Қоғам • 21 Сәуір, 2019

Ә.Науаидың шығармашылығына арналған халықаралық әдеби кеш өтті

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының Достық үйінде Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы Ә.Науаидың шығармашылығына арналған халықаралық әдеби кеш өткізді.

Ә.Науаидың шығармашылығына арналған халықаралық әдеби кеш өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту шеңберінде ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі – Ж.Түймебаев, Қазақстандағы Өзбекстан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі – С.Ниязходжаев, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Науаи еңбектерін қазақ тіліне аударушы, белгілі жазушы, эпик ақын – Н.Айтұлы, сондай-ақ ҚР Парламенті депутаттары, Қазақстандағы Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан Елшілігінің өкілдері, Ассамблея мүшелері, Қазақстан және Өзбекстан жазушылары мен науаитанушылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақындар, этномәдени және жастар бірлестіктерінің өкілдері қатысты.

Кешті Нұр-Сұлтан қаласының ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Л.Құсайынова: «Біздің Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясын дамыту аясында екі жарқын оқиғаны: Өзбекстандағы Қазақстан жылы және Қазақстандағы Жастар жылын сабақтастыра ұйымдастырған әдеби кешіміздің мақсаты – екі ел арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту және өзбек мәдениетін насихаттау», - деген сөздермен бастады.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ж.Түймебаев келген қонақтарға алғысын білдіріп, «Екі ел арасындағы берік достықтың айғағы ретінде өтіп жатқан бүгінгі кештің маңызы зор. Себебі мемлекеттер арасындағы достық тек сауда-экономикалық саладан ғана емес, мәдениет пен білім саласынан да көрініс табуы тиіс», - дейді.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Науаи еңбектерін қазақ тіліне аударушы, белгілі жазушы Н.Айтұлы: «Бүкіл түркі халықтарының маңдайына біткен жарық жұлдыз Науаидың шығармалары ұшан теңіз. Оларды зерттеу, аудару ұрпақтан ұрпаққа жалғасады. 30 жылдан бері оның хамсасын аударып келе жатырмын. Жақында «Ләйлі-Мәжнүнді» аударып, 550 беттік кітап қылып шығардық. Жалпы, түркі халықтарына ортақ ұлылар туралы мектеп оқулықтарын жасау қажет деп есептеймін. Жастайынан ғұламаларды жаттап өсетін ұрпақ жаман болмайды», - деген пікірімен бөлісті.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Е.Мамытбеков «Науаидың ұлы ақын, ойшыл болғаны бір бөлек. Ол беделді мемлекеттік қайраткер де болған. Науаидың жақын досы Хұсайын Байқара Хорасанның әмірі болған кезде, оның мөр сақтаушысы қызметін атқарады да, кейін уәзір болып тағайындалады. Сол кездері ол ғалымдар, суретшілер, музыканттар мен ақындарға қамқорлық жасаған. Өз қаржысына жолдар, көпірлер, мектептер, шеберханалар да салдырып, халық беделіне ие болғанына» назар аудартты.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты С.Абдрахманов өзінің баяндамасында «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы президенттік сапары көрші Өзбекстан еліне жасалуы – ағайынды екі елдің жақындығының нышаны, ал Науаи есімі – бауырлас екі ел арасындағы алтын көпірлердің бірі» деп, Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы Ассамблеясы шаңырағының астында өтіп жатқан Науаи кешін өте құптайтынын жеткізді.

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тығыз қарым-қатынасты жоғары бағалайтын Мәжіліс депутаты Ф.Қаратаев: «Науаидың шығармалары қазақ тіліне аударылып, қазақ мектептерінде оқытылса, ұлы Абайдың өзбек тіліне аударылған еңбектері Өзбекстанда кеңінен тараған. Қазақстанда 500 мыңнан астам өзбек өкілі өмір сүрсе, Өзбекстанда 1 млн қазақ тұрады, 400-ден астам қазақ мектептері де бар. Мұның бәрі екі елдің жақындығы, достығы. Өз тарапымыздан, бүгінгі кеш барысында өзбек этномәдени орталығына Науаидың қазақ тіліне аударылған 50 кітабын табыс еткелі отырмыз», - деп ниет білдірді.

«Науаидың шығармашылығы өте бай, 60 жыл өмір сүрген ғұлама 20 том кітап жазғаны соған дәлел. Оның 500 жыл бұрынғы шығармалары қазіргі заман туралы жазылғандай. Достық, ынтымақтастық жайында жазған Ә.Науаи шығармаларына арнап ұйымдастырған бүгінгі кеш үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына алғысымыз шексіз» деп Өзбекстанның мемлекеттік және қоғам қайраткері, профессор М.Ахмедов ризашылығын білдірді.

Шығармашылық кеш барысында «Аналар Аманаты» көрмесі мен студенттер арасында мәнерлеп оқу бойынша байқау өткізілді.