28 Маусым, 2012

Алтын медаль сүйіншісіне – 100 мың доллар

317 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алтын медаль сүйіншісіне – 100 мың доллар

Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:09

Олимпия ойындары бір қыр астында. Төрт жыл бойы дайындық, жолдама ала алам ба деп кірпік ай­қаспаған түндер, құрамадағы орын үшін талас… бәрі, бәрі артта қалып барады. Соңғы дайындық, сан жылдар бойы әбден машықтанған әдіс-айлаларды тағы пы­сық­тау, сосын қысқа мерзімді демалыс, сосын Лондон…

 

Бейсенбі, 28 маусым 2012 7:09

Олимпия ойындары бір қыр астында. Төрт жыл бойы дайындық, жолдама ала алам ба деп кірпік ай­қаспаған түндер, құрамадағы орын үшін талас… бәрі, бәрі артта қалып барады. Соңғы дайындық, сан жылдар бойы әбден машықтанған әдіс-айлаларды тағы пы­сық­тау, сосын қысқа мерзімді демалыс, сосын Лондон…

Қазір Лондон әлемнің назарында. Онда спорт тарихының жаңа парақтары алтын әріптермен жазылады. Бағы жанған мемлекеттер, Бейжіңде суға жүзуден бір өзі сегіз алтын олжалаған америкалық Майкл Фелпс, атқан оқтай заулайтын, сүйікті Ямайкасына бір өзі үш алтын сыйлаған қара маржан Усеин Болт секілді жаңа чемпиондардың атағы жер жаһанға жайылады. Жер тарпыған сәйгүліктерін додаға қосқан Қазақстанның да көңілі күпті.

Осындайда ел мұратын биік қоятын азаматтар Лондоннан құс қанатымен жететін жүрекжарды хабар­лар­ға сүйіншілерін атап жатыр, Қазақстан күрес феде­ра­ция­сының жиынында федерация президенті, “Қаз­ТрансГаз” компаниясының президенті Серік Сұлтан­ғали федерация атынан Лондонда алтын медаль жеңіп алған балуандарға 100 мың доллар сыйақы берілетіндігін айтты. Күміс медальға 50 мың доллар, қола медальға 30 мың доллар тағайындалған.

– Сіздер еліміздің мерейін асқақтату үшін тер төгіп жүрсіңдер, – деді федерация президенті. – Бұған дейін де қазақ спортында маңдайы жарқыраған жұлдыздар көп болған. Лондоннан кейін сол шоғырдың молаюына бәріміз де тілектеспіз. Олимпиада – космосқа ұшқаннан бетер маңызды меже. Отанымыздың патриоты ретінде байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды шырқатар сәттеріңізге куә болғымыз келеді.

Сөзін осылай тұжырған Серік Сұлтанғали Астанада таяу жылдарда күрес сарайы салатындығын жет­кіз­ді. Жобасын корей сәулетшілері жасаған. Ақорданың көр­некті жеріне орын тебетін сарайдың бар шығынын “ҚазТрансГаз” компаниясы көтеріп алмақ. Әлемдік үлгіде салынып жатқан Бокс орталығы бар. Енді оның қатарына күрес сарайы қосылып жатса, тарих сахнасына аттың үстінде шыққан жауынгер халықтың ұландары Олимп биігінен әлі талай рет қол бұлғайтын болады.

Жиында еркін күрес құрамасының бас бапкері Алтай Танабаев, грек-рим күресі құрамасының бас бап­кері Мұратбек Қасымханов және әйелдер күресі құ­рамасының бас бапкері Ержан Телақынов шәкірттері жайында есеп беріп, биік нәтижеге жетуге дайын екендіктерін баяндады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

“Егемен Қазақстан”.

АЛМАТЫ.