27 Желтоқсан, 2012

Сағынов тағылымы

834 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Сағынов тағылымы

Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:25

Қай елдің болсын дамуы, өркениеттілігі, әлем елдері қатарынан орын алуы оның ұлттық білім беру жүйесінің даму деңгейіне тікелей байланысты. Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап жүретін ұстаздар қауымы, олардың озық ұйымдастырушылары әр заманда болған. Солардың бірегейі ұзақ жылдар Қарағанды политехникалық институтын басқарған ҚР ҰҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағынұлы Сағынов еді десек, қателеспейміз.

 

Бейсенбі, 27 желтоқсан 2012 7:25

Қай елдің болсын дамуы, өркениеттілігі, әлем елдері қатарынан орын алуы оның ұлттық білім беру жүйесінің даму деңгейіне тікелей байланысты. Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап жүретін ұстаздар қауымы, олардың озық ұйымдастырушылары әр заманда болған. Солардың бірегейі ұзақ жылдар Қарағанды политехникалық институтын басқарған ҚР ҰҒА академигі, Социалистік Еңбек Ері Әбілқас Сағынұлы Сағынов еді десек, қателеспейміз.

Ол ұзақ ғұмырында Қазақстан білім мен ғылым саласын дамытуға, көмір өндірісін өркендетуге зор үлес қосқан азамат.
Адамның жаратылыс-болмысы туып-өскен топырағына байланыс­ты деген қағиданы Әбекеңдей адам­дардың өмірі толық айғақтайды. Ол Сарыарқаның киелі Баянтау баурайында 1915 жылдың желтоқсан айында дүниеге келген. Бала кезінен сол аймақтың табиғи сұлулығы мен тазалығын бойына сіңіріп өсті. 1924 жылы Сағыновтар отбасы аймақтың тағы бір сұлу өлкесі Қарқаралыға көшеді. Осында бір сатылы мектепті тәмамдап, 1928 жылдың күзінде педагогикалық техникумның төменгі дайындық бөліміне оқуға түседі. 1931-32 жылдары өндірісте электр жөн­деушісінің көмекшісі болып жұмыс істейді. Қоңырат руднигінде шахтамен бірінші рет танысып, Өспен кеніші шеберханасында моторист мамандығын игереді. Осыдан кейін келешекте кен инженері болу мақсаты жүрегіне орнайды. Сөйтіп, 1932 жылы Қарағанды кен техникумына оқуға түседі. Оны бітірген соң «Қарағандыкөмір» тресінің арнайы шешімімен Днепропетровск тау-кен институтына жіберілген бес адамның қатарында Украинаға оқуға аттанады.
Днепропетровск тау-кен институтын «Пайдалы қазбалар кенорындарын қазып өндіру» мамандығы бойынша1939 жылы үздік дипломмен бітіріп шыққаннан кейінгі еңбек пен ғылымдағы жолын Қарағанды көмір ошағын дамытуға, Қазақстанның басқа да толып жатқан жер қойнауы қазынасын игеріп, халық шаруашылығы игілігіне жаратуға арнайды.
Осы кезеңде жоғары техникалық білім алған алғашқы қазақ ин­же­нер­лерін күтіп тұрған істер көп еді. Олардың арасынан ерекше озық шығып, белсене жұмыс атқарып, ірі өндіріс мекемелерін басқарып жүрген инженерлер А.Д.Шортанбаев, Ф.Сер­ғазин, Ғ.Қосжанов, С.А.Әл­меновтердің қатарына Ә.Сағынов та қосылады.
Алғашқы еңбек жолын 1939 жыл­дың cәуірінен бөлім бастығы лауазымынан бастап жыл аяғына қарай №3-бис шахтасының бас инженері болып тағайындалады. Жас маман осы кезде шахтада көмір қабатын қазу үшін енгізіліп жатқан қуатты «Верхняя Марианна» жүйесін сынақтан өткізуге белсене қатысады. Жас инженердің терең білімі мен ұйымдастырушылық қабілетін шахта бастығынан трестің бас инженеріне дейінгі міндеттерді атқару кезі барынша ашады.
Оның ғылымға деген құштарлығы ерекше болатын. Сол себептен де ол Қазақстан тау-кен ғылымын дамытуға бар болмысымен аянбай атсалысты. Бұл саладағы еңбектері үлкен нәтиже берді. Ол екі мәрте ғылым мен техника саласындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Бірінші рет 1974 жылы (академик Ж. Ержанов және профессор Ю. Векслермен бірге) «Жер асты құрылыстарының беріктігі мен орнықтылығын есептеу мақсатында тау жыныстарының жылжуын және күйреуін зерттеу» атты жұмысына берілді. Ал, екінші рет (шәкірттерімен бірге) 1987 жылы «Қазақ КСР өнеркәсібінің кен өндіру және құрылыс өндірісі салаларына арналған гидравликалық соққылы мәшинелерін жасау және теориясын әзірлеу» деген еңбегіне алды.
