11 Шілде, 2012

Жүйрік мініп, желдей ескен… жетпіс бес!

679 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Жүйрік мініп, желдей ескен… жетпіс бес!

Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:37

Асылын ардақтап, жақсы­сы­на қуана білетін болар елдің баласы емеспіз бе. Мына сурет­тегі сол жағына қисая бұрыл­ған жүйріктің оң жағына қарай бейімделе түсіп, тақымындағы серкені бұйым құрлы көрмей екпіндей шауып келе жатқан қарияға риза болғаным сон­шалық, шынымды айтсам, жансыз бейнеге қайта-қайта қарай бердім. Қайта-қайта қарай беретінім, сурет те «сөйлейді» екен. Жүйрік үстінде қолдарын қыран құстың қанатынша жайып жіберіп шауып келе жатқан ақсақалдың жүзінде ғайыптан тайып мерт боламын ба деген қор­қу сезімі мүлде жоқ. Керісінше, тұлпары жер тарпып шапқан сайын жанына адам айтып жет­кізгісіз ләззат алған шабандозға тән бір ғажайып көңіл-күй рахаты бар.

 

Сәрсенбі, 11 шілде 2012 7:37

 

Асылын ардақтап, жақсы­сы­на қуана білетін болар елдің баласы емеспіз бе. Мына сурет­тегі сол жағына қисая бұрыл­ған жүйріктің оң жағына қарай бейімделе түсіп, тақымындағы серкені бұйым құрлы көрмей екпіндей шауып келе жатқан қарияға риза болғаным сон­шалық, шынымды айтсам, жансыз бейнеге қайта-қайта қарай бердім. Қайта-қайта қарай беретінім, сурет те «сөйлейді» екен. Жүйрік үстінде қолдарын қыран құстың қанатынша жайып жіберіп шауып келе жатқан ақсақалдың жүзінде ғайыптан тайып мерт боламын ба деген қор­қу сезімі мүлде жоқ. Керісінше, тұлпары жер тарпып шапқан сайын жанына адам айтып жет­кізгісіз ләззат алған шабандозға тән бір ғажайып көңіл-күй рахаты бар. Сосын: «Жетпіс бес­тегі көкпаршы көкең туралы білгің келсе, ал, сөйлес», дегенге келетін бір жылылықты аң­ғарғандайсың. Осы жылы­лық менің жадымдағы тұл­парлар туралы әлдеқашан ұмыт болған өлеңді оятқан.

Дала қандай!

Даладағы ат қандай!

Нөсер шөпке белшесінен

батқандай.

Құйғытсам бір,

Дала,

Қала

Болады-ау

Көз алдымнан аунап бара

жатқандай.

Жақсы өлең жолдары жа­дың­­да өзінен өзі жатталып қа­лып қояды екен. Жас кезімде оқыған:

От тигендей…

Асау қанға,

Етіңе.

Арғымағым,

Шығып желдің өтіне,

Шабуылдап,

Құрыш-болат тұяқпен

Пергілеші

Жалтақ жолдың бетіне!

деген өлең жолдары бар болатын. Авторы да осалдардан емес, ол қазақ атын жаһанға жайған кәдімгі атақты ақын Олжас Сүлейменов еді де, аудармашысы аса дарынды ақын Қадыр Мырза Әлі-тұғын. Ал өлеңді ауылға бір келгенде та­ғы бір ақын көкем Рафаэль Ниязбеков үйреткен. Айтпақшы, «то­қал» тамның үстінде тұрып ауыл іргесін айқай-шуға бөк­тір­ген көкпаршыларға жан­күйер ре­тін­де жанұшыра ай­қайлаймын деп жүріп жерге «ұшып» тү­сетін әпенділеу аға­сы туралы: «Ал кетті, көк­пар кетті, қайтар басын, Дүйім жұрт осы жолы жәй тарқасын», деп басталатын өзінің де бір жақсы өлеңі бар болатын. Сонымен…

Суреттегі шабандоз Зұлпы­һар Тайырбеков Түлкібас ау­данындағы Елтай ауылында тұ­рады екен. Түлкібас пен Тараз­дың арасы «тиіп» тұр. Жуалыдан өтсең, жетіп барасың. Біле­тіндер «8 702…» деп басталатын ұзақ-шұбақ сандарды: «Мынау Зұлпыһардың баласы­ның телефон нөмірі», деп жазып берген…

– Әлеу, сен Зұлпыһар аға­ның «Әулиеата» көкпар­шы­ла­рының командасындағы Жұл­дызхан де­ген шабандоз баласы емессің бе? – дегенмін сәлден соң.

