Ең соңғы… Ұшақ. Орден. Аурухана
Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:08
Ең соңғы…соңғы… ауыр да болса ауыздан жырылып түскен сөз – осы. Әзілхан Нұршайықовқа қатысты айтылмақ. Соңғылар туралы ойланудың өзі жүрек сыздатады. Бәрі-бәрі өткінші. «Тоқсанға жетіп жығылармын-ау!» деп жүрген Әзағаң межелі мерейтойына 1 жыл, 10 ай қалғанда үзіліп түсті!.. Ең соңғы рет Астанада алған «Отан» орденін сипалап қызықтағанбыз… Ең соңғы рет әуежайдан қоштасып, шығарып салғанбыз… Ең соңғы рет Алматыдағы ауруханада жатқанын естігенбіз…
Сәрсенбі, 21 қараша 2012 7:08
Ең соңғы…соңғы… ауыр да болса ауыздан жырылып түскен сөз – осы. Әзілхан Нұршайықовқа қатысты айтылмақ. Соңғылар туралы ойланудың өзі жүрек сыздатады. Бәрі-бәрі өткінші. «Тоқсанға жетіп жығылармын-ау!» деп жүрген Әзағаң межелі мерейтойына 1 жыл, 10 ай қалғанда үзіліп түсті!.. Ең соңғы рет Астанада алған «Отан» орденін сипалап қызықтағанбыз… Ең соңғы рет әуежайдан қоштасып, шығарып салғанбыз… Ең соңғы рет Алматыдағы ауруханада жатқанын естігенбіз…
ҰШАҚ. Қайдан білейік?!.. Басқаша боларын… Астана әуежайынан Әзағаңды Алматыға шығарып салып жүргенімізді ғана білеміз. Қалғаны жұмбақ. Жалғыз біз бе, осындағы адамдардың бәрі-бәрісі бірін-бірі қимай құшақтасып, ыстық қоштасып, жылт-жылт еткен жанарларын жасқаншақтай көлегейлеп, қол бұлғап қалып бара жатқан жоқ па, әне. Біз де сондай кезекті шығарып салуға келген едік…
Бұл жолы Әзағаң «Махаббат қызық, мол жылдар» романының басты кейіпкерлерінің бірі Меңтайдың – Нұрғамиланың баласы Тұрар мен келіні Тамараның отауына тұрақтаған болатын. Солар елп-елп етіп Әзағаңды әуежайға алып келген-тін. Өздері бір аса мейірімді жандар. Әзағаңның арқасында отбасымыздан алма-кезек дәм татысып, жылы шүйіркелесіп қалып едік. Көліктен қауқылдаса түсіп, сәлемдесіп жатыр. Әзағаңды қолтықтан демеп, жер бастырдық.
– Өзім-ақ, өзім,– деп ол кісі «осы, шіркіндер мені қаусаған біреу дей ме екен?» дегендей орнынан бұлқына түзелді. Ширақ, шымыр, жеңіл қимылдайтынын білсек те, жер тайғақ. Жазатайым тайып түспесін деп, безек қағамыз. Желтоқсан ортасында тас үсті қанша сыпырып-тазалағанмен мұзданып, жалтырланып жатады.
– Қайта, қара жерден гөрі мұз үстінде буынымды бекітіп, бекем жүретінім бар, – деп ақиық жазушы қолтықтаған біздерге сенді ме, дедектей жөнелді.
– Бұл шабыспен 90-ға желдіртіп жетіп, 100-ге зу ете түсерсіз,– деп әзілдеген едік, «солай боларына сенемін-ау» дегендей, миығынан жымиып, тіптен тіктеліп, шалт қимылмен қутың-қутың етеді. Қартайғанда бір бала дегенің осы шығар… Бір ауыз сөзге балаша иланып, жанары әлдене бір аңсау, аңсардан боталанып қоя береді.
Әуежай үйінің есігіне жетер-жетпесте алдымызда баяу кетіп бара жатқан таныс бейнелерді ту сыртынан ажыратқандаймыз. Дәу де болса, Тұманбай Молдағалиев пен Нұрғожа Ораз… Дәл өздері екен. Текті тұлғалар жылдап көріспегендей, бас салып құшақтасып жатыр. Тумысы бөлек, нәзік жүрек, болмыстары елден ерек байсалдыларым-ай, бірін-бірі көргенде дегбірсізденіп кетеді екен. Кеше ғана екеуі Елбасының қолынан орден алып, сапта жайраңдап қатар тұрып еді. Марапат сыңғырымен сүйісіп те алған, қайта ажырамастай қатты-қатты құшақ алмасқан… Енді тағы… Жайбір адамдар бүйте алар ма? Ол үшін жүректе махаббат шоғы маздап жатуы тиіс шығар… Шынайы, риясыз, көлгірсіз, көнтерлі көңіл-күйге малынып, шарболаттай суарылуы тиіс пе әлде? Бұл атпалдардан бәрі табылады… Мейірім, мөлдірлік, саф тазалық, қылаусыз іңкәрлік жанарларынан мөлт-мөлт тамып тұр.
Аязды сәскеде осы бір жалқы жүрек жандардан шашыраған шуақтан бойымыз жылынып, бусана марқайып, ішке ендік.
«Құдай-ау, осы біздер, кімдерді шығарып салып жүрміз?» деген сусымалы ой сананы осқылап өткендей еді. Әрине, мақтаныш, мархабатты ой еді. Кімді кім шығарып салмайды. Тағдырдың жазуымен ғой бәрі де. Дертіне дауа іздеген алтын құрсақ ананы шетелге аттандырып, көз жастарын көлдетіп, сәттілік тілеген бүкіл бір ұрпақтың мұңды сәтін де көргенбіз. Артынан білдік, оралмапты сол кейуана! Соңғы рет қоштасып, ұшақпен көтерілген көгінен түспей қалғандай, сірә! Әзағаң мен Тұмағаң да қазір аспанға шарықтап кетер… Есен-сау, Алматысына қалқып бір жайлы қонса екен. Осындай Тәуелсіздік мерекесі тұсындағы қауышулар қайталана берсе екен. Жайдарман күйде мәре-сәре күтіп алып, сәл-пәл көңіл пәстеніп, сезім ширығып, қимастықпен шығарып салғаннан артық бұл дүниенің қызығы еселенер ме, түге. Қоштасулар жалғасып, қайталанғаннан артық бақытты кезең болар ма?! «Таныс та, бейтаныс жолаушыларым-ау, біздер кімдерді шығарып салып тұрмыз! Қараңдаршы!..»
Иә, бәрі біздің шоғырдан көз алмайтындай. Біз қаумалаған қос арыстың бойынан сезім ширығысы буланып ұшып жатқандай. Жырға қақталып та, қара сөзбен бапталып та махаббат, елдік мұрат, бостан тірлік, т.б. ұлттық мақтаныш мейманасы тасып атойлап, таралып кетіп жатыр еді. Оқырман деген үйірілгіш құдірет иелері бірте-бірте Нұршайықов пен Молдағалиевті махаббат тінімен құрсаулап, босатпайтындай күйге лықси тірелді. Несін жасырамыз, «ұшатын кезде босатпай қойса, қайтеміз?» деген үрей бойды билей жөнелгені. Тіпті, әлдеқалай кітаптарын ұсынып, қолтаңба өтінгендері де табылады. Қос таланттың бастары ғана қылтиып көрінетін күйге ендік. Халық жазушыларын халықтан қорып, үргедектеніп біз тұрмыз. Халық үшін жаралғандарды халық жазбай танып, мың мәрте тағзыммен иілуінің куәсі болдық. Қандай сүйіспеншілік сәт! Соңғы рет болмасыншы!..
– Әзілхан аға! Кеше теледидардан орден алғаныңызды көрдік. Қуанышымызда шек жоқ! – деп бір егде кісі қарлығыңқы дауыспен өзгелерді жалт қаратты. – Сұрайын дегенім бар еді. Мінберде сөз сөйлеп болып, қойныңыздан бірдеңе алып, Елбасына ұсындыңыз. Сол не нәрсе?
– «Мәңгілік махаббат жыры» деген кітабымның кішкентай қалыппен шыққан қос томшасы ғой,– деп Әзағаң іле жауап берді.
– Ту-у, қалтаға салып жүріп, жаттап алар ма еді!– деп өкініш білдірді әлгі қария.
Әзағаң маған ым қақты. Мен сөмкесін ашып жіберіп, әлгі қос томшаны суырып алып, ұстаттым. Ол тұрған бойда қолтаңбасын қалдырып берді.
– Бізге де, бізге де!..– деген дауыстар шыға бастап еді, жазушы оң қолын жоғары көтеріп:
– Ең соңғысы еді!– деді де кінәлі адамдай қос алақанын жайып, кешірім мезіретін жасады.
Шетте тұрған бұйығы қыз кітап жетпей қалғанына өкінді ме, әлдебір мұңданыспен:
– Сіздің кітаптардың соңғысы болмайды, ұрпақтар жүрегінде жалғаса береді, Әзілхан аға! Қайталап басыла береді!– деді.
Ақын Нұрғожа Ораз ағамыз мені жеңіл түртіп, сыңғырлай күліп, былайғылардың назарын әдейі аударғандай болып:
– Осы сен, қиырдағы Торғайдан қия Семейдегі Әзағаңды қайдан тауып алып жүрсің? – деді өзімсініп еркелеткендей кейіппен.
Мен үнсіз қалдым. «Тағдыр табыстырған» дегім келіп еді, ұшу кестесі хабарланып, әңгімені созып алармын деп тиылдым.
Тіркеуден өтіп, доғаша иілген тексеру құрылғысынан әрі аттай беріп, қолын кеудесіне қоймақ боп, сәл еңкейгенде Әзағаңның басындағы құндыз құлақшын сыпырылып жерге түсіп кетті… Мен түрлі тосқауылға қарамай-ақ лып етіп жанына жетіп бардым да құлақшынды көтеріп, сілкіп-сілкіп Әзағаңның басына қондыра қойдым…
– Қош болыңыз, Әзаға!
– Әкелші маңдайыңды, айналайын!
ОРДЕН. Алматы. 2011 жылдың 7 ақпаны. Елбасы бүгін шығармашылықтың шыңына шығып, шуағына бөленген бір топ зиялыларға жыл сайынғы өзінің стипендиясын тапсырмақ. Мұндай ерекше салтанатқа ерте келгеннің бірі Ә.Нұршайықов еді. Қашанғы әдеті осы. Асығыс-үсігіс кешігіп жету жанына жат. Оны айтасыз, таң елең-алаңда Абай атасының ескерткішіне барып, тәу етіп қайтқаны бар. Көңілі көтеріңкі. Сыпайы сәлемдесіп, мейірімін төгіп жүр. Жан мөлдірлігінен маңайына алтын шапақ ұшқындары шашырап жатқандай. Әйтеуір, Әзағаңа адамдар тартылып-ақ тұрады. Қолын алып сәлемдескен сәттен бастап, бойларына жылылық, қуат-күш дарып, өзгеше шаттаныс күйге түсетіндіктерін сезетіндей бәрі. Ал онымен тілге келіп, әңгіме бастау – басқаша құбылыс күйін шертеді.
Бұл жерде елге танымал әдебиет, мәдениет, өнер қайраткерлерінің біразы жүр екен. Сайдың тасындай етіп, іріктелгендер ғой. Бәрі мәре-сәре. Елеулі іс-шараны ұйымдастыру қамымен келген Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, белгілі көсемсөзші Бауыржан Омаров, т.б. лауазым иелері шақырылғандармен қоян-қолтық араласып, ілтипат, ізет тынытып, «ұлық болсаң, кішік болдың» өнегесін көрсетіп жүр. Әзағаң да сол іні-қарындастарына разы кейіппен көз қырын салып қояды. «Елімнің ертеңгі үміт артқан ұрпақтары сендерсіңдер»,– дегендей, іштей марқайып, масаттанады.
Әзағаң жайлы диванға жайғасып, біразырақ ойға шомды. Жан қалтасына қолын жүгіртіп, томпиған қорапшаны сырттай сипалап қойды. Елбасы өткен желтоқсанда – Тәуелсіздік күні тапсырған «Отан» ордені болатын. Үйден шығарда да: «Тақсам ба, тақпасам ба?» деп, ойланып қалған. Әлі сол илеуден шыға алмай отыр. Өзіне салса су жаңа ордені ғой, өңіріне құлпыртып қадап алғысы бар. Басқа марапаттарын үйіне тастап кеткен. Тек осы соңғысын көңілі қалайды. Елбасының өз қолының табы қалғанымен де ыстық тартады. Содан бері бұл орденді қызықтаушылардың легінде шек жоқтай. Астана әуежайынан аттанарда өзіне жақын тартатын бір тілші, қаламгер орденін сипалап көріп: «Орденіңіз бақытты қарттығыңызға әйдік жарасып тұр екен»,– деп қуанып, байғазысын ұсынған. Сол байғазы басы «байлыққа» ұласқандай ма, өзі. Әзілімен әрлегені ғой. Жә, ойды қусаң, бетімен жайылып кететіні бар, лықсыған екпінін тежеді де, нақты шешімге бекінбек сыңаймен жан-жағына қарағыштап алды. Мұндайда біреудің ақылына жүгінгеннің еш артықтығы жоқ. Сол-ақ екен, анадайдан талантты ақын қарындасы Марфуға Айтхожина сәндене басып келіп, сәлем берді де қасына жайғасты.
