Ту ұстаушы Нұрмахан – аты аңызға айналған Балуан Шолақтың тікелей ұрпағы
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:14
ДҮБІР
Олимпиадаға 43 күн қалды
Балуан Шолақ (шын аты-жөні Нұрмағамбет Баймырзаұлы) сонау 1864 жылы Мойынқұмдағы Хантауының іргесіндегі Далақайнар ауылында дүниеге келіпті. Бірақ әкесі Баймырзаның Көкшетау өңіріне қоныс аударуына байланысты, бала Нұрмағамбет Сарыарқаның шұрайлы аймақтарының бірі –Көкшетауда ержетіп, балуан, ақын, әнші, композитор және желмен жарысқан қылқұйрықтың құлағында ойнайтын әмбебап жігіт болып өседі.
Бейсенбі, 14 маусым 2012 7:14
ДҮБІР
Олимпиадаға 43 күн қалды
Балуан Шолақ (шын аты-жөні Нұрмағамбет Баймырзаұлы) сонау 1864 жылы Мойынқұмдағы Хантауының іргесіндегі Далақайнар ауылында дүниеге келіпті. Бірақ әкесі Баймырзаның Көкшетау өңіріне қоныс аударуына байланысты, бала Нұрмағамбет Сарыарқаның шұрайлы аймақтарының бірі –Көкшетауда ержетіп, балуан, ақын, әнші, композитор және желмен жарысқан қылқұйрықтың құлағында ойнайтын әмбебап жігіт болып өседі.
Бүгінде Шу ауданының орталығы Төле би ауылының орталығында Балуан Шолақ атанған Нұрмағамбет Баймырзаұлының алып ескерткіші тұр. Ол әсем аллеямен көмкерілген әдемі алаңға орналасқан. Балуан ескерткішінің қасында салмағы 1050 килограм болатын, ел-жұрты «Балуан Шолақ осында келгенде көтеріп, қалың қауымды қара күшіне тәнті еткен қара тас» атап кеткен үлкен тас қойылған. Өйткені, тепсе темір үзетін Нұрмағамбет алғашқы мүшелінен бастап-ақ қара күш иелерінің атағынан именбей күреске шығып, жиын-той думанына жиналған жұртты жеңісімен желпіндіре бастайды. Сондай-ақ дала мәдениеті мен салт-дәстүріне өзіндік үлесін қосып, еуропалық цирк өнерін қыр қазақтарының сәйгүлік үстіндегі сайыпқырандығымен жетілдіре түседі. Ал домбыра шертіп, ән айтудағы өнері өз алдына бір төбе болған ол 1913 жылы кіндік қаны тамған атамекеніне ат басын бұрып, осы сапарында аймағын ән-жырына бөлеген қазақ бұлбұлдарының бірі Кенен Әзірбаевқа ақ батасын береді.
Айтайық дегеніміз, міне, осы атақты Балуан Шолақтың тікелей ұрпақтарының бірі, грек-рим күресінен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы Нұрмахан Тінәлиев жуырда кіндік қаны тамған Жамбыл облысына, оның ішінде Шу ауданы жұртшылығына тағзым ете келді. Нұрмаханның әкесі марқұм Анарбек те кезінде қазақша күреске түсіп, Шу өңіріндегі «түйе балуан» атанған алыптардың бірі болған. Спорттың күрес және бокс сияқты жанкештілікті талап ететін қиын түрлерінің жанкүйері болған Анарбек 2002 жылы, Нұрмахан 14 жасқа толғанда Алматы қаласындағы «Дәулет» спорт мектебіне беріпті.
Содан бері арада сынаптай сырғып, міне, он жыл да өте шықты. «Дәулет» күрес мектебінің кілеміне белдесуге шыққан кезде небары 54 кг салмақтағы бала, бүгінде алты алаш ардақтылары үміт артқан алып азамат атанып, ел намысын 120 кг салмақта ең үлкен жарыстарда қорғап жүр. Бір кездері «шіркін, мен де осы балуан сияқты болсам екен» деп армандаған Георгий Цурцумия мен Марат Тұрлыханов жеке бапкерлері болып, қасынан табылды. Әсіресе, Марат ағасының қамқорлығы шексіз. Жарақатын емдетті, Ресей құрамасымен бірге жаттығуына жағдай жасап, Мәскеудің төрінен пәтер жалдап тұруына көмектесті.
«Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем береді» деген. Шу ауданының әкімі Ілияс Тортаев есімі ел аузында жүрген балуан мен оның анасы, аудандағы ұлағатты ұстаздардың бірі Жұмагүл Рәтжанқызына ата жолымен ізет жасап, құрмет көрсетті. Балуан Шолақ атанған кешегі ғасырлардағы Нұрмағамбет пен Азия чемпионы, әлем біріншілігінің жүлдегері атанған бүгінгі Нұрмаханның атажұрты – Далақайнар ауылы. Осы ауылдың ақсақалы Ж.Балтабаев пен аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы С.Зәуірбеков Лондон Олимпиадасына төскейде малы, төсекте басы қосылған Алматы облысының атынан аттанғалы отырған оғландарына ақ жол тілеп, «Менікі, сенікі дейтін ештеңе жоқ. Қуаныш ортақ, жеңіс ортақ, жеңімпаз ортақ. Туған еліңе тек қана жеңіспен орал, ботам», деп баталарын берді.
– Мен Алматы қаласындағы спорт мектебіне оқуға барған алғашқы жылдары ауылды сағынып, қайтқым келіп тұратын. Бірақ әке сенімін ақтау үшін және Қажымұқан, Балуан Шолақ аталарым жанына жалау еткен балуандық өнерде жақсы нәтижеге қол жеткізіп, ел намысын дүниежүзілік ареналарда қорғасам деген арман жігерімді жанып, Алматыда біржола тұрақтап қалдым. Мен үшін ендігі үлкен мақсат – туған елім Қазақстан жанкүйерлерінің үмітін ақтап, Лондон Олимпиадасынан жүлдемен оралу, – деген еді ол Шу өңіріндегі кездесу кезінде.
P.S. Қазақ балуаны Нұрмахан Тінәлиев, құдай қаласа, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан Мемлекеттік туымызды алып, оны 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Лондонда өтетін ХХХ жазғы Олимпия ойындарының ашылу салтанатында дүние жүзінен жиналған көпшілік алдына ұстап шығатын болады.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.