«Мен шәкіртіме сенемін» – дейді боксшы Иван Дычконың жаттықтырушысы Владимир ШАЙЕР
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:32
Лондонда өтетін Олимпиадаға саусақпен санарлықтай күн қалды. Бұл әлемдегі спорт әуесқойларының ғана сағына күтетін шарасы емес, әр елдің намысы қайралар тұс. Дүниені дүбірлеткен жарысқа Қостанай облысынан желаяқ Марина Масленко мен боксшы Иван Дычко қатысады. Біз жол жүрер алдында И. Дычконың жаттықтырушысы Владимир ШАЙЕРМЕН шәкірті туралы аз-кем әңгімелескен едік.
Сәрсенбі, 18 шілде 2012 7:32
Лондонда өтетін Олимпиадаға саусақпен санарлықтай күн қалды. Бұл әлемдегі спорт әуесқойларының ғана сағына күтетін шарасы емес, әр елдің намысы қайралар тұс. Дүниені дүбірлеткен жарысқа Қостанай облысынан желаяқ Марина Масленко мен боксшы Иван Дычко қатысады. Біз жол жүрер алдында И. Дычконың жаттықтырушысы Владимир ШАЙЕРМЕН шәкірті туралы аз-кем әңгімелескен едік.
– Владимир Иванович, ЛондонОлимпиадасына жүрер алдында ИванДычко «Нұр Отан» партиясына мүшеліккеөтіп, билетін алды. Боксшы бұл қадамынқалай бағалайды?
– Бұл бір жағынан жауапкершілік. «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы – еліміздегі жетекші партия. Елбасымыз – осы партияның көшбасшысы. «Нұр Отанның» билетін алу оған патриоттық серпін беретіні анық. Екіншіден, спортшылар көбінесе ырымшыл жандар ғой. «Нұр Отан» партиясы құрылғалы халықтың ілтипатына, сеніміне бөленіп келеді. Сондықтан, боксшы да алқалы топқа партияның билетімен баруды жақсылыққа балағаны рас.
– Дычконы халықаралық дәрежедегі спортшы деңгейіне көтергенқандай жарыс еді?
– 2009 жылы Мексикада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты. Ол осы чемпионаттың финалисі болды. Одан кейін ересектер арасында Қазақстанның үш дүркін чемпионы атанды. Президент Кубогын екі рет алды. Өткен жылы Қытайда өткен Азия ойындарында да финалға шықты. Ал биыл Бакуде өткен әлем біріншілігі оған Олимпиадаға жолдама алып берді. Дычко осы біріншілікте қола медаль иеленді.
– Иван Дычко – еліміздің құрамасы сапындағы аса ауыр салмақтағыбоксшы. Салмағы қанша?
– Салмағы қазір 105 килограмм. Ал алғаш рингке 68 килограмм салмақпен шыққан еді. Әуелде арық көрінетін.
– Жаттықтырушы мен шәкірт қалай кездесіп еді?
– Жаттықтырушы мен спортшының тіл табысуы өз алдына, олар талантты болса, бірінің бірі бағы дей бер. Менің Ваняны табуым қызық болды. Мен оны Рудный қаласындағы бір ауладан ұстап алғанмын. Қалада спорт клубтарына бармайтын, үйірмелердің де есігінен қарамайтын, сабақтан бос уақытын аулада ойынмен өткізетін балалар болады. Ваня аулада ойыннан қолы тимейтін сондай баланың бірі екен. Бірде оны аулада ойнап жүрген балалардың арасынан байқап қалдым. Бойы қатарластарынан тым ұзын көрінді, имиген арық, шикіл сары бала. Көңіліме оның дене бітімі ұнады. Шақырып алып, қандай спорттың түрімен айналысып жүргенін сұрадым. Спорт клубтарының, спорт залдарының есігін ашпаған. Мен одан «боксқа қатысқың келе ме?» деп сұрадым. Ұяң бала басын изеп, келісімін берді. Сол күннен бастап жаттығудан бір күн қалып көрген емес. Спортзалға келген соң бойын өлшесем, 2 метр 5 сантиметр. Он бес жасынан бастап екеуміз біргеміз.
– Шәкіртіңіздің мінезі қандай? Жаттықтырушы мен шәкірт арасында пікіралшақтығы болып қалмай ма?
– Біріншіден, Ваня менің немереммен қатар. Ата мен немеренің арасында мейірім басым болмай ма? Оны дәл жақсы жасында қолыма түсірдім деп ойлаймын. Екеуміз жақсы тіл табыстық. Сондай еңбекқор, шыдамды, мінезі өте ұстамды. Оның дене тұлғасына ғана емес, мінезіне қарап-ақ ешкім 21 жас бермейді, өзінің жасынан үлкен көрінеді. Соған лайық ақыл-парасаты да ересек. Жаттығу жұмыстарына жауапкершілікпен қарайды. Жалпы, Ваня жауапкершілікті сыйлайтын азамат жігіт.
– Бүгінде оның ата-анасы да спорт жанкүйеріне айналған болар?
– Расында солай. Иванның әкесі Рудный қаласында автослесарь болып істейді. Анасы – психолог. Ұлына жақсы тәрбие берген өнегелі отбасы.
– Олимпиадаға дайындықтарыңызға көңіліңіз тола ма? Іштей қаупіңіз басым ба, әлде сеніміңіз орнықты ма?
– Дайындығымыз жаман болған жоқ. Күніне төрт сағаттай жаттықты. Тер төгілді. Дегенмен, көңілдің алабұртатыны рас. Егер Олимпиада рингінде жарақат алып немесе судьялардың әділетсіздігіне кездесіп қалмаса, шәкіртімнің жалпы дайындығына сенемін. Ауырып қалғаннан да құдай сақтасын деймін. Қанша дегенмен, ауа райына үйрену керек. Облыстағы бас жаттықтырушы Сапабек Мұқышев те оған көп сабақ, кеңестер берді. Бар арманымыз – көк туды жамылатын сәтке жету! Тек менің ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың күтіп жүргені осы! Намысты қолдан бермеуге тырысамыз.
Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
Қостанай облысы,
Рудный қаласы.