– Жоқ, – деді телефондағы дауыс. – Мен басқа баласымын.

– Ағамызда қанша ұл бар еді?

– Алты ұл, екі қыз.

«Әп, бәрекелді!» дедім. Бі­рақ… ішімнен. «Атадан алтау туғанның, жүрегінің бастары, алтын менен бу болар, атадан жалғыз туғанның, жүрегінің бас­тары, сары да жалқын су болар, жалғыздық, сені қайтейін!» деген екен Ақтамберді жырау бағзы бір замандарда зығыр­даны қайнап. Қайран Зұлпыһар көкем сол атасының зарын құ­лағына құйып, зердесінде түйіп өскен болса керек, арыстай алты ұлды дүниеге келтіріпті. Бәрекелді! «Арпа ішінде бір бидай», дегендей, екі қызы жә­не бар. Ал өзі… жетпістен асып, сексеннің сеңгіріне бет алса да жүйрік аттың үстінде сер­кені тақымына басып, әлі күнге де­йін желмен жарысып жүр…

Ауылдастары қалжыңдап Зұл­­пыкеңді: «Түлкібастың бір тартары», дейтін көрінеді. Десе дегендей, көкпардың «дәмін» он жасында татқан ол, міне, содан бер­гі алпыстан астам жыл­дың ішін­де аттың тізгінінен, серкенің сирағынан қол үзген емес. Кейде кемпірі қауіп ойлап: «Жасың болса біразға келіп қалды, майда балалармен жаға­ласа бермей қой­саңшы осың­ды», дейді екен. Бұ­ған Зұлпы­кеңнің: «Жасы келгендер қоя беретін болса, ана Ескендір мен Нұрғали неге ән салып жүр?» деген жауабы дайын. «Үйбай-ау, олар өнер адамдары ғой. Жамбыл жәкең мен Кенен көкең тоқсанға келгенше домбыра тар­тып, ән айтпап па еді», деп «шала бүлінген» кемпіріне: «Ме­нікін өнер емес деп кім айтты саған. Менікі де өнер, менікі де ән…», деген тұрғыдағы дерек пен дәйекке негізделген «ғылы­ми» жауабы және дайын.

Қойшы, содан не керек, шалына «көкпарыңды қой» дегеннен ештеңе шықпасын кемпірі де түсінеді. Өйткені, әнін шыр­қа­ма­са, сахнасына тотыдай таранып шықпаса көңілдері біртү­р­­­­­лі болып, «ауырып» қалатын әр­тістер қауымы сияқты, шалы­ның да көкпарға бармаса, қалың додаға кіріп, салмағы 35 келі тартатын серкені тақымына басып, дуыл­даған топты бір-екі айналып шауып өтпесе, көңілі пәсейіп, кінә­раттанып қалаты­нын байқайды. Байқайды да, ота­ғасының өнері ет пен терінің арасындағы желік емес, жастайынан жанына серік еткен жан­кешті өнерге деген таза махаббатпен қоштаса алмау екенін сезеді.

Шынында жас кезінен осы. Қазақ елі ме, орыс жері ме, әлде ежелгі түркі жұртының тағы бір қияны ма, көкпар десе, ұлттық ат спорты ойындарының сән-салта­натын көрсету керек десе болды, Зұлпыһардың сақадай сай тұрға­ны. Ел намысы үшін сайыста еңбегі мен өнерін мін­детсіп, бәл­сінген де емес. Өйт­кені, ол осы қасиетімен шабандоз, осы міне­зімен қазақ, осы намысқой­лы­ғымен де Бауыржан Момыш­ұлының туысы.

