Мамандығы заңгер болса да Рысхан бұрыннан жеке кәсіптің иесі болуды армандайтын. Басында ісін неден бастайтынын білмей, әуре-сарсаңға түседі. Бір жағынан төрт жыл оқып, тер төгіп алған дипломы кәдеге аспай қала ма деп те алаңдайды. Бірақ тәуекелге бел байлап, күтпеген шешімге келеді. 2015 жылы үшінші баласын дүниеге әкеліп, декреттік демалысқа шыққанда өзінің нан мен тоқаш пісіруге ебі бар екенін байқайды. Не пісірсе де дәмді болып шығады, балалары таласып-тармасып жейді. Өзіне де нан пісіру ұнап қалады. Нанның тәтті болып шығуы рецептті қатаң сақтаумен ғана шектелмейтініне, оған жүрегінің жылуын да беру қажеттігіне көзі жетеді. Ара-тұра пісірген нанынан көршілеріне де дәм татқызады. Олар да Рысханның нанын мақтай бастайды. Елдің жылы пікірінен кейін оған нан, тоқаш өнімдерін пісіріп сатсам қайтеді деген ой келеді. Есептеп қараса, компаниядан алатын айлық жалақысын осы кәсіптен жарты айда-ақ шығарып алады екен. Оның үстіне өз-өзіне қожа, жұмыстан қалып қоймайын деп асықпайды. Бір мезгіл үйдің тіршілігіне уақыт тауып, балаларына да көбірек көңіл бөледі. Осының бәрін ой елегінен өткізген ол арнайы оқыту курсына барып, осы саладағы мықты мамандардың шеберлік дәрістерінен өтеді.
Сонымен 2015 жылы Рысхан Сәрсекеева өзі тұратын Бескөл ауылында «Caramel» деген атаумен аспаздық дәмхана ашады. Солтүстік Қазақстан облыстық Кәсіпкерлер палатасына қайырылып, мемлекеттік көмек алуға өтініш береді.
«Өз ісімді алдымен нан мен тоқаш пісіруден бастаған мен көп ұзамай кондитерлік өнімдердің бірнеше түрін жасауды үйреніп алдым. Сатып алушыларым да көбейіп, олар маған алдын ала кезекке жазылатын болды. Тапсырыс береушілердің қатары күннен-күнге артты. Бұл жағдай мені қанаттандырып, қолдан жасаған өнімдерім бұдан да тәтті, бұдан да сапалы болуы үшін шеберлігімді шыңдай түстім», дейді Рысхан.
Кәсіпкерлер палатасы Рысханның өтінішін жерге тастамайды. Бөлім бастығы Әсел Самаратова мен менеджер Дмитрий Шледовиц бизнес-жоспар жасауға көмектесіп, өзі тұратын Қызылжар аудандық мансап орталығынан 1,5 млн теңге грант алуға қол жеткізеді. Бұл қаражатқа Рысхан алдымен ас пісірушіге қажетті миксер, блендер, тоңазытқыш секілді жабдықтар сатып алады. Бұрын қамырды қолмен илеп келген келіншек енді электр нан илегіштің көмегімен сапалы қамыр дайындап алатын болды.
Қазір «Caramel» аспаздық-кафетериінің өнімдері түрлене түскен. Тұрғындар бұл жерден тәтті самса, чебурек, кондитерлік өнімдер, ыстық тамақ пен салаттарды таласа-тармаса алады. Ал Рысханның өзі буы бұрқыраған ас дайындайтын бөлмеде маңдай терін сүртіп қойып, талмай еңбек етіп жатады.
Бүгінде ол өз өнімдерін Петропавл қаласының дүкендері мен дәмханаларына да сатуды көздеп отыр. «Кәсіпті қолыңа алып, ерінбей еңбек етсең, еш қиындығы жоқ екен. Міне, аз уақытың ішінде кәсіпкер болып шыға келдік. Өзімнің тұрақты алушыларым да қалыптасты», деп жымияды ол.
Солтүстік Қазақстан облысы