Полковник Жәмкенов
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:11
Ол бірнеше жыл Қазақстан КП Орталық Комитетінің «Қазақстан коммунисі» журналында, республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аппаратында жауапты қызметтерде болды. Қызметін айрықша атқарғаны үшін, еліне сіңірген еңбегі ретінде «Қазақстан прокуратурасының озаты», «Қазақстанның мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі» атақтарына ие болып, бірнеше медальдарды кеудесіне тақты.
Сенбі, 8 желтоқсан 2012 7:11
Ол бірнеше жыл Қазақстан КП Орталық Комитетінің «Қазақстан коммунисі» журналында, республика Жоғарғы Кеңесі Төралқасының аппаратында жауапты қызметтерде болды. Қызметін айрықша атқарғаны үшін, еліне сіңірген еңбегі ретінде «Қазақстан прокуратурасының озаты», «Қазақстанның мәдениет қайраткері», «Қазақстанның құрметті журналисі» атақтарына ие болып, бірнеше медальдарды кеудесіне тақты. Мұндай құрметтің иесі еліміздегі барлық құқық қорғау органдарының қызметін үйлестіретін, олардан заңдылықтың қатаң сақталуын талап ететін, сөйтіп, ең басты мәселе – халықтың құқының қорғалуын қадағалайтын прокуратура органдарының ашықтығы мен жариялылығын алғаш қамтамасыз еткен жанның бірі аға әділет кеңесшісі Сәулебек Жәмкенұлы. Осы орайда, біз Баукеңнің өнегесін пір тұтып, оның отансүйгіштік қасиетін арқау етіп келе жатқан журналист-жазушы, бірнеше кітаптың авторы, заңгер, полковник әріптесімізге жолығып, сұхбаттасқан едік.
– Сәулебек Жәмкенұлы! Сіздің кезінде еліміздің Бас прокуратурасының тұңғыш ресми баспасөз хатшысы болғаныңызды жақында естіп, білдік.Алайда, сізге дейін де Бас прокуратурада баспасөз қызметі болды емес пе?
– Ресми құжат бойынша еліміздің құзырлы органы – Бас прокуратураның ресми баспасөз қызметі 2003 жылы желтоқсан айында ғана ашылды. Дұрыс айтасыз, сонда осы уақытқа дейін Бас прокуратурада баспасөз қызметі болмаған ба деген заңды сұрақ туындайтыны анық. Бірақ, бұл онда баспасөз қызметі мүлде жүргізілмеді деген сөз емес. Өйткені, маған дейін мұнда елге танымал, қаламы қарымды журналистер Н.Муфтах, К.Әмірбеков және Б.Ережепов секілді түрлі жанрда қалам тартқан адамдардың қызмет атқарғаны белгілі. Алайда, бұлардың бәрі, жасыратыны жоқ, аттестатталмаған, яғни сол міндетті уақытша маман ретінде атқарғандар. Бірақ, прокуратураның қадағалау қызметінің аясы өте кең болғандықтан заңдылықтың сақталуы барысында ол араласпайтын сала да жоқ еді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы халқымыздың өскелең талаптарына сай құзырлы органның құқықтық қызметін көрсету маңызы зор мәселеге айналды. Содан Жоғарғы Соттың баспасөз қызметінде жүрген мені 2003 жылы сол кездегі Бас прокурор Р.Түсіпбеков жұмысқа шақырып, өзінің бұйрығымен Бас прокуратураның хатшылығы құрамында баспасөз қызметін ашып, оның басшысы ретінде мені тағайындап, аға прокурор етіп бекітті. Одан бергісі белгілі, оқалы киім киген соң темірдей тәртіпке бас иіп, уақытпен санаспай еңбек еттік.
– Осыған орай сізді кейінгі жас тілшілер толқыны да екі тілшілер қосынын, екі баспасөз қызметін құрып, негізін салған қайраткер журналист әрі ерек баспасөз хатшысы ретінде құрмет тұтады. Дегенмен, бұл еңбектеріңіз тасада қалған жоқ деп ойламайсыз ба?
– Жоқ, ондайдан аулақпын. Әйтсе де, еңбектің елеусіз қалмағанының өзі қашанда үлкен мәртебе ғой. Сонау жылдары ауылдан коммунист болып аттанып, КазГУ-ге журфакқа оқуға түсіп, оны бітірген соң менің журналистика баспалдағындағы академияма айналған «Қазақстан коммунисі» журналына орналастым. Сонда жүргенде атақты Қалтай Мұхаметжанов ағамыз Қазақстанда ашылған алғашқы халықаралық «Заман – Қазақстан» газетіне шақырды. Осы басылым үшін Оңтүстік облыстардың тілшілер қосынын құрдым. Екінші, 1998 жылы қазіргі Астанаға келдік. Осында «Қазақпарат» агенттігінің тілшілер қосынын құрып, басшылық еттім. Содан Ақмоланың ақ түтек бораны мен сүйектен өтетін аязына шыдап, тұрмыстық қолайсыздық пен қаржылық тапшылыққа көндігіп, болашаққа деген сенімнің арқасында жүргенде, бір күні Жоғарғы Соттың төрағасы М.Нәрікбаев шақырды. Мұның алдында мұнда Шәкизада Құттыаяқов келген болатын. Бірақ оны арамыздан ажал ерте алып кетті. Содан сол Шәкизаданың көзі тірі уақытында қалдырып кеткен ұсынысы бойынша Жоғарғы Сотқа қабылданып, онда баспасөз қызметін ашып, жандандыруға және бірнеше кітапты құрастыруға бар күш-қайратымды жұмсадым. Осында жүріп біраз тәжірибе жинаған соң, жоғарыда айтқанымдай, Бас прокуратураға ауыстым.
– Өзіңіз бірқатар шетел жазушыларының көркем шығармаларын ана тілімізге тәржімелеуге де атсалысқан екенсіз. Жалпы, аса жауаптылықты талап ететін тәржіме саласына қалай келдіңіз?
– Бұған студент кезіндегі диплом жұмысым әсер етті десем, артық айтқандық емес. Жетекшім З.Тұрарбековтің ақылымен «Алтынға айырбастамас асылымыз» деген тақырыппен марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларының қазақ тіліне аударылу жәйін алдым. Әрине, қазіргі ұрпақ үшін түсініксіз де түйсіксіз өткен оқиға болып көрінер, бірақ сол кез үшін бұл тақырыптың төресі еді. Сондықтан айрықша сақтық пен көп ізденісті талап ететін. Енді шынымды айтайын, одан мені бір кітап құтқарды. Ол Құрманбек Сағындықовтың «Көсемнің асыл мұрасы» деген еңбегі. Бұл жай кітап емес, аударма жөнінде жазылған тұтас бір трактат, сарқылмас қазына дерсіз. Сөйтіп, тәржіме ғылымының тұңғыш рет сонда дәмін таттым. Аударманың не екенін түйсініп, жан дүниеммен сезініп, білек сыбана кірістім. Сөйтіп, тәржіме менің өмірлік серігіме айналды. Кейін келе Моңғолия Жазушылар одағының хатшысы Доржигин Гарманың «Ақбұлақ» романын және ұжымдық «Кавказ хикаялары» жинағын орыс тілінен ана тілімізге сөйлеттім.
– Жалпы, журналистер үшін құқық қорғау органдарында, әсіресе, прокуратура саласында қоян-қолтық жұмыс істеп, бар шындықты шымырлата көрсету оңайға соға бермейді. Оның үстіне сіз дайындаған «Қазақстан Республикасының прокуратурасы» атты қомақты дүние де бар екен.
– Иә, Жоғарғы Сотта немесе Бас прокуратурада болсын баспасөз хатшысы ретінде көп жұмыс тындыруға тура келді. Әсіресе, мына өзіңіз атаған кітапты шығару барысы есте қалды. Бұл кезде прокуратураның 80 жылдығына қызу әзірлік науқаны басталған. Басшылық журналистердің прокурорлармен бірге қолтықтаса қызмет етуін қаласа да, қызметкерлер арасында «осылардың қолынан не келеді» деп сенімсіздікпен қарағандары көп болды. Ал бұл күдікті сейілту әрі журналистерге деген қатып, семіп қалған пікірді өзгерту үшін жатып-тұрмай аянбай жұмыс істеу керек. Дәп соны біреу білгендей, маған тез арада «Қазақстан Респбуликасының прокуратурасы» атты кітап дайындау жүктелді. Бұл енді нағыз ғылыми еңбекке пара-пар дүние еді десек те артық айтқандық емес. Өйткені, мұнда сонау алғашқы прокурорлардан бастап, күні бүгінге дейінгі барлық 22 басшының суреті, өмір тарихы, сол кезеңдерде атқарылған жұмыстар, әр облыстар прокуратурасының тарихы, бір сөзбен айтқанда, атына заты сай Қазақстан прокуратурасының шежіресі жасалды. Осындай құнды деректерді аз уақыттың ішінде жалғыз өзім жинап, талдап, реттеп, аударатынын аударып, жазатынын жазып шықтым.
Содан бәрін дайындап болған соң «Өнер» баспасының директоры Ә.Көпішевке алып бардым. Әшекең қалың қолжазбаны айналдыра қарап: «Япыр-ай, мына дүниені әзірлеу үшін жиырма шақты адам күні-түні жұмылған шығарсыздар», дейді. «Жоқ, Әшеке, жалғыз өзім дайындадым», десем, ол кісі таң қалып, басын шайқады. Сөйтіп, тынымсыз еңбектің нәтижесін яғни дайын электронды нұсқасын баспаға тапсырған соң арқамнан ауыр жүк түскендей, жеңілдеп қалдым. Енді бір аптадан соң әлгі кітапты басшылыққа көрсетуім керек. Содан уақыт таяғанда баспаға барсам, абыр-сабыр. Әшекеңнен бастап бәрінің қабақтары салыңқы, төмен қарайды. Сөйтсем, әлгі бірнеше күн дамыл таппай ізденіп, ұйықтамай жазып шыққан дүниелерімнің электронды нұсқасы жоғалып кетіпті. Бас компьютердің жады сақтағышы істен шыққан. Енді қайттік, өзімде де көшірмесі қалмапты. Ал бір аптадан кейін жаңа кітапты жұртқа жарқыратып таратуымыз керек, енді оған бір тәулікте 24 сағат емес, 36 сағат еңбек етсем де үлгеру мүмкін емес. Көз алдыма осы жұмысты маған ғана сеніп тапсырған басшылықтың жүздері елестегенде естен тандым. Инфаркт соқты. Ауруханада ес жидым. Дәрігерлер қыбыр етуге болмайды дейді. Оған қарайтын мен бе, өлейін, тірілейін бір аптада кітапты қайта қалпына келтіру керек екендігін түсіндім. Қолхат жазып шығып кеттім.
– Содан не болды?
– Не болсын, Құдайға қараған адамбыз ғой, мықты журналист «Заң және Заман» журналының редакторы Самат Ибрагимовті кезіктіріп, екеуміз бес күннің ішінде бәрін қайтадан қалпына келтірдік. Баспадан шығарып, сол кезде Бас прокурордың бірінші орынбасары болып қызмет істейтін Оңалсын Жұмабековке әкеп бердім. Сондағы басшылықтың риза болғанын көрсеңіз. Подполковник шенін сол кезде алдым. Аға әділет кеңесшісі атандым.
– Толқыннан толқын туады дегендей, сіздің осындай келелі жетістіктерге жетуіңізге, өмір баспалдақтарымен жоғары өрлеуіңізге әсер еткен адамдар қатары да аз болмаған шығар. Ол орта туралы не дейсіз?
– Иә, бұл орта туралы мен біраз лебізімді «Тулайды өмір толқыны» атты кітабымда да жаздым. Соның ішінде достарым: Жүрсін Ерманов, Жанболат Аупбаев, Тұрсын Жұртбаев, Намазалы Омашев, Несіпбек Айтұлы, Қайрат Байбосынов және өмір толқынын тулатқан ұстаздарым Құрманбек Сағындықов, Құрманбек Әбілдаев, Рашид Түсіпбеков, Оңалсын Жұмабеков, Мақсұт Нәрікбаев және тағы басқа өмірдің тар соқпағында қолтығымнан демеу жасағандарын нағыз адамдардың бір-біріне деген адамгершілігі мен ізгілікті қасиеттері деп түсінемін.
– Отбасыңыз туралы да аз-кем айтып өтсеңіз.
– Тулаған өмір толқындарында қайығымның бір қирамай жүзіп келе жатқанының құпиясы Шолпан атты жан жарымның қырық жыл бойғы маған деген шексіз махаббатының арқасы шығар деп ойлаймын. Екі ұл, бір қызым өмірден өз орындарын тапты. Қазір күнде алдымнан аталап шауып шығатын сегіз немеремді айналдыра аймалап, бақыттың кемесінде олармен бірге өзім де әлдиге бөленіп, тербелемін.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан».