Соңғы деректерге қарағанда, жарылыстан қаза тапқандар саны 262 адамға жеткен. Ал жапа шеккендердің жалпы саны 500-ге жуық. Жапа шеккендер арасында Дания, Жапония, Пәкістан, Марокко, Үндістан, Бангладеш, ҚХР, Нидерланд, АҚШ, Түркия және Англия азаматтары бар. Бірақ негізгі бөлігі жергілікті азаматтар. Деректерге қарағанда, барлығы 35 шетелдік азаматтың жапа шеккендігі айтылуда. Қаза тапқандар арасында тек Ұлыбритания азаматтарының бар екендігі мәлім болды.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Шри-Ланка Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйеніп, қаза тапқандар арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін хабарлады.
Қазір Шри-Ланка өкіметі жарылыстарға қатысы болуы мүмкін деген 13 адамды құрықтаған. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі террористік актілерді айыптаған мәлімдеме таратты. Онда Қазақстан терроризмнің барлық түрдегі формаларын айыптайтындығы және әлемдік қоғамдастықпен бірлесіп, бұл жауыздыққа қарсы батыл күрес жүргізуі керектігі айтылған. Сонымен бірге мәлімдемеде жапа шеккендердің отбасыларына, барлық Шри-Ланка халқы мен өкіметіне көңіл айтылып, терактілерді ұйымдастырушылар мен орындаушылар тиісті жазасын алатынына сенім білдірілген.
Қазір Шри-Ланка өкіметі елде төтенше жағдай жариялап, коменданттық сағат енгізген. Елдің қорғаныс министрі Руван Вийевардене сегіз жарылыстың екеуін террорист-жанкештілердің жасағаны анықталғанын жариялады. Қазір олардың кім екендігі анықталған және олар экстремистік топтарға мүше екендігі де белгілі болды.
Еске сала кететін болсақ, биыл 15 наурызда Жаңа Зеландияның Крайстчерч қаласының екі мешітінде 28 жасар Брентон Таррант деген қанішер де террористік акті жасап, 50 адамды өлтіріп, тағы да 50-ге жуық адамды жаралаған еді. Алдымен ол Әл-Нұр мешітіне келіп, намаз уақытында мұсылмандарға оқ жаудырған. Содан кейін автомашинасына мініп, екінші мешітке жеткен. Мұнда да кәрі-жасқа қарамай, мешіттегілердің бәрін қыра берген. Қанішердің қолынан қаза тапқандардың жастары үш пен 77 жас аралығындағы бейбіт жандар. Ал қанішердің өзі Аустралияның ультра оңшыл көзқарастағы тобының мүшесі екендігі анықталған. Егер кейбір азаматтар оның қолына ұмтылып, қаруын қағып түсіруге тырыспаса, қаза болғандар мен жапа шеккендер саны бұдан да артық болар еді. Соның бірі Ауғанстаннан 80-жылдары Жаңа Зеландияға қоныс аударған 71 жастағы Дауд Наби болған.
Терроризмде ұлт та жоқ, дін де жоқ. Олардың қанды әрекеттерін ешкім де, ешқашан да ақтамайды. Ешқандай жазығы жоқ бейбіт тұрғындарды өзінің қаскөй әрекетінің құрбаны ету – нағыз надан адамдардың әрекеті.