Президент • 22 Сәуір, 2019

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті

645 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлады.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-ның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяомен кездесті

Кездесу барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті екі мемлекет арасында орныққан қарым-қатынастың жоғары деңгейде екенін атап өтіп, оны әрі қарай дамытудың перспективаларына тоқталды.

– Сізбен жүздескеніме қуаныштымын. Төраға Си Цзиньпиннің бірлескен жұмыстарымыздың нәтижелері мен перспективалары талқыланатын «Бір белдеу, бір жол» атты форумға қатысуға шақыруын ризашылықпен қабыл алдым. Сонымен қатар, біз жеті жыл бойы өзара түсіністік рухында бірлесе жұмыс істеген Қытай Халық Республикасының Төрағасымен келіссөз өткізу жоспарланып отыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті көлік-логистика саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың тиімділігін айтты.

– Біз инфрақұрылымды дамыту жөнінде ауқымды жұмыс атқардық. Біз Қытай Халық Республикасымен жемісті ынтымақтастықты өте жоғары бағалаймыз және бұл өзара тиімді қатынастарды жалғастыра береміз, – деді Елбасы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев барша Қытай халқын Қытай Халық Республикасының 70 жылдығымен құттықтап, зор табыс және бақ-береке тіледі.

Елші Чжан Сяо Нұрсұлтан Назарбаевқа Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің зор ілтипатын жеткізді.

– «Бір белдеу, бір жол» атты екінші форум – 37 мемлекет пен үкіметтердің басшылары қатысатын ауқымды халықаралық шара. Қатысушылардың ішінде Сіз, Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл іс-шараның ең маңызды әрі құрметті қонағы боласыз, – деді ҚХР елшісі.

Чжан Сяо «Бір белдеу, бір жол» бастамасы мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаттың түйіндесуінің жемісті болғанын атап өтті.

– Бүгінде бірлескен 55 жобаның 9-ы жүзеге асырылды. Осы жылдың ішінде тағы 8 жобаны аяқтау жоспарлануда. Ынтымақтастығымыздың жемісті болуы, ең алдымен, Сіздің сіңірген зор еңбегіңіздің арқасы, – деді ҚХР елшісі.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше