Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны болады. Бірақ еткен еңбек, көрген бейнет, татқан зейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өзінше бағалап та жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға. Хайдар Арыстанбекұлы – ең алдымен кісілік келбеті жарқын, көңілі ашық, пейілі дариядай, өзіне жүктелген қандай жауапкершілігі зор міндеттерді мүлтіксіз іске асырған білікті басшы, ұстанымы мықты нағыз ұстаз болды. Қайраткер ғалымның терең білімі мен қуат-күші, рухани келбеті мен мықты ерік-жігері жүрегінде екені тұлғалық болмыс-бітімінен, тіршілігінде атқарған жүйелі де нәтижелі ісінен айқын аңғарылып тұратын.
Хайдар Арыстанбекұлының білім-ғылым жолындағы айшықты бір белесі Қазақ ауыл шаруашылығы институтында – тоқсан жылдық терең тарихы бар қазіргі Қазақ ұлттық аграрлық университеті қабырғасында өткенін біз мақтанышпен айта аламыз. Қайраткер ғалым осы институтта 1963–1981 жылдар аралығында басшылық қызмет атқарып, 19 жыл ректор болды. Одан кейінгі жылдары ұлағатты ұстаз ретінде институтта кафедра меңгерушісі, профессор болып, жастармен мол тәжірибесін бөлісті.
«Білім – таусылмайтын кен, ақыл – аздырмайтын ем» деп айтқан ата-бабаларымыздың сөзін жалау етіп, оқу-білімге ұмтылып, ғылымды игеруге талпынып, ауыл шаруашылығын мамандық ретінде таңдаған қаншама жасқа Хакең айқын бағыт көрсетіп, оларға үлкен өмірге жолдама алып берді.
Мен Хакеңді диқан сияқты дер едім. Ол зерделі ұстаз ретінде әр адамның жанына білім дәнін септі. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға қатайтып ұшыра білді. Адамды өмір сүруге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төкті.
Хайдар Арыстанбекұлының өнегелі өмірі негізінен ауыл шаруашылығымен байланысты болды. Дана халқымызда қалыптасқан түсінік: ауыл – алтын бесік, ұлт ұясы, мемлекеттік бірлікті, тұтастықты қалыптастырудың алғышарты. Ауыл – ұлттық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрдің, тұмса табиғат пен қазақы ән мен күйдің, береке мен молшылықтың ошағы. Осы бір құндылықтар алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің сабақтастығы арқылы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып кете береді.
Хакең қарапайым ауыл ортасында қалыптасқан, өз уақытының тарпаң тартысты талабынан озық бола білген, саналы өмірі мен қызметін жемісті нәтижелерге бағыттап, ұтқыр ұйымдастырушы бола білген қайраткер тұлға.
Қарағанды өңіріндегі Қоңырат ауданынан түлеп ұшып, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын 1941 жылы бітіріп, үлкен еңбекке араласып, ғылымды игеріп, биік белестерді бағындырды.
Қазақ КСР Техникалық дақылдар министрінің орынбасары, Қазақ КСР Мақта шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрі, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясы ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымдарын атқарып, ел сенімін ақтады.
Зиялы азамат, білікті басшы, ізденімпаз ғалым ретінде ауыл шаруашылығының уақыт талабына сай дамуына тікелей ықпал жасап, тиісті шешімдер қабылдап, соған сәйкес қолда бар мүмкіндіктерді жұмсай білген Хакең шынында да нағыз еңбекқор адам еді. Қай қызметте де қатаң тәртіп пен жеке бастың кіршіксіз тазалығын сақтап, жастарға қамқор болып, ғалымдар мен қарапайым шаруаға дейін қолдау білдірді.
Хайдар Арыстанбекұлының еліміздегі ауылшаруашылық саласының өркендеуіне қосқан үлесін ерекше атап өту керек. Көп жылдар экономиканың осы саласының шебер ұйымдастырушыларының, көрнекті басшыларының бірі болды. Соның арқасында есімі тек қана республикада емес, бүкіл Кеңес Одағы көлемінде белгілі болды. Қазақстанда тың және тыңайтылған жерлерді игеру ісіне тікелей араласып, күрделі де жауапкершілігі мол жұмыстарды іске асырған Хакең, әсірелемей айтқанда, ауыл шаруашылығының қара нары еді. Хайдар Арыстанбекұлы тың игеру жұмысының себеп-салдарын терең талдауға салды. Туған елдің ауыл шаруашылығына тигізетін пәрменді ықпалын ауылды көркейту мәселесіне бағыттады. Миллиондаған гектар жерді қопарып тастау бір жылдық қана науқан емес, біртұтас қаралып, кезекпен іске асатын, ұзақ уақытқа есептелген қоғамдық, мемлекеттік шаруа екенін, оның Қазақстан жер-суына байланысты ерекшеліктері болатынын, ғасырлар бойы жинақталған тәжірибені мұқият еске алу, ғалымдар мен мамандар, егіншілер мен малшылар кеңесіне құлақ асу керектігіне шешім қабылдайтын орындардың көзін жеткізуге көп күш салды.
1954 жылдың алғашқы қыс айларынан тың игеру аяқталғанға дейін осы тың аудандарының шаруашылығын жолға қоюға белсене қатысты. Солтүстік облыстарға келген жүз мыңдаған адамды қарсы алу, орналастыру, мамандыққа үйрету, тұрмыстық жағдай жасауын ұйымдастырудан бастап, жүздеген кеңшардың орналасатын жер мөлшерін белгілеу, жаңа ұжымдарды техникамен, жағар-жанармай, тұқым, минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мәселелерін шешті.
Өндіріс басында шыңдалған майталмандарды, белгілі ғалымдар мен жас мамандарды өз маңына топтастырып, үлкен мектеп қалыптастырды. Алматы, Мәскеу мекемелерінде аграрлық мәселелерді талқылап, Киев, Минскіде республика басшыларымен кездесіп, техника, кадр мәселелерін шешумен қатар кеңшар, аудан көлемінде істеліп жатқан жұмыстарды көзбен көріп, сапалы қарқынын көтеруге көп көңіл бөлді. Хакең әрбір кеңшар директорымен, бригада басшыларымен олардың шаруашылық-ұйымдастыру жұмыстарымен жақын таныс болды. Белгілі мемлекет қайраткерлерімен қатар қарапайым еңбек адамдарымен де тығыз байланысын үзбей, сыйласты. Олармен таныстырған да, табыстырған да – туған жер, оны ұтымды пайдаланудағы арман-мұрат үндестігі.
Хакең парасатты тұлға екенін еліне таныта білді. Ол адам бойындағы биік қасиеттерге білімімен, ғылымымен келетінін аңғартты. Бүкіл ауыл шаруашылығына игілікті ықпалын молынан тигізген Қазақ жер өңдеу (КИЗ) институтын да басқарды. Кейін Ауылшаруашылық ғылымдары академиясының президенті болды, көрнекті ғылыми нәтижелердің иегері ретінде Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті болып сайланды.
Хайдар Арыстанбекұлы Ауылшаруашылық институтын басқарған жылдары аталған оқу орны жаңа белестерге көтерілді. Осы қызметке келерден бұрын да ауыл шаруашылығын бес саусағындай жақсы білетін тәжірибелі кәсіби маман ретінде мүмкіндіктерін ел игілігіне жұмсай білді. Сондықтан Хакең ауылға қандай мамандар керек, заман мен шаруашылық талабы қандай екенін терең түсінген адам. Ол институт басшылығына келісімен оның жан-жақты дамуына, оқу сапасын арттыруға негізделген іс-шараларды жүзеге асырды. Көптеген жаңа оқу ғимараттарын салғызып, жаңа мамандықтар ашуға мұрындық болды. Хакеңнің іскерлігі мен табандылығының нәтижесінде қысқа мерзімде 4 оқу ғимараты, 5 жатақхана салынды. Оқу ғимараттары оқыту үрдісіне, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қажетті құралдармен жабдықталды. Соның ішінде машина мен трактор паркін пайдалану кафедрасының қажеттілігін ескеріп, ғылыми зерттеу жұмысын жүргізуге бағытталып ұйымдастырылған топырақ каналы Одақ көлемінде басқа жоғары оқу орындарында болған емес. Осы кезеңде ауылшаруашылық интситутының бастамашыл қадамдары мен енгізген жаңалықтары Одақ көлемінде назарға ілініп, басқа жоғары оқу орындарына үлгі ретінде ұсынылып жүрді. Институттағы окыту үрдісін жетілдірудегі, заман талабына сай қайта құрудағы іс-әрекетінің дәуірмен үндес болуы – Хакеңнің көп ізденістерінің, ерен еңбектерінің бір қыры ғана.
Хакең студенттердің алғашқы білім алу қадамын тәжірибемен астастыра жүргізуді жүзеге асыру керектігін ұжым мүшелеріне, окытушылардың назарына әрдайым еске салып, соның жүзеге асуына тікелей назар аударып, ерекше кеңіл бөліп отыратын. Соның нәтижесі болар: бітіруші мамандарға республикадан да тыс жерлерден сұраныс көп түсетін. Өмір-ортамен араласа жүріп, тәжірибеде байқай отырып, білім алудың тиімділігін алғаш дәлелдеушілердің бірі, бірегейі бола білді.
Ауыл шаруашылығы маманы тек бір саланың ғана шеңберінде шектеліп калмауы керек. Ол ауыл халқымен бірлікте қызмет атқаратын, түйсік-танымы ауқымды, жұртты өз бастамасына ілестіре алатын, ұйымдастырушы қабілеті жан-жақты болуы шарт. Соны ойластырған Хакең жас мамандардың әлеуметтік танымының кең де толымды болуын іске асыру жолында әр мәселеден мәлімет беретін секциялар ашуды қолға алып, жастардың білімін жетілдірумен қатар рухани-әлеуметтік мәселелеріне барынша көңіл бөлді.
Хакеңнің кіндік қаны тамып, өскен ортасы Ақтоғай – атақты аймақ. Оның атағы – айтулы азаматтары, қалың қазаққа қадірлі қыздары. Ақтоғайдың үш арысы: Ә.Бөкейхан, Ә.Ермеков, Ж.Ақбаев ұлтының бостандығы мен теңдігі, өз алдына мемлекет кұру, демократиялық өзгерістер жасау қозғалысының көшбасшылары болғаны тарихтан белгілі. Осындай алаш арыстары Кеңес өкіметі басшылығының алдына Атыраудан Алтайға, Қызылжардан Тасқалаға дейінгі аймақты занды түрде, декретпен казақ халқына мәңгі бекіту туралы ұсыныстарын қойып қол жеткізгеніне тарих куә. Жерді сақтау – ұлт болашағы деген ақиқатқа ардагерлік арымен, көрегендік, көсемдік күштерін сарп етті. Ал ақтоғайлык Күләш Байсейітованың әлем тарихында «Қазақ бұлбұлы» деген аты алтын әріптермен жазылды.
Болмысы бекзат, жүрегі кең, білімі терең Хакең өмірінің соңына дейін өз ұстанымдарына адал болып, тынымсыз еңбек етіп, соңынан сүбелі ғылыми мұра қалдырды. Ғалымның аграрлық салада атқарған зерделі еңбектері ғылыми ортада мойындалып, жоғары бағасын алып, әр жылдары құрметті атақтар мен марапаттарға ие болды.
Хайдар Арыстанбекұлы ауылшаруашылық саласын көтерумен қатар еліміздің іргелі мемлекет болып қалыптасуына қызмет еткен ұлтжанды азамат болды. Білім мен еңбекті өнегелі тәрбиемен ұштастыра білген тәлімі мол ұстаздың өмір жолы кейінгі буын жастарға үлгі-өнеге.
Тілектес ЕСПОЛОВ,
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры,
ҰҒА академигі