12 Наурыз, 2010

“ҚЫЗ ЖІБЕК” БАЙҚАУЫ ӨТТІ

884 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде “Қыз Жібек” арулар байқауы өтті. Байқау алдында университет ректоры Бақытжан Әбдірайым “Ардақты ана” байқауының же­ңім­паздарына бағалы сый­лық­тар тапсырды. Ал қызықты өткен “Қыз Жібек” сайысында қыздар өздерін таныстыру, сұрақ-жауап, өрісті өнер, ұлттық киім үлгілері бо­йынша бәсекеге түсті. 14 қыз­дың арасынан ұлттық құн­ды­лық­тарымызды қайта жаңғыртып, тіл мен ділдің жақсы үлгілерін көр­сеткен филология факультетінің бі­рінші курс студенті Айым Мей­рамова бас жүлдені алса, бірінші дәрежелі дипломды жара­ты­лыс­тану ғылымдары факультетінің төртінші курс студенті Гүлжайнар Кереева, екінші дәрежелі ди­пломды экономика факуль­тетінің бірінші курс студенті Құндыз Амандосова, үшінші дәрежелі ди­пломды инженерлік және құ­рылыс факультетінің үшінші курс сту­денті Индира Санғұлова иеленді. Байқау Нұрғиса Тілендиевтің “Аққуымен” ашылып, ол Ыбы­райдың “Гәккуіне” жалғасса, ара-ара­сында “Дала сазы” студенттер ан­самблі, “Самұрық” би, “Еуразия әуендері” топтары әсерлі ән-күй­мен, әдемі бимен жиылған жұртты тәнті етті. Осы арада ойымызға оралған мына бір нәрсені де айта кетсек дейміз. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Алматыда бұрынғы политехникалық инс­ти­тутында “Досмұқасан”, Қыздар педагогикалық институтында “Айгүл” ансамбльдері құрылып, жастардың сүйікті өнер ұжымына айн­алып еді. “Досмұқасан” ан­самблін құрған азаматтардың қатары жыл санап азайып бара жатса да, оның абыройы қазірдің өзінде бір мысқал төмендеген жоқ. Ел астанасындағы жоғары оқу орын­дарынан сондай ансамбльдер бой көтеріп жатса, ұлттық өнердің жаңғыруымен қатар, жастардың ара­сында серпіліс туғызар еді. Бай­қаудан байқағанымыз, талант­ты жастар баршылық екен. Солар­дың басын біріктіріп, ұлттық өнер­ге баулысақ, тәуелсіз мем­ле­ке­тіміздің бүгінгі жастары да ал­дың­ғы ағалары мен апаларының дәс­түрін ұштаудан қашпайтыны анық. Сүлеймен МӘМЕТ.