Президент • 22 Сәуір, 2019

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Мун Чжэ Ин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

869 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Мун Чжэ Ин жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Корея Президенті Мун Чжэ Ин БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді

Журналистер алдында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Мун Чжэ Ин бастаған оңтүстік кореялық делегацияны қонақжай қазақ жерінде қабылдау үлкен мәртебе деп атап, бұл мемлекеттік сапардың екі елдің стратегиялық қарым-қатынастарының он жылдығына орай өтуі өзіндік мәнге ие екенін айтты.

Мемлекет басшысы Корея Республикасын сауда-экономикалық тұрғыдан Азиядағы ең ірі екінші әріптес екеніне және жаһандық, аймақтық мәселелер бойынша ынтымақтастықтың жоғары деңгейі қалыптасқанына тоқталды.

Қазақстанның әлемдік ядролық қаруға қарсы қозғалыстағы көшбасшылық рөлін атап өткен Қасым-Жомарт Тоқаев Корей түбегін денуклеаризациялау бойынша Сеулдің қадамын қолдайтынын айтты. Президенттің пікірінше, бұл мәселе әлем бойынша қауіпсіздікті, тұрақтылық пен орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін өте маңызды.

– Біз корейаралық диалогтың дамуын жіті бақылап отырмыз. Оңтүстік Корея көшбасшысы Мун Чжэ Ин мырзаның осы тағдыршешті үдерісте бейбітшілік пен мүдделі тараптар арасындағы келіссөздерді қайта бастауға бағытталған еңбегін жоғары бағалаймыз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы журналистерге корейлік әріптесімен болған келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың, халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер талқыланғаны жөнінде айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне арнайы тоқталды.

– Қазақстан Оңтүстік Кореямен Біріккен Ұлттар Ұйымы, Дүниежүзілік сауда ұйымы, «Орталық Азия – Корея Республикасы» форумы және тағы басқа құрылымдар аясында тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Бүгінгі сапардан кейін біздің әріптестігіміздің аясы кеңейе түсетіні сөзсіз, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, бұл жұмыстардың негізгі басымдығы Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында бүгін қол қойылған «Самал жел» жаңа экономикалық ынтымақтастық бағдарламасында көрініс тапқанын айтты.

– Біздің елдеріміз қазірдің өзінде машина жасау, жол құрылысы және инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, қаржы секторы, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технология салалары бойынша ірі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Корея бизнесінің ынтымақтастықты жандандыруға мүдделілік танытуы қуантады. Бүгінде 500-ден астам бірлескен кәсіпорын Қазақстан аумағында белсенді жұмыс істейді. Бұлардың қатары арта түседі деп ойлаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Брифинг барысында Қазақстан Президенті еліміздің кореялық инвестициялық технологияның енгізілуіне мүдделілігін тағы да нақтылады. Сондай-ақ, сауда-экономикалық және ғылыми-технологиялық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруға қатысты уағдаластық туралы және Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан - Оңтүстік Корея халықаралық IT-орталығын ашу жөнінде айтты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы көлік инфрақұрылымын салу жөніндегі ынтымақтастықты тереңдету мәселесіне ерекше назар аударып, «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы мен Оңтүстік кореялық «Жаңа солтүстік саясат» бағдарламасының стратегиялық басымдықтарының жақындығын айтты.

– Біз бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды қатар жүзеге асыра отырып, көлік-транзит бағдарын дамыту қажеттігі жөнінде өзара түсіністікке қол жеткіздік. Қытайдың Тынық мұхиты жағалауындағы Ляньюньган портында жұмыс істеп тұрған қазақстандық терминалдың мүмкіндігін корей тарапының белсенді пайдалану мәселелері туралы түсіністікке қол жеткізілді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қатысты шағын және орта бизнестің мүмкіндіктерін ынталандыру ісіндегі екі елдің банктері мен қаржы институттарының өзара ықпалдастығының маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, Оңтүстік кореялық кәсіпкерлерді Орталық Азия нарығына шығу үшін «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын пайдалануға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөздер барысында білім, денсаулық салалары, Арал теңізінің проблемасын шешу, экологиялық апат аймағындағы жағдайды оңалту және парламенттік дипломатия сияқты бірқатар мәселелер бойынша уағдаластыққа қол жеткізілгенін айтты.

Соңында Қазақстан Президенті Оңтүстік кореялық делегацияға және Президент Мун Чжэ Ин мырзаға мазмұнды келіссөздер үшін ризашылығын жеткізіп, бұл сапар Қазақстан мен Кореяның арасындағы достық пен өзара сенімге, әріптестікке негізделген ынтымақтастың одан әрі дамуына тың серпін беретініне сенім білдірді.   

***

Мемлекеттік сапар қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының бірлескен мәлімдемесі;

2. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;

3. Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасының «Самал жел» жаңарған экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы;

4. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Төртінші өнеркәсіп революциясы жөніндегі меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Бірлескен Халықаралық ІТ орталығын құру жөніндегі ниеттестік туралы хаттама;

6. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Корея Республикасының Ғылым және ақпараттық-коммуникативтік технологиялар министрлігі арасындағы Ғарыш кеңістігін бейбіт мақсатта бірлесе зерттеу және пайдалану саласында өзара түсіністік туралы меморандум;

7. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі мен Корея Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі арасындағы Денсаулық саласында «Самал жел» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі жоспар;

8. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кіріс комитеті мен Корея Республикасының Кеден қызметі арасындағы уәкілетті экономикалық операторларды мойындау жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум.