14 Желтоқсан, 2012

Тарихшының тағдыры

1051 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Тарихшының тағдыры

Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:21

Кеңестік дәуірде ірі саяси қуғын-сүр­гінге ұшыраған Қазақстанның ғылымы небір жарқын тұлғаларынан айырылды. Осылай Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшыларының алғашқы буынының, атап айтқанда, С.Асфендияров, Т.Рыс­құ­лов, Ғ.Тоғжанов, П.Г.Галузо және т.б. атылды. Бұлардың ішінде Карлагта жү­­ріп кездейсоқ аман қалғаны – П.Г.Галузо ғана еді. Олардың орнына екінші буын – Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Одесса, Во­­ронеж, Алматы және т.б. Кеңес Ода­ғының ірі қалаларында жоғары тарихи білім алған кәсіби маман жастар келе бас­тады.

Жұма, 14 желтоқсан 2012 7:21

Кеңестік дәуірде ірі саяси қуғын-сүр­гінге ұшыраған Қазақстанның ғылымы небір жарқын тұлғаларынан айырылды. Осылай Қазақстанның кеңес дәуіріндегі тарихшыларының алғашқы буынының, атап айтқанда, С.Асфендияров, Т.Рыс­құ­лов, Ғ.Тоғжанов, П.Г.Галузо және т.б. атылды. Бұлардың ішінде Карлагта жү­­ріп кездейсоқ аман қалғаны – П.Г.Галузо ғана еді. Олардың орнына екінші буын – Мәскеу, Ленинград, Ташкент, Одесса, Во­­ронеж, Алматы және т.б. Кеңес Ода­ғының ірі қалаларында жоғары тарихи білім алған кәсіби маман жастар келе бас­тады. Олар: екінші дүниежүзілік соғыс және соғыстан кейінгі кезеңдерде Қазақ­стан тарихы ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан Ә.Х.Марғұлан, А.Н.Нү­сіп­бе­ков, Е.Б.Бекмаханов, Х.М.Әділгереев, Т.Е.Еле­уов, Ә.Б.Тұрсынбаев, Г.Ф. Дах­шлей­­­гер еді. Осы Кеңес дәуірі кезеңіндегі Қазақ­­­­­­­стан­ның екінші буын ішіндегі ірі тарих­шы­­­ла­ры­ның бірі – Қазақ КСР ҒА кор­рес­пон­­­­дент-мүшесі, тарих ғылымдары­ның док­торы, профессор, Ш.Ш.Уәли­ха­нов атын­­дағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ХVIII-ХХ ғ.ғ. Қазақстан тарихының көр­­­нек­ті зерттеушісі Бегежан Сүлейменов болатын.

история-1Бегежан Сүлейменов тарих ғылымы саласына 1930 жылдардың аяғында Карл Либкнехт атындағы, кейіннен Ленин есі­мін алған Мәскеу мемлекеттік педагоги­калық институтының тарих факультетін үздік аяқтағаннан кейін келді. Ол В.В.Струве, С.Ф. Ольденбург, С.В. Тарле, Б.Д. Греков, С.В. Бахрушин, А.М. Панкратова, Н.М.Дружинин секілді атақты және білгір, тәжірибесі мол ғалымдардан дәріс алды.
Бегежан Сүлейменов 1912 жылдың 12 желтоқсанында Торғай облысы Ақтөбе уезі Шалқар болысының №13 ауылында дүниеге келген. Осы арада айта кететін бір жайт, оның жақын туысы, Шымкент педа­гогикалық институтының бұрынғы ректоры Байзақ Ермекбаев 1982 жылы (ол уақытта өзі 75 жаста болатын), Б.Сүлей­меновтің 70 жылдығына орай, маған: «Біз құрдас едік, Бекең, итжеккеннен кейін, байқауымша, 5 жылға жасарып кетіпті ғой», – дегені бар. Бегежан Сүлейменовтің бес жасында әкеден жетім қалғанын айт­сақ, балалық шағының жеңіл болмағанын аңғарамыз. Әкесі би Нияз­дың баласы еді. Нияз Кіші жүз қазақтарының ішіндегі беделді кісі болған, ол Хиуа хандығының Арал маңындағы қазақ жерлерін жаулап алуына қарсылық көрсеткен, Орынбор генерал-губерна­тор­лы­ғымен тығыз байланыс жасаған. Бұл жайды атақты қазақ тарихшысы Ермұхан Бекмаханов анықтаған. Бегежан ағаның өзі де шекті руындағы көтерілістерді бас­қар­ған Көтібар батыр­дың туысқаны – жиені (анасы жағынан) екенін мақтанышпен айтып отыратын. Сүлеймен мен зайыбы Нәбираның тоғыз баласы болған. Күйеуі қайтыс болғаннан кейін туыстары Нәбира Жиенқұлқызын әмеңгерлік жолмен басқа адамға қоспақ болады. Бірақ, жесір қалған әйел оған көнбейді. Сол үшін жауыздар оны 1920 жылы тоғыз баласының көз алдында асау аттың құйрығына байлап өлті­реді. Беге­жанның қайсар болып өсуіне, бірбеткей, өжет, мәмілеге келуі қиын, а­дуын болып қалыптасуына осындай жағ­дайлар әсер еткен шығар, ол өзіне өте сенімді, қандай да болмасын әділетсіздікке шыдай алмайтын, кейбіреудің шен-шекпеніне қарамай, атылып қарсы шыға келетін еді.
Бегежан анасы қайтыс болғаннан кейін  ауылынан кетіп, жақын жердегі өз ортасында білімді саналатын мұғалім – Мү­ба­рак Низамуддиновтің бастауыш мек­тебіне түседі. Содан кейін Шалқар ауданы орта­лығындағы жетіжылдық мектепте оқиды, оны бітірген соң, 1929 жылы Алматыға келіп, Орталық еңбек институтының құры­лыс кешенінде ұста, аға жұмысшы, өндіріс меңгерушісі, Құрылыс кооперациясы өлке­лік кеңесі ұйымдастырушылық бюросы төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. Осылай жұмыстан қол үзбей жүріп, жұмысшылар факультетінің кешкі бөлімінде, техникумның дайындау тобында, ЖОО дайындау курстарында оқиды. Сөйтіп, өзінің табандылығының арқасын­да білімін жетілдіріп, 1937 жылы Кеңес Одағына әйгілі Либкнехт атындағы Мәскеу мемлекеттік педагогика­лық институтына оқуға түседі.
Осында белгілі тарихшы-профессор­лар­дың дәрістерін тыңдап, семинар сабақ­тарына қатысып, Ленин атындағы кітап­ханада жабылғанша отыратын, ресейлік ғалымдардың Қазақстан мен Орта Азия бойынша тарихи, географиялық және этнографиялық еңбектерін мұқият оқитын. Ол, әсіресе, Ресей империясы езгісіндегі халықтардың ортағасырлық дәуірі мен отарлық шағын, олардың әлеуметтік-эко­номикалық дамуын, шаруашылық өмірін, тұрмысын, мәдениетін, ұлттық салт-дәс­түрлерін зерттеуге көп көңіл бөлді. Профессор Фаворский өзінің шәкірті Бегежан Сүлейменовке берген мінездемесінде: оның ХІХ ғасырдағы халық­тардың тарихнамасы бойынша терең білім­дерін, тарихи оқиғаларды жан-жақты және объективті түрде талдай білетіндігін айрық­ша атап, оны аспирантураға ұсынды.
Бегежан аға өзінің ғылыми-педагоги­калық қызметін 1938 жылы Қазақстанның тұңғыш жоғары оқу орны – Абай атын­дағы Қазақ педагогикалық институтында аға оқытушылықтан бастайды. Мұнда ол Мәскеуден Ресей Федерациясы мен Қазақ КСР-нің Білім беру министрліктерінің жол­дамасымен келген еді. Оны бірден инс­титуттың ғылыми кеңесінің мүше­лігі­не сайлады. Ол осылайша ұстаздық және қоғамдық жұмыстарға бірден белсене араласып кетті. Әлкей Хақанұлы Марғұлан зерттеу жүргізетін ғылыми бағыттарды, әсіресе, оның партиялық тарихшылардың негізсіз және біржақты сынына ұшыраған «Едіге тарих пен аңыздарда» (1944 ж.) кітабын қызу қолдады.
Бегежан аға Абай атындағы ҚазПИ-дің доценті бола жүріп, 1942-1943 жылдары 1941 жылы ашылған Шетел тілдері инс­титутының директоры қызметін де атқар­ды. Қысқа уақыт ішінде институттың материалдық-техникалық негізінің, про­фес­сорлық-оқытушылық құрамының өсуі мен нығаюына, оқу үрдісінің жақсаруына, жалпы білім беретін мектептер мен жо­ғары оқу орындарына жетіспей жатқан бо­лашақ шетел тілдері оқытушыларын тәр­­биелеуге көп күш-жігер жұмсады. Жа­ңа кафедралар, оның ішінде француз тілі кафедрасы ашылды, шетел тілдері оқы­ту­шыларының саны, соның ішінде француз тілі бойынша екі есе өсті, шетел тілдерін оқыту әдістемесі бойынша жаңа кабинеттер жасақталды. Әсіресе, қазақ жастарын қабылдау мен оқытуға көп көңіл бөлді.
1943 жылдың қараша айында Бегежан ағаны жақсы білетін КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының басшысы Қ.И.Сәтбаев оны Тіл, әдебиет және тарих институтына директордың орынбасары қызметіне шақырады. Бұл жерде ол 1945 жылға дейін, институт екі ғылыми мекемеге: Тіл және әдебиет институты және Тарих, археология және этнография институты болып бөлінгенге дейін жұмыс істеді. Жаңа құрылған институтта Бегежан аға революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімін басқарды. Біраз уақыт Қазақ КСР Ғылым академиясы Қоғамдық ғылымдар бөлімінің ғалым-хатшысы болды.
Бегежан аға 1945 жылдың сәуір айында «Қазақстандағы 1867-1868 жылдардағы реформалар» деген тақырыпта кан­ди­дат­тық диссертация қорғады. Оны тарих ғы­лымдарының докторы Д.Пакуль, кандидаттар А.Попов, Ә.Х.Марғұлан, Е.Бек­­маха­нов­тар қолдады. 1954 жылы Сібірден қамаудан босап келгеннен кейін Бегежан аға өмірінің соңына дейін Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтында істеді, негізінен революцияға дейінгі Қазақстан тарихы бөлімін бас­қарды.
Осы арада сәл шегініс жасап, 1940 жылдың басында – Мәскеу мен Қазақ­станда, тарихшылар мен әдебиетшілер ара­сында орын алған айтыс-тартысқа тоқ­тала кетуді жөн көріп отырмын. Осы пікірталасқа 1943 жылы Алматыда жарық көрген «Қазақ ССР тарихы. Ерте заманнан осы күнге дейін» деген еңбек май құй­ған­дай болды. Бұл еңбекті соғыс жылдарында Мәскеу мен Ленинградтан келген та­рих­шылар (А.М.Панкратова, М.П.Вят­кин, Н.М.Дружинин, Я.Я.Зутис, А.П.Кучкин және т.б.) мен қазақ оқы­мыс­тылары да­йын­даған-ды. Еңбек Сталиндік сыйлыққа ұсынылған кезде, дау-дамай шығып, пікір­талас кеңи түсті. КСРО Ғы­лым академия­сының корреспондент-мү­шесі А.И. Яков­­лев, докторлар А.В.Ефимов, С.К.Бушуев және тағы басқа орыс тарихшылары осы ең­бектің Ермұхан Бекмаханов жазған «Кенесары Қасымов басқарған ұлт азаттық көтерілісі (1837-1947 ж.ж.)» бөлі­мін негіз­сіз сынға алды. Олар Ресей импе­рия­сының Орта Азия мен Қазақ­стан­дағы отарлау саясатын ақтап, оны қорғану, заңды және прогрессивті түрде жүрген деп санады. «Қазақ ССР тарихы» авторларын Ресей империясының саясатына ғана емес, орыс халқына да қарсы, деп кінәлады.
Осы айтыс-тартыстан Бегежан Сүлей­менов те шет қалған жоқ. Ол Е. Бекма­хановтың «Казахстан в 20-40-годы ХІХ века» кітабы бойынша, Қазақ КСР Ғылым академиясында 1948 жылғы шілде айында өткізілген пікірталаста ұзақ сөз сөйледі.
Біз Б.Сүлейменовті Е.Бекмахановтың кітабын «топас және ұятсыз қаралаған» Т.Шойынбаев, Х.Г.Ай­­да­ро­­ва, М.В. Жиз­нев­­­­ский, А.Нұрқанов, М.Б. Ақын­жанов және т.б. тобына жатқызуға болмайды деп есеп­тейміз. Дара тұлға – Бегежан Сүлейменов бұл мәселеде де айрықша тұрды, өзінің ерекше орны болды. Сонымен қатар, Бегежан Сүлейменов жоғарыда көрсетілген ғалымдардың көп­ші­лігімен дүрдараз, тіпті дұшпандық қа­рым-қат­ы­наста болатын. Осыған байланысты, «Қазақстан тарихы мәселе­лерін маркстік-лениндік тұрғыда қарас­тыру үшін» мақа­ласынан кейін (Прав­да, 1950 ж. 26 жел­тоқсан), сонымен қоса буржуазиялық ұлт­шылдарды «әшке­релеу» науқаны Қазақ­станда кеңінен етек алған соң, Бегежан Сүлейменов аса күр­делі және ауыр жағ­дайларға душар болды. Кенесары Қа­сым­ұлы қозғалысы бойынша 1940 жылдардан созылып келе жатқан пікір-таластардың қаншалықты қатаң қуғын-сүргіндер әкелуі мүмкін екенін сезген ол өз ұстанымдарын өзгерте бастайды. Қазақ КСР Жоғарғы соты коллегиясы 1952 жылғы 17 шілдедегі қаулысында: «Егер 1948 жылы (Бегежан Сүлейменов) Кенесары Қасымовтың феодалдық-монархиялық көтерілісін ұлт­шылдық түрінде бағаласа, 1951-1952 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясындағы ғылыми талқылаулар барысында ашық түрде қарама-қарсы көз­қарасты қабыл­дады», – деп көрсетіл­ген. Бұдан бөлек ол қазақ әдебиетінің классигі Мұхтар Әуе­зовті, ірі абайтанушылар Ә.М.Жиреншин мен Қ.М. Мұха­мед­­ха­нов­ты белсенді түр­де қорғады. Атап айт­қанда, 1951 жылғы 7 сәуірде Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институты мен Тіл және әдебиет инсти­тутының Біріккен Ғылыми кеңе­сін­де, Қ.Жұма­ли­ев­тің М.Әуезовке жасаған айыптауларына жауап ретінде, ол: «Абайтану мәсе­леле­рін­де Мұхтар Әуезов жаңа­лық енгізуші болып табылады және өзінің соңғы туындыларында маркстік ұстаным­да тұр. М.Әуе­зовтің үл­кен еңбегі сол, ол берік позицияға көте­ріл­ді және біз ол туралы соңғы жұмыс­та­ры бойынша шешім шығаруымыз қажет»,  деп атап өтті.
Айрықша атап өтетін бір мәселе, 1940 жылдың соңы 1950 жылдың басындағы Қазақстан ғалымдарын қудалау оқшау құ­былыс болған жоқ. Бұл Кеңес Одағы Компартиясының өзгерген ұлттық саяса­ты­ның құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл кезде пролетарлық интернационализм идеялары орнына ұлыдержавалық-шови­нистік көзқарастар келді, орыс халқы мадақталып, ол «Ұлы Руське», Кеңес Одағының басқа тең халықтары арасында басты халыққа айналды, Иван Грозный, Петр І, Екатерина ІІ, басқа да орыс патшалары, сонымен қатар, Александр Невский, Дмитрий Донской, Александр Суворов, Михаил Кутузов және Ресейдің басқа да қолбасшылары мен әскербасылары дәріп­телді. Кавказ, Татарстан, Башқұртстан және басқа да жаулап алынған және езгіге түскен халықтардың царизмге, оның отарлық саясатына және самодержавиені жақтаған жергілікті қанаушыларға қарсы ұлт-азаттық сипаттағы бас көтерулері қайта қаралды, ал осы бағыттағы ғалым­дар қудалауға ұшырады: Сталиндік сый­лық алған Шәміл туралы монографияның авторы – әзербайжан тарихшысы Гейдар Гусейнов асылып өлді, ал татар және башқұрт ғалымдары Едіге үшін жапа шекті. 1952 жылдың жазында саяси ре­прессиялардың аяусыз тетігі іске қосы­лып, оған тек тарихшылар Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов және басқалары ғана емес, Қазақ КСР Ғылым академиясының пре­зиденті Қ.И.Сәтбаев, жазушы-ғалымдар М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмаилов, Қ.Жұ­малиев және басқалары да душар болды. 1952 жылғы 17 шілдеде ҰҚК Б.Сү­лей­ме­новті, ал 5 қыркүйекте Е.Бекмахановты тұтқындады.
Сібір лагерлерінде қазақтың аса ірі екі тарихшысы, бір-бірін қолдап жүрді. Ерік күші мықты Бегежан ағаға өзі­нің адал жары – Лидия Александровна Ва­ганованың қайғылы қазасына (ғалым­ның жары этаппен Новосибирскіден өтіп бара жатқан күйеуімен тілдесуге күзет­шілер рұқсат бермегені үшін, пойыз астына түсіп қаза тапқан еді) қарамастан, жұмсақ мінез­ді әрі өкпе дімкәсі бар Ермахан Бекмахановты өз қамқорлығына алуына тура келді. Осы туралы олар босанып шық­қан­нан соң да көпке дейін айтып жүрді. Ке­­­йіннен, бостандықта олар ғылыми салада мүдде­лес болды, жиі кездесіп тұрды. Е.Бек­маханов Б.Сүлейменовтің докторлық дис­сертациясы оппоненттерінің бірі болды.
Бегежан ағаның көпжылдық жемісті ғылыми қызметі ХVІІІ-ХХ ғ.ғ. басындағы Қазақстан тарихының өзекті мәселелерін зерттеумен тікелей байланысты болды. Оның еңбектері бүгінгі таңда да өзінің ғылыми құндылығын жойған жоқ. Қазір­дің өзінде жас ғалымдар мен студенттер оның еңбектерін қызығып оқып, зерттеуде.
Әрине, бір партиялы жүйе мен идеоло­гия­лық кіріптарлық ортасында өмір сүр­ген, саяси цензура шеңберінен шыға алма­ған Б.Сүлейменов революцияға дейінгі Қазақстан тарихының көптеген мәселе­лерін ашып айта алған жоқ. Дегенмен де, оның еңбектерінде «Казақстанның Ресейге қосылуының прогрессивтілігі» деп аталатын пікірге қатысты батыл көзқарастары және ұстанымдары кездеседі. Сонымен қатар, бұл мәселе Алаш қозғалысының көшбасшыларының бірі, Санкт-Петербург университеті заң факультетінің түлегі Жа­қып мырза Ақбаев, белгілі шығыстанушы Әбубәкір Диваевтар жайында сол кезде зерттеу жазу қауіпті де еді.
Революцияға дейінгі Қазақстан тари­хының белгілі зерттеушісі Бегежан аға оқиғаларға толы бұл дәуірдің аса ірі деректанушы және тарихнамашыларының бірі ретінде танылды. Ол Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Кеңес Одағының басқа да ірі мұрағаттары мен кітапханаларында атал­мыш кезең бойынша жаңа деректерді тауып, өз басшылығымен «Восстание 1916 года в Казахстане». – Алма-Ата, 1947. – 213 б., «Революция 1905-1907 г.г. в Казахстане». – Алма-Ата, 1949. – 252 б., «Рабочее и аграрное движение в Казахстане (1907-1914 г.г.)». – Алма-Ата, 1957. – 566 б. атты және т.б. материалдар мен құжаттар негізінде ғылыми мәні зор жинақтар жариялады.
Бегежан аға бес томдық «Қазақ КСР тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін» атты үлкен еңбектің Бас редколле­гиясы­ның мүшесі болды, оның үшінші томының жартысына жуығын жеке өзі жазды. Бұл еңбек заңды түрде Қазақ КСР Мемлекеттік сый­­­­­лығын алды. Бір өкініштісі, әртүрлі пен­де­­шілік (субъективтік) себептермен Бегежан аға сыйлық иегерлері арасында болмады.
Тағдырдың осындай және басқадай талай тәлкегін көріп, шыңдалған Бегежан аға бұл кезде ХIХ-ХХ ғасырдың басын­дағы Қазақстан тарихы бойынша ірі ға­лым, кәсіби маман болған еді, оны Қазақ­стан түгіл, бүкіл Орта Азия, Кеңес Ода­ғы­ның басқа ұлт республикалары да, Мәскеу мен Ленинград та мойындаған, беделі күшті оқымысты тарихшы болатын. Ол жаңа отбасын құрды, бір ұл (Жәнібек – аты­на көңіл аударыңыз) мен екі қыз (Ақ­жанна мен Жанар) сүйді. Қазір Бек аға­мыз­дың зайыбы – Қазима Жағы­фар­қызы ғалымның қара шаңырағының түтін­ін түзу шығарып, немерелерін тәрбиелеп отыр.
Сөз соңында айтарымыз, біз Бегежан Сүлейменұлының Қазақстан тарих ғылы­мына қосқан зор үлесін жоғары бағалай­мыз, жарқын бейнесі – аруағы алдында бас иіп, тағзым етеміз. Егемен Қазақ­станда тарих ғылымының дамуына кең мүмкіндіктер ашылғанын пайдаланып, Бегежан Сүлейменұлы зерттеген ғылыми бағыттарды одан әрі қарай тереңдетіп дамуға күш саламыз.

Мәлікайдар АСЫЛБЕК, 
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.