Ұзақ мерзімді жүйелі жүргізген ғылыми зерттеулері негізінде Әбе­кеңнің жетекшілік етуімен 11 ғылым докторы және 50 ғылым кандидаты дайындалды. Кен орындарында пайдалы қазбалар өндіру технологиясы мен кешенді механикаландыру проблемаларын түбегейлі зерттейтін ғылыми кадрларды қалыптастырып, тау-кен саласындағы қазақстандық ғылыми мектептің негізін қалады.
Әбілқас Сағынұлы 1970 жылы Қазақстан Ғылым академиясының ака­демигі болып сайланды. 1995 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері атағын алуы да ғылым саласындағы ұзақ жылғы табанды еңбектерінің жемісі.
Академик Сағыновтың ғылыми зерттеулерінің қорытындысы 20 шақ­ты монографияларында, көптеген мақалаларында, оқулықтары мен оқу құралдарында, ғылыми баяндамаларында жинақталған. Бұлар шахталардағы еңбек өнімділігін арттыруға, экологиялық жағдайды жақсартуға, еңбек қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге және басқа мәселелерге арналған.
Осыдан 21 жыл бұрын Әбе­кеңнің тікелей басшылығымен ұйым­дастырылған Қазақстан Ұлттық Ғы­лым академиясының «Жер қойнауын кешенді игеру проблемалары» институты оның ғылыми идеяларын іске асыруда белсенді қызмет етіп келеді. Соңғы кезде институт ғалымдары Ор­талық Қазақстанның асыл металды шикізат қорларын, минералдарын және оларды қайта өңдеу проблемаларын кешенді геологиялық-технологиялық тұрғыдан зерттеумен айналысуда.
Айта кету керек, тау-кен ғылымы елімізде мықты дамыған салалардың біріне жатады. Кезінде академиктер А.А.Скочинский, А.Д.Шевяков, А.М.Терпигоров, А.С.Попов, Н.В. Мель­­­­­­никовтерді осы іске тарта білген Әбіл­қас Сағынов шын мәнінде оның негізін қалаған жан.
Әбекеңнің ұйымдастырушылық қабілетінің жаңа қырынан жарқыраған атын алысқа әйгілі еткен Қарағанды политехникалық институтын басқару кезі болды. Оның басшылығымен аталмыш оқу орны 10-15 жылдың ішінде Кеңес Одағындағы алдыңғы қатардағы білім ордасына айналды. 1976 жылы инженер кадрларын дайындау мен ғылыми зерттеулеріндегі үздік табыс­тары үшін институт Қазақстан жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.
Академик Сағыновтың бастама­шылығымен 1960 жылы институт жанынан тау-кен және металлург мамандықтары бойынша кандидаттық (кейіннен докторлық) диссертация қорғайтын кеңес ашылды. Әбекең ректорлық қызметін атқарып тұрған кезде онда 400-ден астам адам док­торлық және кандидаттық диссертация қорғалды. Бұл білім ошағына қатарынан 33 жыл жетекшілік етіп, Қазақстандағы өте беделді, жоғарғы деңгейдегі техникалық оқу ордасына айналдырды. Бүгінде 10 мыңға тарта студент оқитын техникалық университетте 200-ден астам магистрант, докторанттар ғылыми жұмыстар жүргізеді, 800-ге жуық оқытушылар мен 60-тан астам ғылым докторы сабақ береді. Әбілқас Сағынұлының бастамасымен ашылған Жезқазған, Көкшетау, Теміртау қалаларындағы филиалдар қазір өз алдына университет болып отау тігіп отыр.
Академик Әбілқас Сағынов Қа­­­рағанды политехникалық инс­ти­тутының ректоры және Орталық Қазақстан аймағы ректорлар кеңесінің төрағасы ретінде жоғары оқу жү­йесін жетілдіру, жаңа әдістемелік үдерістерді енгізу, одақтық және дүниежүзілік озық тәжірибелерді игеру мәселелерімен де түбегейлі айналысты. Сол мақсатпен ол Австрия, Канада, Германия, Чехословакия мем­лекеттерінде болып, Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, әлемдік тәжірибе мен қазақстандық техникалық оқу жүйесін бір деңгейде ұстауға барынша атсалысты. Оның бұл еңбегі қазір өз жемісін беруде. Қарағанды техникалық университеті еліміздегі ең беделді жоғары оқу орындарының бірінен саналады және халықаралық сараптау жүйесінің талаптарына сай деп танылдуа.
1980 жылы Ә.Сағынов басқарған Қарағандының политехникалық инс­титуты Кеңес Одағының 870 жоғары оқу орнының арасында Мәскеудің М.В.Ломоносов атындағы мемлекеттік университетімен бірінші орынды бөлісті. Білікті мамандар даярлаудағы еңбегі үшін 1971 жылы академикке Социалистік Еңбек Ері атағы берілді.
Нар тұлға, келбеті келіскен Әбекең қандай адам болмасын бірден тіл табысып, жылы шырай шашып тұратын. Осындай қасиетімен жастарды да өзіне тез баурап алатын. Соған куәгер де болған едім. Мен 1956 жылы мек­тепті қазақша бітіріп, инженер болу мақсатымен Қарағандыға келдім. Сол уақытта тау-кен институтына түсетін талапкерлер емтиханды мін­детті түрде орыс тілінде тапсыратын. Бірінші сынақтан өтпек болып жатыр едік, қасында ерген 2-3 адамы бар биік тұлғалы кісі жанымызға келіп, жағдайымызды таза қазақ тілінде сұрай бастады. Бізге ол кісінің түр-сипаты мен жылы сөздерінің әсер еткені сондай, алғашқыда не айтарымызды білмей, тосылып қалдық. Сосын емтиханды орысша тапсырудың қиындығын алға тарттық. Ол кісі емтихандарды қазақша қабылдану жөнінде тапсырма берді. Бұл Әбекеңді бірінші рет көруім еді. Бізбен ана тілімізде жылы сөйлесіп, талабымыздың жануына тілек білдірді.
Әбілқас Сағыновтың ғұлама ғалым, оқу ісінің білгір ұйымдастырушы тұрғысында түғыры биіктігі бәріміздің мерейімізді өсіретін. Бірде Мәскеу тау-кен институтының үлкен залында одақтың бетке ұстар ғалымдарының қатысуымен халықаралық ғылыми конференция жүріп жатқанда есік ашылғандай болды да, ты­ныштық орнай қалды. Айналама қарасам, кеудесінде Алтын жұлдыз жарқыраған қапсағай денесін тік ұстап, аяғын нық басып Әбекең кіріп келеді екен. Институт ректоры, танымал академик В.В. Ржевский бастаған ғалымдар орындарынан көтеріліп, ду қол шапалақтап қарсы алды. Ұстазымызға деген мұндай құр­метке куә болғанда төбеміз көкке екі елі жетпей қалды.
Алдағы жылы атақты академик ағамыздың көзіндей Қарағанды мем­лекеттік техникалық университеті өзі­нің 60 жылдығын атағалы отыр. Оның даңқын асырған шәкірттері ішінде тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, заманымыздың заңғар саясаткері Н.Ә.Назарбаев та бар. Ол кісінің инженерлік білімі негізі осында қаланғанын ерекше мақтан тұтамыз.
Бүгінде университеттің 9 институты мен 39 кафедрасында бакалаврлық 38 мамандық бойынша 10 мыңнан астам студенттер оқиды, сонымен қатар, 25 мамандық бойынша магистранттар және 4 мамандық бойынша PhD докторанттар дайындалады. Оқытушы профессорлар қатары 700-ден астам адамды құрайды, олардың 400 ғылым докторлары мен кандидаттары.
2008 жылдың ақпанынан КарМТУ ректорлығына Қазақстан білімі мен ғылым саласының озық ұйымдастырушысы, ҰҒА академигі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Арыстан Мәуленұлы Ғазалиев сайланды. Осы азамат басқаруындағы университетіміз өзінің дамуы сатысында жаңа белестерге көтеріліп келеді.Болашақ мамандар біліктілігін заман талаптарына сәйкестендіру мақсатында өндіріс ошақтарын қам­ти отырып, еліміздегі жоғары оқу орындары арасында бірінші бо­лып Корпоративтік университет ұйымдастырылды. Олардың қатарында Қазақстанның, Ресейдің, Өзбекстанның айтулы ең ірі 51 өндіріс кәсіпорындары мен зерттеу институттары бар. Осы құрылымның өмірге келуінің тиімділігі ғылыми жұмыстарды қаржыландыру деңгейінің 2007 жылғы 77 млн.теңгеден ағымдағы жылы 1млрд.458 млн. теңгеге жетуінен де аңғарылады.
КарМТУ-да 2008 жылдың нау­рыз айында ҚР Тұңғыш Президенті атындағы «Электронды технологиялармен оқыту орталығы» ашылды. Онда осы уақытта оқу үдерісіне 6 мыңнан астам электронды оқыту ресурстары даярланып, енгізілді.
Университет АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Германия, Франция, Қытай, Украина, Белоруссия, Чехия және басқа да елдермен қарым-қатынасты нығайту мақсатында 80-нен аса келісім-шарттар мен меморандумдар жасасты. Солардың ең бастыларының қатарында 2010 жылы Францияның «Тоталь» кампаниясының Париж институтымен бірлесіп КарМТУ негізінде ашылған «Ұлттық дәнекерлеу орталығын» айтуға болады. Қосдипломды білім алу жоспарын іске асыру бағытында Еуропа және ТМД елдерінің ең ірі оқу орындары – Фрайберг тау-кен академиясымен, Луизиан техникалық университетімен, Мәскеудің құрыш және қорытпалар институтымен, Томның политехникалық институтымен тығыз байланыс орнатылды. КарМТУ және Қытайдың Шихецзы университеті арасындағы келісім-шарт негізінде университет құрамында Конфуций институты жұмыс істейді.

Ибадолла АРЫСТАН,
Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің 
профессоры.