Әлі есінде, 2009 жылы «Ұлы дала ойыны» болды. Сонда аға­мыз жетпістен асқан жасына қара­мастан ақ серкені тақымы­на басып, жұлдыздай ағып ат шабатын алаңды үш рет айналып өтті. Ат спорты федерациясы бас­шыларына «ардагер көк­пар­шылар арасында жарыс ұйым­дастыр­саңдаршы» деп «қың­­қылдап» жүр­геніне де бі­раз болды. Оның бұл сөзінің жөні де жаны да бар. Өйткені, арысы ардагер фут­бол­шы­лар­дың, балуан­дардың, берісі биль­ярдшы­лар­дың жарыстары бо­лып тұрады да, ал ардагер көк­паршылардың жарысы болмайды. Неге? Әлде бұл «Жет­пісбай», «Сексенбайларды» дү­ниеге әкел­дірген қазақ шалдарынан қауқар қайтты деп кем санау ма?

Жоқ, тұрмыс та, құдайға шү­кір, бері қарай бет бұрды. Бү­гінде бұрынғы он-он бес тұяқты қана­ғат тұтатын ауылдастары­ның уақ малының саны жүзден асып кет­ті. Ірі қараларының қо­радан қыл­тиып көрініп тұрған құлақ­тарын санамағанда, әр ауладан екі-үш мәшиненің төбесі көрінетін болды. Ал ауыл ша­руашылығы техникалары өз алдына бір төбе. Ең бастысы, осы жақсы тұрмыспен бірге, ше­неуніктердің тілімен айтсақ, «қазақтардың өмір сүру жасы, орташа есеппен алғанда, бұ­рын­ғыға қарағанда едәуір ұза­ра түскен». Яғни, жетпіс бесіңіз… бүгінде қазақ қарияларының, ке­шіріңіз, қазақстандықтардың орта жасына айналды. Оған мысал көп. Қазір жетпіс бесінде жүй­рікпен құйындата шап­қан, ал сексенге қараған жасында «Джип» көлігінің «құла­ғын­да» ой­наған «ғасыр қарттары­на» жұрт анау айтқандай таң­ғала бермейтін болған.

– Қазақтың бір істі қолға алуы қиын, ал зәуімен қолға алды бар ма, онда жапырып жі­береді. Ал бір жалқауланса «ер­тең де күн бар ғой» деп жүре береді. Сол қазақтар «ертең де күн бар ғой» деп жайбарақат жүргенде, мына таудың ар жа­ғындағы қырғыз ағайындар көк­парды патенттеп алыпты. Бүгін біздің шабандоз балаларымыз солардың ережесі­мен додаға тү­суге мәжбүр болып жүр, – дейді шабандоз ақсақал күйініп.

Күйінетініндей бар. Өйткені, салым көкпардағы серкені лақ­тыратын қазандық тым биік бол­ғандықтан, аттар бірін бірі қағып-соғып, қатардан шығып қалады екен. Бұл, әрине, көк­пар­шыларға да обал. Одан ке­йін қырғыздар енгізген «жетекке алу» деген бар. Бұл да же­тіскеннің тірлігі емес. Мысалы, біреуі көкпарды та­қымына басып, екіншісі оны же­тегіне алып, қалғандары жан-жағынан қаумалап, талас-тартыссыз қа­зан­дыққа дейін алып барғанның несі таңсық?!. Несі қы­зық!?. Мұны қанша жерден «так­тика», «тәсіл» деп ақталға­нымен, таза бәсекеге жетпейтіні өтірік емес.

Бүгінде шабандоз қарияның ұлы Жұлдызхан Тайырбеков Жамбыл облысындағы «Әу­лие­ата» деп аталатын көкпар­шылар командасының сапында додаға түсіп жүр. Ад «Әулие­атаның» шабандоздары, өзде­ріңізге бел­гілі, еліміздің бір­неше дүркін чемпионы! Ха­лық­аралық жа­рыс­тарда да ел намысын қор­ғап, жүлделі орындардан көрі­ніп жүр.

Зұлпыһарға қайын ата, ал Жұлдызханға нағашы ата болып келетін Сәтбай деген кісі кезінде тақымы мықты көк­паршы деген атпен дүниеден озыпты. Атақ-даңқы Орталық Азия­ға тараған оның тақы­мын­дағы көкпарды ең мықты деген шабандоз да тартып ала ал­маған деседі. Сол Сәтбай осыдан 53 жыл бұрын өзбек елінен Оң­түстік Қазақстанға көшіп келіп, Зұлпыһардың әкесімен құда болады. Шабандоз шал­дың Жұл­дыз­ханды «нағашы атасына тарт­қан ұлым» дейтіні сон­дық­тан. Әрине, басқа ұл­дары да қара жаяу емес, ше­тінен «сен тұр, мен атайтын» дейтін нағыз көкпар­шылар. Бәрінің де облыс, аудан абыройы мен намысы үшін додаға түсуден тайынған тұсы жоқ. Айта берсе, олардың да ел аузында жүрген әңгімесі таусылмайды.

Бірде серкені тақымына басқан Жұлдызхан қазандыққа қарай жұлдыздай ағып келе жатпай ма, сол кезде аты кілт бұрылып, көкпаршы ұл тепе-теңдігін сақтай алмай құлап түседі. Осы сәтте тізгіннен айы­рылған ұлдың аты өзіне қарай андыздап келе жатқанын байқа­ған қария тұлпардың алдынан жүгіріп шығып, қарғып мінеді де, серкені жерден іліп алып, анадай жердегі қазан­дыққа өзі шауып барып салып келеді. Ең мықты деген режис­сердің де қиялына келе бер­мейтін бұл эпизодқа, шынында, таңғала бас шайқағандар көп болыпты. Неге десеңіз, үзеңгіге аяғы ілінген ұлдың өзі құласа да тақымын­дағы көк­пардан айырылмауы, содан кейін астындағы атының танауы делдиіп басқа жаққа емес, тура Зұлпыһарға қарай тартуы… адам сенгісіз оқиға болатын. Осы суретке енді Зұлпы­һардың «балам аттан құлап қалды-ау» деп абыржымастан, табан астында ойлап тапқан тапқырлығы мен батылдығын, әмбебап әбжілдігін қосыңыз…

Зұлпыһар қария осы уа­қытқа дейін алпысқа тарта атпен көк­пар шауып, дода бұ­зыпты. Сон­дықтан аттың сырына өте жетік. Қырғыз ат­тарының мықтылы­ғын және ол елде әлі күнге дейін атбегілік мектептің бар екенін қызыға айтады. Қырғыз демекші, қыл­шылдаған жас ке­зінде көрші елдердің бірде-бір көкпаршысы Зұлпыһардың та­қы­мындағы серкені жұлып ала алмапты. Оны «тақымы құлып» дейтіні де сондықтан болса керек. Осы өнердің соңына түсе­мін деп жү­ріп қолын да, аяғын да сын­дырған. Есінен танып, ауру­ханаға да түскен. Өйткені, ат құлайды, атпен бірге оның үстінде құйындатып келе жат­қан шабандоз да құлайды. Сон­дықтан жанкештілікті қа­жет ететін көкпар ойынымен жігіт­тің жігіті ғана айналысады.

Сонау 1981 жылы Алматыда өткен салтанат кезінде көкпар­шы ретінде көзге түскен кейіп­керіміз Одақ елдерінің ұлттық ойындарына қатысу құрметіне ие болады. Краснодарда өткен осы ойындардан елге шоқтығы биік болып оралады. Өйткені, осыған дейін өткізілген жарыстарда қазақтар қырғыз­дарға есе жі­беріп келген екен, ал біздің шал қатысқан жарыс жеңіспен аяқталыпты.

Міне, бүгінде жиырма немере, екі шөбере сүйіп отырған 75-тегі шабандоз Зұлпыһар Тайырбеков туралы әңгімеміз әзірге осымен тәмам.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Жамбыл облысы.

Соңғы жаңалықтар