– Марфуға айналайын!– деді Әзағаң ойнақшыған ойын сап тыймақ болып.– Ақыл қосшы, мына су жаңа орденімді тағып алғанымның сөкеттігі болмас па екен? – Марфуға ағасының қолындағы ашық қорапшадан жалтырап көрінген сәулелі орденге еліге қарап қалды да бұлталақсыз шешімін айтты. – Е, мына шаттанысты сәтте өңіріңізді арайландырып жіберетін бұл орденді бүгін тақпағанда, қашан көрсетесіз? Қане, әкеліңіз, өзім…
Орденін ұсынып, оң жақ иығын икемдей бастағаны сол еді, Әзағаңның бойы лезде әлсізденіп, жүзі күреңітіп кетті. Ерні сумен шыланды. Көзі нұрсызданып, шапшыңқы қысым миын шымырлатып бара жатқандай. Өзіне бесенеден белгілі жайт қой. Сақтығына басып, кеуде кере ауа қармағысы келгенімен, қауқары қалмағандай… Кеудесіне Марфуға қадаған орден жарқырап көз жауын алғанымен, иесінің жайсыздығына титімдей де сеп бола алмады…
Министр М.Құл-Мұхаммед жағдайдың насырға шаба бастағанын сезгендей, Б.Омаровты шақырып алып: «Сен ағаңның жанында бол!» деп тапсырды. Сөйтіп, инсульт алған Әзағаңның былайғы тауқыметі Бауыржанның иығына түскен еді. Жөппелдемеде «жедел жәрдем» Президент Іс басқармасы ауруханасынан емес, қалалық бөлімшеден шақырылған екен, келген екі дәрігерге Нұршайықовтың халқына қандай қадірлі екенін түсіндірудің өзі мұң болса керек. Әрине, қай адамның да өмірі қыл үстінде тұрғанда мұндай салыстырмалық артықтау болып көрінер. Бірақ шапшаң қарап, дәрігерлік көмек көрсетілсе екен деген сасқалақтық не істетпейді. Сол кезде Алматыда Қысқы Азия ойындары жүріп жатқан. Әлгі қалалық дәрігерлерге соған қатыстыларға ғана бірінші кезекте жедел жәрдем көрсетілсін деген бұйрық түссе керек. Соның ауанынан жаңылмаған түрлері екен. Бауыржан да тапқыр жігіт қой: «Бұл кісі Қысқы Азия ойындарының алаугері еді», – деп шорт кескенде, аналар Әзағаңның Өскеменде алау ұстап қақаған қыста жастардан қалыспай жүгіргенін қайдан білсін, шалт қимылдап, зыр жүгіріп ем-дом қамын қарастырып, лезде ауруханаға жеткізіп салады…
Әзағаң сол салтанатта сөйлеуі керек екен… Қағазға түсірілген соңғы сөзі сөйленбей қалды… Сөз мәтінін, стипендиялық қаражатын, қол сағатын, ұялы телефонын, сыртқы киімдерін буып-түйген Бауыржан абдырап жеткен ұлы Арнұр мен жиені Сәкенге табыс етіпті. Содан бері менің көңіл әйнегімнен Бауыржан інімнің әлгі заттарды қысып ұстаған абыржыңқы күйі елестеп, кетпейтін болды. Ең соңғы көмек соныкі болыпты. Ең соңғы сөздерін сол естіпті. Дәрігерлер ақыл-есінің деңгейін білмек боп: «Қасыңыздағы мынау кім?» деп сұрағанда: «Менің Бауыржан інім ғой» деген ең соңғы биязы дауысты сөзі құлағында қалыпты. Иә, иә, жансақтау бөліміне зембілмен әкетіп бара жатқанға дейінгі соңғы сөздері еді…
…Қазір Әзағаңды ойласам, Бауыржан қабаттасып елестейтіні несі екен?! Мен сені бұрынғыдан да етене дос-іні деп танып, ғажап жақсы көріп жүрмін, Бауыржан! Қос бүйрегімнің бірі Әзағаң деп бүлкілдейтін… Екіншісі…
АУРУХАНА. Доңғалақты зембілмен зырылдатып, әлдеқайда әкетіп бара жатқанын еміс-еміс сезеді. Санасы селкеулі, бұлыңғырлау. Жадына не болған? Әлгі әзірде кімдермен тілдесіп еді? Не жөнінде? Сол аяқ-қолы сұлық жатыр. Қозғамақ болған әміріне бағынар емес. Қос шекесі зеңгіп, көзі алды әлсін-әлі қарауытып кетеді. «Бауыржан балам мың болғыр екен… Әкесіндей өбектеп, зыр жүгіріп жүр-ау…» Әрі қарай ойы тұманданды. Ақ желеңділер шүпірлесіп жатыр. Маңайында ақ көбелектер ұшып жүргендей… Нәті, басқа бірдеңеге ауыстырып салып жатқандай ма?
Оң жамбасы, іле оң қары шым етіп, бүріп кетті. Сол-ақ екен бастырылығып оянғандай болып, демі жеңілдеп, кеуде кере жұтынды. «Е, мана жансақтау бөліміне деп еді ғой…» Талай көрген құқайы. Жеңілдігі болар деп дәмеленді. Жүрегі алты-жеті рет тілім-тілім болған. Құдай сақтап қалды. Көрешегі бар екен. Бұл жолғысының да сондай үміті таусылмас. Не бопты?! Бірден өле қалатын. Жүрек шанышты екен деп, мына өмірді қия салмақ па? Жазуын қайтеді? Қаламсабы ше? Компьютері қаңтарылып қалмақ па? Фотоаппаратын алып шығып еді, қайда тастады екен, осы? Алас-күлесте манағы ордені түсіп қалмаса болды. Қолына тиген стипендиясына күнделік-кітабын шығарып алар-ау. Осыдан бір тұрып кетсе, алдымен Абай атасының ескерткішіне барып: «Абеке, айығып келдім, Сізді қимағандықтан»,– деп сәлем берер еді. Сосын бірден Кеңсайға тартар. Халиманың ақ күмбезіне кіріп, дұға орнына оқитын: «Сенен артық жан тумас, Туса туар артылмас…», – деп сарнай жөнелер… Халима: «Қашан жаныма келесің?» – десе не демек, бәтір-ау! Кәдімгідей қиналып, демі ауырлап, бетін тер жуып кеткендей…
Тағы бірдеңелер қоң етін шым-шым еткізгендей. Дызылы, дуылы аралас уытты нәрсе. Бет-аузы әлденемен шандылып, тыпыр еткізбестей таңылып қалғаннан сау ма, өзі? Тағы да еміс-еміс әлдене ойлар орала бастады. Не көрмеп еді, төрт жыл соғыста. Қол зембілмен талай рет госпитальға түскен. Соның бәріне шыдас берген жүрек шіркін бейбіт заманда сыр алдырды ғой. Өкпе жоқ оған. Талай талмаурап, үзіліп барып-барып түзеліп кеткен. Бұл жолы да өкіндірмес. Сенеді жүрегіне! Халқы үшін қалып бара жатқан қаншама шаруалары тұр. Мүмкін емес қой, халқының үмітін қиып кету. Мүмкін емес… Дәрігерлердің бәрі жыға таниды өзін. Үнемі сауықтырып жіберген. Бұл жолы да аянып қалмас… Екінші үйіндей боп кеткен аурухана төсегінен сытылып шығып, қара шаңырағына қақырайып кіріп барар, сәтін салса.
Мана: «Балаларға хабар берейін бе?» – деген Бауыржанды тежеп тастаған. Қорқып кетер деп, бәрін аяған, жайсыздықтан жасқанған. Соларға білдірмей, тәуірленіп жетіп барса ғой, төбеден түскендей етіп.
Шүкір, Халима екеуінің бауырынан өрген балалары жақсы өсті, қалаған білімін алды, ата-баба өсиеттеріне адалдық танытып жүр. Шетінен елгезек. Өзгенің мүддесіне елеңдеп, қабырғалары сөгіліп тұрады. «Жанар, Жаннат, Арнұр, Жаннұр бөбектерім-ай! Өмір бойы өбектедім-ай! Ең бастысы – ар-намыстарыңа, абыройларыңа кір келтірмеңдерші! Біз өтсек те бәленшенің ұрпақтары деп жүреді ғой! Айналайындарым, асылдарым, кішкене кездеріңен шүберекке түйіп өсіріп, мейірімге орап ересек еткен тайлақтарым! Боталарым, боздап қалар ма екенсіңдер!.. Алдымен Халима шешелеріңді, сосын мені еске алып жүрерсіңдер!..»
Бұл кезде келін-балалары, немере-жиендері, көрші-көлемдері, ет жақын туыстары ауруханаға жинала бастап еді… Ішінде белгілі жазушы Сәбит Досанов та бар…
Балаларын ойлағандықтан ба екен, біртүрлі бойы балбырап, тыңайып жатыр. Санасы да сергек секілді. Бірақ барлық ықыласын салып күтіп, жанынан бір елі кетпей қойған медбикеге тіл қатуға дәрмені жоқ. Жәудіреп қарап қалады да, қабағы ырықсыз жабылып кетеді. Көзі жұмулы болса да, ойы ашық… Астанада, қыста орден алардан бұрын, күзге салым арнайы барып, «Махаббат, қызық мол жылдар» романының жарық көргеніне 40 жыл толуына байланысты «Хабар» арнасының бағдарламасына түсіп қайтқан еді. Өте тағылымды болған секілді. Өз мерейтойларын құнттамай келгенімен, кітабының үлкен белесі аталып өтіпті. Бұл – бақыт! Хабар жүріп жатқанда, үлкен экраннан сырқаттығына қарамастан Меңтайы – Нұрғамиласы көрініп, ұзақ ғұмыр тіледі. Лебізін кемсеңдеп бітірді… Сол эпизод есіне түскенде жазушы шалдың өзі де толқып, сәл қыбырлады: «О, өткінші дүние! Уа, Меңтайым! Ей, махаббат падишасы! Уыз шағыңды жырлаған мен осы күйіңді көрем деп пе едім!.. Бірақ, бірақ сен, халқыңның есінде мәңгі жас, құлпырған сұлу түріңмен қаласың ғой!..»
Махаббаттан жаратылған жазушы ғой Әзағаң! Махаббат – бал! Махаббат – жар! Махаббат– отбасың! Махаббат – туған жерің, Елің! Махаббатың – қос қанатың сенің! Міне, талмай әуелетіп, тоқсан жастың биігіне көтеріп келе жатыр еді, әттең-ай, кенет әлсірей бастағаны несі екен?! «Қуаттан, құмарт! Алдыңда өмірің – Жұмақ!» – Әзағаң осылайша бойына әл-күш жинағысы келіп, іштей ширықты… Қос қанаты бұрынғыдай серіппелі күймен қатар жайылмайды. Сол жақ қанаты – сол жақ денесінде діріл де байқалмайды… Пістелер ме еді инемен…
Ауық-ауық балалары есіне түсе береді. Бірде кітаптары көз алдына тізіле қалады. Құйынданып, аласапыран алмасып кетеді бәрі: балалары мен кітаптарының түр-түсін ажырата алмай қалады. «Аманаттадым сендерді!»– деді ойша күбірлеп…
… Бес жарым тәулік ажалмен арыстанша арпалысқан нәзік те нәрлі, қажырлы да қайратты, алдаспандай айбатты Жүрек соғуын тоқтатты! Әзағаң сөнді! Екінші өмірінің білтесі тұтанды!
…Сыртта Алатау басын бұлт кіреукеледі!
…Сыртта үрім-бұтағы сеңдей соғылысып, сансырап кетті!
…Екінші үйіндей болған аурухана қара жамылды!
«Емен-дағы құласа, бетеге екен, Дара туған тұлға да өтеді екен!..»
Қайсар ӘЛІМ,
«Егемен Қазақстан».
Астана – Алматы – Астана.
Суретте: Ә.Нұршайықов.