жылғы қырғын­нан кебенек киіп қайтқаны» Жабалдың әкесі Ерғали болыпты. Әулеттің мойнына әуірлеп мінген мехнат осымен тоқтаса не етті, қолына қараған қария­ларды қамшы сабындай өмірі қалғанда қалай аш қалдырамын деп, қырманнан он келі бидайды рұқсатсыз алғаны үшін анасы Үмітжан он жылға сотталып кетті. Қиянатқа қарсы тұрар бір пенде табылмады-ау сонда… Жазаның төрт жылын өтеп, елге оралғанымен, Сібір­дің сары аязы сүйегінен өтіп, өңменіне жеткен Үмітжан ана 34 жасында дүниеден баз кешіп кете барған. Жабал ол кезде жеті-ақ жаста еді…

Бір әулеттің басынан кешкен бұлағай кезең, сыбырлап айтуға да болмайтын, бірақ сезімтал жүректің басына шемен болып қатқан тарихтың ақтаңдақтары, патшалық Ресей­дегі Столыпин реформасы тұ­сында жалғыз соқасын сүйре­тіп, сүмірейіп келіп, аз уақыт­тың ішінде қазақтың кең даласын қанбазар хуторға айналдырып үлгерген қитабан мұжық­тардың үрім-бұтақтары мен Хрушевтің «тың игерушілері» ұрпақтарының қызыл империяны арқаланып, орыстық шови­низмді өршітуі, бір кезде Бір­жан сал мен Ақан серінің әнде­рі аспанының астын толтырған Арқа топырағында орысша «өсімдіктердің» қаптап шығуы және солардың тамырына бай­ланған өзіміздің Әндірбай – Ан­дрейлер мен Мақсым – Мак­симдердің жатырынан жерінген жетесіздіктері… бәрі-бәрі жас Жабалдың бойына күрескерлік рухын дарытып, әділдік пен туралық сияқты зиятты қасиет­ті зердесіне зеренмен құйып, ертерек есейтсе керек. Шамыр­қанған шындығыңды шеребедей шерге шайып алып, сыртқа шығарудың шытырман жолы – қаламгерлік екенін сонда тү­сінді. Түсінді де, ақ қағаз бетіне ойлы сөз түсіруге құлшынды.

1973 жылы Көкше өңі­рін­дегі жалғыз аға газет – «Көк­шетау правдасына» кіші әдеби қызметкер болып орналасты. Өндірістен қол үзбей жүріп, 1979 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп алды. Одан әрі іздену-өсу жылдары… Об­лыстық газет редакциясының тапсырмасын орындаумен шек­телмей, туған халқының рухани ұлағатын ұлықтаған, Арқа то­пырағында өмір сүрген алаш ардақтыларының өнеге­сін өре­леген, тарихи-мәдени шежі­ренің шетін қалған тұс­тарын тұспалдаған, замандас­тарының зиялы болмысын бейнелеген мақала, очерк, эссе­лерін орта­лық басылымдарға ұсынып, қалың оқырманның кеуілін алды. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты марқұм Сәкен Жүнісовтың: «Азамат ре­тінде сыйлас, қаламгер ретінде сырлас Жабал Ер­ға­лиұлының жан дүниесіндегі туған елге деген сүйіспеншілік пен құр­мет, арманды мақсат пен адал ниет өзге де жігіт­тердің жү­регінен табыла берсе, осынау Көкшенің көлемі көк кілем­дей болып мәңгі көгере бе­ретініне сенім­дімін», деп ағы­нан жарылуы қайраткер қаламгердің перзент­тік парыз-парасатын пайым­даған баға болса керек-ті!

Тоқсаныншы жылдардан бе­рі, Қазақ елі тәуелсіздік алған тұста Жабал Ерғалиұлының шығармашылық қуатының жа­ңа тынысы ашылып, жан тү­бінде булыққан ойлары баспа­сөз беттерінде будақ-будақ төгілді. Егемендік еркіндігіне ел болып қуандық десек те, оның қуанышы тіпті де бөлек-тін! Қарағаштай қаймағы сын­баған қазақ ауылында туып-өссе де, ес білген ғұмырын «Кокчетав» сияқты орыс тектес қалада өткізген оның жанын интернационалдық саясатты желеу еткен «аға ұлттың» өк­темдігі, барыс-келісі мол Солтүстік, Шығыс аймақтар­дағы қандастарының біржолата бұратаналыққа мойынсынуы, басшылық қызметтердің тек қазаққа бұйырмауы, қазақ мек­тептерінің бірінен соң бірі жабылып, бесіктен белі шыққан бауырының жат тілде шүл­дірлеуі, ана тілінің ауыз үйде ғана әжетке жарауы, қайсы-бірін айтсын, жегідей жеп, жеті насыры жерге бүгілетін еді. Енді, міне, азаттықтың ақ таңы алдынан жайды шапағын. Аянып қалар кез бе бұл?!

Еліміздің Тұңғыш Прези­денті, сара саясаттың сарабдалы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зарбаевтың жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан жасау жолындағы нарықтық-экономикалық, әлеуметтік-рухани реформаларын жүрегімен қабылдап, қа­лам қайратымен үн қосқан Жабал Ерғалиұлының бұл шақта шабыты шарықтап, туған хал­қының тағдыр-талайына қатыс­ты ұлттық рухани жаңғыру-өсу, ядролық сынақтан зардап шеккен аймақтың ауыр халі мен оның залалдарын жою, тарихи құндылықтарымызды тірілтіп, ұрпақтың кәдесіне жарату жайлы, елі үшін «етігімен су кешкен» Елбасымыздың тәуекел бастамаларының саяси-әлеу­мет­тік мазмұнын талдап, са­ралаған татымды туындылары мерзімдік басылымдардың әр нөмірінде тоқтаусыз жарияланып тұрды.

Қарасай батырға әкесі Алтынай: «Балам, биыл жылқың­ды үйірімен алып алысқа кеткін, қыстың қатты болатын түрі бар. Өйткені, құстың ұшуы, бұлт­тың көкте жүзуі, желдің ұй­ытқып теріс соғуында бір ерекшелік бар, мал бұл жерде қырылып қалар», деп содан Көкшетау өңірінің Айыртау сағасына көшкендігін, малын да, жұртын да аман алып қал­ғандығын айта келіп, Елба­сының да батыр бабасының ізімен көшті Сарыарқаға бастап келуінен жақсылық іздейді. «Бәлкім, тарихи сабақтастық деген осы болар, тәуелсіз елі­міздің астана­сының Сары­арқаға көшірілуі және халқы­мыздың бұл көшін үш ғасыр­дан астам уақыттан соң Қара­сай баба ұрпағы – Президен­тіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы На­зарбаевтың тікелей өзінің бас­тап келуі аруақты баба ізінің, баба ерлігінің жалға­сы іспет­тес», деп ой түйеді Жабал Ерғалиұлы («Тәуелсіздік тол­ғауы», «Фолиант» баспасы).

Осы жылдарда Жәкеңнің шығармашылық толысуымен бірге қоғамдық белсенділігі де қаршығадай зар күйіне түсті. Көкшедегі беделді басылымдарды басқара жүріп, аймақ өміріндегі айтулы шараларға білек сыбана кірісіп, елдің сөзін айтты. Бастамаларға мұ­рындық болып, оқиғалардың ор­тасында жүрді. Көкшетау қаласындағы әуез колледжіне Біржан салдың есімін беру жө­ніндегі мәселені алғаш көтеріп, Абылай ханның ескерткішін орнату жөніндегі комиссияның мүшесі болып, Түркістан қала­сындағы хан бабаның жерленген жерінен топырақ алып келді. Қазақтың Қарасай баты­ры­ның тарихтағы орнын анық­тау, зерттеу ісіне белсене қаты­сып, кесене тұрғызу шаруа­сының басы-қасында болды. «Қарасай батыр» қоғамдық қорын басқарып, баба жайын­дағы деректерді жинастырып, жарыққа шығарды, ғылыми айналымға ұластырды.

Халқының қолдауымен 1989-1994 жылдары халық депутаттары Көкшетау қалалық кеңесінің, 2007 жылы Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланды. Облыс­тық мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы, Ақ­мола облысы әкімдігі жанын­дағы бюджет комиссиясының, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы­ның, тіл және ономастика жө­ніндегі комиссияның, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы Ақмола облыстық филиалы саяси кеңесінің мү­шесі, партияның жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қо­ғамдық кеңесінің төрағасы сияқты қоғамдық жұмыстарда табандылық танытып, мәселе­лер­дің оңынан шешілуіне ық­пал етті. Қазақстанның «Бас редакторлар клубының» мүшесі ретінде ұлттық журналистика саласының төрт құбыласын тү­гендеп, мұқтажын шешуге, әріптестерінің әлеуметтік ұста­нымдарын ұстартуға қызу атсалысты.

2011 жылы кезектен тыс өткізілген Қазақстан Республи­ка­­сының Президентін сайлау кезеңінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облысы бойынша сенімді өкілі болып, Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы міндетін абыроймен атқарып шықты.

Қазақстан Жазушылар ода­ғының мүшесі, Қазақстан Жур­налистер одағы және Жамбыл атындағы халық­аралық сый­лықтардың лауреаты Жабал Ерғалиұлының әр жылдардағы «Сөне көрме, жұлдыздар», «Қазақтың Қара­сай батыры», «Ұлтым менің, ұлысым ме­нің», «Хан көтер­ген ел едік ер ұла­нын», «Бұлт­ты түнгі толған Ай», «Жолсапар жалғаса бе­реді», «Тәуел­сіздік толғауы», «Әлемді жү­регіне сыйғызған», «Жаңбыр­сыз жаз», «Құлпы­тастың көз жасы» кітаптары мен «Соңғы тұяқ», «Ескі арба» хикаяттарын оқып, «Тойғандар мен тозғандар», «Жетім тағ­дыр» драмалық шығармалары­ның театр сахналарында сәтті қо­йылып келе жатқанын ести жүріп, жастық шағымнан жү­регіме жақын есіммен күн­дердің күнінде Астана қала­сында қауышып, өмір деген қызық қой, бірге қызметтес боламын деп ойлаппын ба?! Бұл да сол ақпараттық жадтың қолайлы қисыны шығар…

Осы арада айта кеткен де орынды болар, 2010 жылы Сыр елі осы өңірде қызмет жасаған Еркін Әуелбековтің туғанына 80 жыл толуын кең көлем­де атап өтті. Мен онда облыс әкімінің орынбасары едім. Бұл шараға Көкшетаудан да қонақ­тар шақырылған болатын. Ел ағалары бастап келген көк­шетаулықтардың арасында Жабал да бар екен. Салтанат бас­талып, біраз игі жақсылардан кейін сөз Жабалға да тигені бар. Шаршы топтың алдына сабырлы басып шыққан ол өз сөзін, баяғының шешенде­ріндей: «Қасиетті топырағыңда Қорқыт бабамның сүйегі жат­қан, Сыр елі, сен неге қа­сиетті болмассың? Ен далаңды жарып ағып жатқан Сырдариясы бар, Сыр елі, сен неге терең бол­массың? Төріңде Төрета­мың мен Байқоңырың бар, Сыр елі, сен неге биік болмассың? Қасиеттісің, Сыр елі! Тереңсің, Сыр елі! Биіксің, Сыр елі!», деп төкпелей жөнелгенде манадан бері бірінің сөзін бірі қайта­лаудан аса алмай, сөз тыңдау­дан қалып бара жатқан халық тына қалсын. Халықты ұйытып алып кеткен Жәкең сөзін аяқ­тап, сол сабырлы қалпымен өз орнына ойыса бергенде, манадан бері тынып қалған халық: «Ойпырма-ай, мына жігіт шешен ғой, шешен ғой!» деп шулап кетсін. Ежелден сөз қадірін танитын Сыр елі сөйтіп Жә­кеңді «Жабал шешен» атандырып, зор ризашылықпен Көк­ше­сіне аттандырып салған болатын.

2011 жылы жаңадан сай­ланған Сенат депутаттарының тізімінен Жабал Ерғалиұлының аты-жөнін оқып, Жабал шешен­нің де сенатор болып сайлан­ған­дығына шын қуандым. Сөй­тіп, біздер қызмет бабында ғана байланысып қоймай, аз күннің ішінде тонның ішкі бауындай жақындасып кеттік. Түскі астан кейінгі бір сағаттық үзілісте Сенат алаңында серуендеп жү­ріп, көңілде жүрген көрікті ойларымызға ортақтасып, пі­кір­ле­семіз. Осындайда қайда­ғы-жайдағы жайттар есімізге түсіп, өткен өмір жолдарымыздан да хабар беріп қоямыз.

Көкшеліктер қалам қайра­ты­мен ғана емес, туа бітті та­бандылығымен, қажыр-жігері­мен аймақтың қоғамдық өмі­ріне бел шеше араласып, қиын түйіндердің шешімін тауып, жұртқа, ұлтқа қажетті мәсе­ле­лерді көтеріп жүрген Жәкеңді әрдайым құрметтейді, мақта­ныш тұтады. Еңбегі де елеусіз қалып жатқан жоқ. Елбасы­ның Жарлығымен Қазақстан Рес­публикасының еңбек сіңір­ген қайраткері атағына ие болып, екі мәрте Қазақстан Рес­пуб­ликасының Құрмет грамотасымен, «Еңбектегі ерлігі үшін», тағы да басқа мерекелік медальдармен марапатталды. Есі­мі «Қазақстанның үздік адам­дары», «Солтүстік Қазақ­стан» және «Ақмола облысы» энциклопедияларына, қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі «Ақ­мола облысының тұлға­лары» кі­табына енгізілді. Ол – Алматы облысы «Қарасай ауданының құрметті азаматы», Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің құр­метті профессоры.

Материалдық игіліктер ал­дыңғы кезекке шыққан қоғамда барға қанағат етіп, аскеттік өмір дағдысын ұстанған адам­дарға таңдана қарайтынымыз рас. Біздің кейіпкеріміз сондай жан. Ешкімнің ала жібін ат­таған емес. Маңдай тер, табан ақысымен тапқан табысына қарын тойғызып, қолынан келсе, басқаларға көмектесуге, тапшылық пен мұқтаждықтың тақсіретін тартқан адамдарға қамқорлық жасауға әзір тұра­ды. Кеңдік, жомарттық қанында бар қасиет. Жабалдың әріптес­терінен мынадай бір әңгімені естігенім бар.

Бас редактордың кабинетіне жетектеген жас баласы бар әйел кіреді. Алыстағы Есіл ауданынан облыстық ауруханаға емделуге келгенін, бірақ ақша­сы таусылып, вокзалға түнеп шыққанын айтады. Жабал есеп­шіні шақырып алып: «Мына кісіге менің жалақымның есе­бінен ақша беріңіз», дейді. Бір күні жетімдер үйінде тәрбие­ленетін орыс баласы келіп, Көкшетаудан Алматыға жете алмай тұрғанын айтып, ақша сұрайды. Жабал тағы да есеп­шісіне қаражат бергіздіріп, жүр­гізушісі Берекеге баланы пойызға мінгізіп жіберуді тапсырады. Осындай жағдаят ай беделінде бірнеше рет қайта­ла­нады. Таңғалған есепші: «Ағай, атын да, затын да білмейтін адамдарға неге ақша бере бе­ресіз», дейді. Сонда Жә­кең: «Бәлкім, Алла тағала сол адамдарды менің ниетімді сынау үшін жіберіп, көріп тұрған шығар», деген уәж айтады. Сенатта да Жабалды іздеп келіп, көмек сұрап жүрген адамдарды көріп, осы әңгіме есіме түскен еді…

Айтарымыз болса да, алты асқардың баурайына ат бай­лаған азаматтың бүтін болмысын, шығармашылық жолын, қайраткерлік қарымын талдап, түгендеп беруді ал­дымызға мақ­сат тұтқан жоқпыз. Біздікі – «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ізгі бір ниет еді. Және де біздің Жабал ендігі арада бір ғана Көкшенің емес, Қазақ елінің азаматы!

Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,

Парламент Сенатының депутаты,

саяси ғылымдар докторы, профессор.