Құрлықтың мықтысы – Испания
Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:28
«Қызыл фурия» бұл атаққа тарихта бірінші болып қатарынан екінші мәрте қол жеткізіп отыр
Шілденің 1-і күні Киевте ойналған Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Италия командасын 4:0 етіп ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Егер осылардың арасында, 2010 жылы «қызыл фурияның» әлем чемпионатын да жеңіп алғанын еске алар болсақ, бұл оның соңғы төрт жылдың ішіндегі үшінші толағай табысы болып табылады.
Сейсенбі, 3 шілде 2012 7:28
«Қызыл фурия» бұл атаққа тарихта бірінші болып қатарынан екінші мәрте қол жеткізіп отыр
Шілденің 1-і күні Киевте ойналған Еуропа чемпионатының финалында Испания құрамасы Италия командасын 4:0 етіп ұтып, Еуропа чемпионы атанды. Егер осылардың арасында, 2010 жылы «қызыл фурияның» әлем чемпионатын да жеңіп алғанын еске алар болсақ, бұл оның соңғы төрт жылдың ішіндегі үшінші толағай табысы болып табылады.
Еуропа қарсыластардың бірі айқын басымдылық танытқан мұндай финалды көптен бері көрген жоқ. Мәселе испандардың чемпионат басталғалы бері бірінші рет осындай жойқын ойынның жортуылына жалын қосқанында ғана емес. Олар өз елдеріндегі «Барселонаның» ең бір керемет бабында тұрған кезінде ұсына алатын барынша үздік ойындарының үлгісін көрсетті. Сардар Висенте дель Боскенің сарбаздары үшін бұл күні алаң үстінде артық-ауыс доп беріс, босқа жүгіріс, тіпті болмаған есепті. Олар бәрін өте дәл, мейлінше нақты, қолдан келгенінше таза істеді. Ұйымдастырған комбинацияларының өзі бірінен бірі асып түсті. Сондай кездерде аренаның алқымында бір ғана команда ойнап жатқандай әсер қалдырды. Себебі, ойыны құйындай ұйытқығанымен, дәлдіктің дәргейіне бас ұрған испандардың қимылына итальяндар ілесе алмай жатты.
Матчтың басы екі жақтың да бір-бірлеріне қатаң прессинг қолдана отырып, сақтана әрекет етуімен есте қалды. Ал қақпаға қарай сартылдатып сақпан атуды аппениндік жігіттер бастады. Бірақ айып алаңының ауқымынан орағыта ұрылған доп дарбазадан дүрегей ұшты. Бұдан кейін пиренейлік қорғаушылар итальяндардың мұндай еркіншілігіне аса көп жол бере қоймады. Олар қарсы жаққа бірінші қауіпті соққыны 6 минутта айып добын орындау арқылы жасады. Осыдан бастап испандардың басымдылығы сәт сайын ұлғайып, тамшыдан құралған теңіздей бірте-бірте көлемін көбейте берді. Олар итальяндарды жан-жақтан қыспаққа алып, доп беруді мүлдем дерлік қойды. Бұған «скуадра адзурра» қат-қабат қорғанысын қарсы қойды. Енді оны бұзып-жарып, ішке қарай өту оңай болмады. Дегенмен, испандар мұның да ебін тапты. Олар бір-бірлеріне қысқа қашықтықта пас бере отырып, өзгенің өрісінен саңылау тапты. Алғашқы соққылар алыстан ұрылды – Андрес Иньестаның аяғынан ұшқан бұл екі допты да қорғаушылар жолай қағып үлгерді. Бұдан соң екі аңдушысын соңына ерте-мерте алға ұмтылған Сеск Фабрегастың тастаған добын Хави қақпа бағанынан сәл ғана жоғарыдан зіңк еткізді. Осы тұста нағыз шарасыздың халін кешкен итальяндар қарсыластарынан допты да тартып ала алмады, олардың толқынданып үйіріліп келіп жатқан шабуылдарын да тоқтатуға әлдері келмеді. Испандардың осы табанды шабуылы ақыры голға жеткізді. Өзінің қыр-соңынан қалмай жүрген Джорджо Кьеллиниден оң қанаттың шегіне қарай сытылып шыққан Фабрегас сәл артқа бұрылып, ала бауыр допты Давид Силваға қарай дәл бағыттады. Ал форвард өзінің басына әдемі келіп қалған допты құдды бір бильярдтың тасын ұрғандай етіп, бір серпіп қалып, қарсы алдындағы қақпаның төріне гүмп еткізді – 1:0. Бір минуттан кейін итальян жағы осы голдың қарымтасын қайтарып кете жаздады. Стандартты жағдайда доп ұру құқығын алған олар тәп-тәуір комбинация ұйымдастырды. Бірақ соңына дейін мүлтіксіз орындай алмады. Соның салдарынан ол бірер бұлталақтан соң қақпашы Икер Касильястың олжасына айналды. Итальяндар осыдан соңғы біршама уақытты да жаман өткізген жоқ. Олар бірнеше рет бұрыштама добын беру арқылы испандарды өз айып алаңына қуып тастады. Ал қақпаға қарай соғылған екі соққының біреуі ғана Касильястың алдынан қайтты.
Әлбетте, Испания бұған қарыздар болып қалған жоқ. Олар тағы да шұғыл түрде қауырт шабуылға көшті. Тағы да Кьеллини өз қанатындағы позициясында ұтылыс тапты. Одан қашқан доп Иньестаның аяғымен айып алаңына жетті. Осы жерде оны Андреа Пирло одан ары апарғызбады. Осыдан соң итальяндар ойын тізгінін қолға алуға біраз талаптанып бақты. Бұған ептеп бей-жай қараған испандар сәлден кейін қайтадан атқа қонғандай әсер қалдырды. Олар 35 минуттан бастап қарсыластарының айып алаңын біраз шарлады. Содан соң итальяндар бірер рет алға қарай жөңкілді. Міне, солардың соңғысында испандардың қарсы шабуылын жіберіп алды. Алаң ортасының арғы түкпірінен жедел алға асырылған доп ғаламат бір дәлдікпен Жорди Альбаны қақпашы Джанлуиджи Буффонмен бірге-бір шығарды. Бұдан арғысы шеберліктің шегінен көрінді – 2:0. Итальяндар осы голдан кейін тағы да тайлы-таяғы қалмай көтерілді. Олардың жаппай шабуылы Риккардо Монтоливоның алыстан жөнелткен жалғыз соққысымен аяқталды.
Екінші таймды Италия құрамасы құрамдағы өзгеріспен бастады. Шабуылшы Антонио Кассаноның орнына шыққан Антонио Ди Натале алғашқы сәтте қарымта гол соғудың сәл алдында қалды. Оның баспен ұрған добы нысанадан шамалы жоғары кетті. Осы кездері итальяндар ашыла шабуыл жасауға әрекет етті. Осыны жақсы пайдаланған испандар бірнеше қауіпті жорықтар ұйымдастырып үлгерді. Айталық, Фабрегастың алыстан ұрған добы бағанның жанынан зу етті. Бұдан соң «қызыл фурия» ойыншылары айып алаңына топырлай кірді. Олардың соққыларын Буффон мен қорғаушылар әупірімдеп жүріп қайтарды. Ақырында кезекті мәрте ішке ену Серхио Рамостың құлап бара жатып баспен доп ұруына жол ашты. Осы доп итальян қорғаушысының қолына сарт етіп тиді де, бағытын өзгертіп, жерге қарай жантайды. Бірақ португалиялық рефери мұны көрсе де, көрмеген болды.
Осыдан кейін итальяндарда шабуылды өрістеткеннен өзге жол қалмады. Соның бірінде 50 минутта Касильянс қатты келген соққыны алдына қайтарды. Оны қайта соқпақ болған Ди Натале мүмкіндікті босқа жіберіп алды. Ал испандардың жауабы бұдан әлдеқайда қауіпті шықты. Кезекті голды олар тағы да қарсы шабуыл кезінде салды. Итальяндардың алға асырған добын жолай іліп әкеткен Хави оны жедел Фернандо Торреске жеткізді. Соның арқасында Буффонмен жекпе-жек шыққан Фернандо қақпаның бір бұрышына допты тастай салды – 3:0. Соңғы төртінші гол да осыған ұқсас болды. Бұл жолы Торрес алаңға енді ғана шыққан Хуан Матаға айып алаңының ішінде әдемі пас берді. Есепті талқандау дәрежесіне дейін жеткізген гол осылай соғылды.
Ойыннан кейінгі баспасөз мәслихаты кезінде, әлбетте, Испания құрамасының бас жаттықтырушысы Висенте дель Боске бақытты көрінді. Жүздесуді ашқан ол: «Бұл ғажайып ойыншылар. Олар қалай ойнауды біледі және соны жасайды. Өйткені, футболды түсінетін елде туған. Бұл испан футболының керемет шағы. Біз ғаламат матч өткіздік. Бірақ итальяндарды да бағаламасқа болмайды. Біздің тек жолымыз болып кетті», – деді. Өз кезегінде Италия құрамасының бас жаттықтырушысы Чезара Пранделли де мынадай ірі есеппен ұтылғандарына қарамастан, өздерінің біріншілікті тамаша етіп өткізгендерін айтты.
Сонымен, кезекті футбол тойы тарқады. Ол бір құрлықтың ғана біріншілігі саналғанымен, күллі әлемнің құлақ түріп, көз қадаған нағыз жауһар дүниесіне айналды.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».