30 Қаңтар, 2013

Соғым

907 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін

Соғым

Болат ШӘКІМОВ.

_______________

Қыстың қарсаңында, кәдімгі қарашаның аяғы, желтоқсанның басында аяз айқұлақтанып, топырақ тоңазыған тұста өзіміздің жұп-жуас, моп-момақан өзеніміз Шежіннің бетін мөлдіреген қабыршық мұз құрсап, жерді үлпілдеген ұлпа қар құндақтайды. Сөйтіп қас-қағымда қыс түседі. Әйткенмен, алғашқы ақша қар ұзақ жатпай, адам аяғымен тапталып, машина мен трактор табанына жаншылып, балалардың бір-біріне лақтырып ойнауына жетіп-жетпей, әп-сәтте еріп, көксоқтаға айналады.

 

Болат ШӘКІМОВ.

_______________

Қыстың қарсаңында, кәдімгі қарашаның аяғы, желтоқсанның басында аяз айқұлақтанып, топырақ тоңазыған тұста өзіміздің жұп-жуас, моп-момақан өзеніміз Шежіннің бетін мөлдіреген қабыршық мұз құрсап, жерді үлпілдеген ұлпа қар құндақтайды. Сөйтіп қас-қағымда қыс түседі. Әйткенмен, алғашқы ақша қар ұзақ жатпай, адам аяғымен тапталып, машина мен трактор табанына жаншылып, балалардың бір-біріне лақтырып ойнауына жетіп-жетпей, әп-сәтте еріп, көксоқтаға айналады.

Алайда аяз барған сайын кәріне мініп, өзен мұзы қалыңдап, қатая түседі де, қар қайта жауады. Бұрынғыдай емес, жапалақтай жауып, боран соққан ақтүтек терістік желімен қиыршықталып, инедей қадалып, бет қаратпайды. Аяғыңның асты сықыр-сықыр бір әуен қар мен аяздың кең құлашты қытымыр билігін енді қашан көктем туғанша ешқандай жылымық ауыздықтай алмайды.

Дала жұмысы баяғыда аяқталған. Пішендік пен сарайлар иісі танау қытықтаған шөп пен арпа сабанына тіреліп тұр, жарма жем мен дән қалдықтарынан қамбалар аузы-мұрнынан шығады. Мал қолға қарап, түгел қорада.

Дәл осы кезде біздің ауылда, ауылда ғана емес, бүкіл өңірде соғым сою басталады. Бұл дегенің ауыл адамдары үшін көптен күткен, бүкілхалықтық бір мереке. Жылына бір келетін бұл мейрамның, әсіресе Кенжебай аға үшін орны ерекше.

Жұрттың бәрінің есіне бұл тұста Кенжебай аға түсіп, қадірі бірден артып шыға келеді. Әрбір үй малын соған сойдыруға таласады, себебі ол осы төңіректегі ең таңдаулы шебер қасапшы. Ол кез келген қараны әп-сәтте сойып, заматта жіліктеп, етін бұзып бере қояды.

Ас қадірін өзіндей көретін әрбір қожайын соғымын қолы құтты, епсекті Кенжебайға сойғызуға тырысады. Сондықтан оның да даңқы дүрілдеп, қолға оңай түсе қоймайды. Өз бағасын өзі бек білетін ол әуелі біраз бұлданып, басқа бір үйге уәде етіп қойып едім, деп әрлі-берлі жақауратып, ақыры көп жалындырмай, бәз-бір жақсылық жасағандай-ақ келісімін береді.

Дегенмен, ол кез келгеннің қолқасына құлай кетпейді. Кенжебай аға бұл жөнінен талғампаз, кісісін таңдап-таңдап барады.

Әдетте, соғым союды сенбіге немесе жексенбіге белгілеп, әзірлігін алдын-ала жасайды ғой. Анам сол күнге қонақтарын шақырып, дүкен­нен шырын, сусын, тәтті тәрізді дәмдер мен ет тұздауға қажет заттарын алдын-ала алып қояды. Соғым соятын күні таң алақарақтан тұрып, пешке от тұтатып, шелектерін салдырлата жүріп, үлкен қазанға су жылытады.

Үйге көршіміз Сағын аға келіп, маған пышақ пен балтаны қалай қайрау керек екенін үйретеді. Сосын мар­дымси басып маңғазданып, ки­­но­фильмдердегі қарақшылар сияқты неше түрлі пышақтарын сау­­сылдатып Кенжебай ағаның өзі ке­леді.

Сарайдан соғымға деген малды жетектеп алып келеді. Еңсесі жылдар салмағынан жаншылып, еңкіш тартқан әжем бата бергелі таяғына сүйеніп үйден шығады.

Кенжебай аға жануардың аяғын арқанмен матап, лезде қар үстіне құлата салады. Оған көмектесіп, соғымға шақы­рыл­ған екі-үш көрші жігіт жүр. Ең қы­зығы енді басталады. Кенжебай қалта­сынан былғары қынын суырып, одан жүзі аязбен шағылып, жалт-жұлт еткен мүйіз сапты сапысын шығарады. Көрші балалармен бірге аузымыз аңқиып, қасапшының қимыл-қарекетіне таңырқап біз тұрамыз. «Бәрімізде де осындай пышақ болса ғой» деп қоямыз іштей.

Сапысының жүзін саусағымен тағы да бір сипап көріп, үнсіз ғана ерінін жыбырлатып, Кенжебай аға бізге қарап бір зірк ете түсті де, іске кірісіп кетті.

Заматта біз құстай ұшып, тобымызбен сарайдың үстінен бір-ақ шықтық. Шытқыл аязда мейіліміз білгенше асыр салып, сарайдың үстіндегі шөпте секіріп ойнап, алысып-жұлысып жүріп біз бір сәт үлкендер жаққа көз тастамаймыз ба. Бақсақ, Кенжебай аға теріні сыпырып, етін де бұзып жатыр. Одан қасындағылар да қалысар емес. Өзара әзіл-қалжың айтыса жүріп бас қасапшының айтқанын бұлжытпай орындайтыны байқалады.

Аяз да бусанып алған. Олардың көңіл-күйі көтеріңкі екеніне қарағанда, апам жылынсын деп табаққа сап бір­деңе жұтқызып жібергенге ұқсайды. Жігіт­тердің бірі ет шабу үшін үлкен бір дөңбекті көтеріп әкеле жатыр. Ерлеріне көмектескелі таза жуылған шаралар мен ыстық су толтырылған шелектерді көте­ріп әйелдері де шықты.

– Мынау енді сендердің сыбағаларың, әйелдер, – деп еркектер оларға сойылған малдың ішек-қарыны мен өкпе-бауырын лақтырды. Бүгін бәрі әйелдеріне таңға­ларлықтай биязы да сыпайы. Бәлкім, бұл жұрттың мерекелік көңіл-күйін бұзғысы келмей әдемі көз қылу үшін жасағандары да болар.

Әйткенмен, бүгін бәрінің де жақ­сы­атты көрініп, ілтипатты танылуы алдағы аста-төк бай дастарқанның да әсері болса керек. Еркектер шаруаны шапшаң бі­тіріп, дастарқан басына тез қонжиюға асы­ғып, баладай дегбірсізденеді.

– Жаным-ау, мына суықта жаңа етік киіп сықырлағанша, жылы ұйығыңмен-ақ келмедің бе? – деді зайыбына Кенжебай аға. – Аязда аяғың тоңып, суықтап қалып жүрмегейсің. – Сосын өзіне онша жарас­пайтын қылық танытып, өзеурей: – Әй, Қарлығашжан-ай, – деп қойды.

Оның әйелін еркелетіп, өзеурегені сонша, дауысы да қатты шығып кетіп, айналасындағылардың бәрі естіді. Жары да оның асты-үстіне түсіп, байпаңдай қалғанына таңданып, ойыны ма, шыны ма дегендей, оған аңтарыла қарады. Жоқ, ерінің көзқарасы байыпты да аялы көрінді.

– Ештеңе етпес, ептеп төзермін, – деді ерінің аяқ астынан қалайша құбыла қал­ғанын түсінуге тырысқан әйелі қызарақ­тай баяу үн қатып.

– Қарайгөр мынаны, емешегі үзілуін! Немене, әйелің жаурап қалады деп қорқасың ба? Қарашы-ей, өзін! – деп Сағын аға оны бір қағытып өтті. Кім болса да тілімен бір қыршып алмай қой­майды ол. Ал әзіл-қалжыңға желеу болып, не айтсаң да көтере беретін Кенжебайдай азаматты табу қиын. – Әке-ау, менің қатыныма қарашы! Оттай жанып, трактордай заулап жүр, – деді көп жігіттердің мұның жап-жас, сымбатты әйеліне сұқтана қарайтынын білетін ол. – Кел онда, көрмей-ақ айырбас жасайық! Қалай, бұған қалай қарайсың? – деп миығынан күліп өз әйеліне көз тастап, оның да аңысын аңдыды.

Шөмішпен шараға еңкейіп жатқан қара көз ару Гүлфия тоқ балтырын жалтыратып, дөңгеленген бөксесін бір бұлт еткізіп, бойын тіктеді де, жүзі оттай алаулап,  ренжіген кейіп танытып, көзін төмен түсіріп, теріс айналды.

Бар бейілі мен мейірін әлгінде ғана өз әйеліне үйіп-төккен Кенжебай қысылғаннан аузына сөз түспей үнсіз қалды. Желкелеп кеп қалған жасы құрғыр-ай! Мынау Сағын буынсыз жерден пышақ ұрды-ау.

– Бұл суықтап қалса, сиыр сауатын ешкім болмай қалады ғой, – деп ақталғандай болып шынын айтқан Кенжебай аға Сағын ағайға сенсең шыным осы дегендей сынай қарады да, басқалар секем алып қалмасын деп:

– Несі бар, ойың жақсы екен, уақытша айырбастасақ айырбасталық, – деді.

Сүйегі ірі, денелі Қарлығаш тәте қолына іліккен бір сайғақты ала сап, күйеуінің жон арқасынан бір соқты.

– Қарашы-ей, жас иіс іздейді, ә!

– Пай-пай, қатекем-ай, мені әлі күнге дейін қызғанады өзі! – деп қарқ-қарқ күлген Кенжебай аға тағы да бірдеңе айтуға оқталып еді.

– Қояншық! – деп бір-ақ қайырған әйелі осымен әңгіме тәмәм дегендей, сайғағын бір жаққа лақтыра салды.

– Қанша отассаңдар да, отбасының әдіс-айласын игермепсіңдер, – деп сөзге Бақытжан аға араласты. – Біз, міне, бәй­бішемізбен әлі күнге көгершіндей гүжіл­десіп, өбісеміз де жатамыз.

– Әу, ауызбен орақ оруды доғар­саң­даршы, – деді шапшаң сөйлейтін бәке­не бойлы Дариға апай жұрт ерінің сөзіне сеніп қалды ма деп шыр-пыр боп. – Оған құлақ қоймаңдар. Құлақ сал­саңдар, қайдағы-жайдағыны айтып тантып кетеді…

Жұртқа да керегі осы еді. Дариға қалжыңды түсінбейтін, бәрін айтқан қалпында шын деп қабылдайтын әйел болатын.

– Оның несі бар екен, айдай ақиқатым осы болса, – деп ежіктеді бәйбішесіне маңғаздана қараған Бақытжан аға. – Сені шынында да құлай сүйсем, онда тұрған не сөкеттік бар, ақымағым-ау?

Бақытжан ағай сендіре сөйлейді. Да­риға апай нарттай жайнап, ерінің сөзі­не сенерін де, сенбесін де білмей, талай жыл бірге тұрса да күйеуінің қыл­жақ­тап отырғанын, не шынын ақтарып отырғанын білмей-ақ қойды.

 Барлығы жабыла күліп, жұмыла жұмыс істеп жатыр.

Ерлер етті бұзып, жіліктеп, суықта сорғысын деп төселген күлиенкеге жайып, майлы-майлы жерін қуырдаққа деп кесіп алып жатыр. Әйелдер жеңдерін түріп тастап, ішек-қарынды тазалап, жуып, бөліп-бөліп етке қосып, шараларға тау-төбе қылып үйе салып, суық, жазғы ас үйге апарып, тұздауға кірісіп кетті.

 Жұмысын бітірді ме екен деп ауық-ауық қасапшылар жағына қарап қоямыз. Жұмсаса жүгіріп барып оларға шылым әкеліп беріп, қолдарын жуамын десе, кепсермен шелектен жылы су алып құйып тұруға әзірміз. Бағдар деген аты ерендеу де ерсілеу біздің дүрегей иті­мізде бүгін ес жоқ, айналшықтап жанымыздан шықпайды, тойға ол да елегізіп алған.

Кенжебай аға әлгінде оған көк­бау­ыр­дан кесіп алып бір кесегін лақтырған-ды. Оны қылғытып тастап Бағдар бейтаныс ағайды жақын тартып жанынан шықпай жағынып жалағысы келеді. Алайда, Кенжебай аға мұрнын тыржитып, маңына жолатқысы келмегенмен, ит қыңсылап оның етігін иіскейді. Кенжебай аға аса мейірбан жан ғой, иттің баласынан құтылғысы келіп оған бір кесек тарамыс безін тағы тастады.

Абажадай қазанда пышылдап қуыр­дақ пісіріліп жатыр, қайталанбас хош иісі танау қытықтап шыдатар емес. Түс­ке таман ерлер жұмысын тәмамдап, темекі тартып сыртта біраз тұрған соң, қолдарын жуып, үйге кірді. Соғым дас­тар­қанының басты дәмі – қуырдақ пісіп түскен еді.

Қонақжайдағы кілем үстіне кең дастарқан жайып, апам бізді ас үйге енгізіп, соңыра қонақтарға бөгет болмасын деп қуырдақ беріп, азықтандырып алды да, бар ойнаңдар деп далаға қуып жіберді.

Қарнымыздың тойғанына разы болып далаға ата шыққан біз, аязда асыр салып тағы да шатырдан шөпке секіріп, көшеде неше түрлі ойын ойнадық.

Қонақтар қол жуып, жиегіне дейін дәмді тағамдар сықасқан кең дастарқанның басына қолтығына бір-бір жастықтан басып тегіс жайғасты. Астың бәрі анау-мынау үстелдің үстіне қойылса ол сөзсіз қайысып, сынып кетер ме еді, қайтер еді.

Қонақтарының алдына анам не жаймады дейсің?! Онда тоқаш та, бауырсақ та, бәліш те, мамырдың сары майы мен қазы-қарта сияқты үй тағамдары не сән, өрік-мейізге қоса анамның өз қолынан қайнатқан түрлі тосаптары мен өзі жа­са­ған тұздықтары да әралуан. Ең бас­ты­сы буы бұрқырап хош иісті қуырдақ та келді ортаға.

Дастарқан қайысқан осынша тағамды ешкімнің де жеп тауыса алмасы белгілі. Бірақ ата-бабадан қалған дәстүрі бойынша қазаққа қонақтан қалаулы, қонақтан қадірлі ешкім жоқ, сондықтан қолда барының бәрін де соның алдына тосады.

Хош иісті цейлон шайы құйылған кеселерін дәм толы дастарқанға қонақтар әрең орналастырып жатыр.

Төрдегі ең құрметті орында көршіміз, төре, қадірмен қонақ ретінде арнайы шақырылған Бейсенбай ақсақал отыр да, одан кейінгі мәртебе кәдімгі Кенжебай ағаға бұйырған, қалғандары рет-ретімен жайғасқан.

Қуырдақтан алдымен шаңырақтың үлкені – әжем татуға тиіс.

Қалтыраған қолымен шанышқыны ұзақ ұстап ол қуырдақтың бір турамын іліп алуға тырысулы. Отырғандардың бәрі әлгі кесектің оның аузына тезірек түсуін күтеді. Ақыры әжем оны аузына салып, қызыл иегімен малжаңдай бастады-ау. Қуырдақты мақтап, көмектері үшін жиналғандарға рахметін де жаудырды. Қонақтар да әуелі бауырсақтың дәмін татып, сосын ыстық асқа бас қойды.

Дәмаға болып, дастарқанды бас­қарушы, апам өтінген жақын көршіміз Сағын аға сәл-пәл маңғаздана жөткірініп:

– Ет суып қалады ғой, – деуі мұң екен, жігіттер мұның ішу керек деген сөз екенін сезіп, жапа-тармағай рөмкелерін қолына алды.

– Соғым шүйгін болсын! – деді олар. – Тек игілікке ғана жегізсін.

Кенжебай аға соғымын сойған әр үйде айтатын үйреншікті сөзі аузынан еріксіз шығып кетіп:

– Еті тамаша екен, – деді. – Семіз де емес, арық та емес, тамаша ет! – деп қайталаған Кенжебай дастарқан басындағыларды көзбен бір шолып шығып, айтқаным дұрыс па дегендей зайыбына телміре қарады.

Қарлығаш тәте мерейі тасып, бақыттан шалқып отыр. Шіркін, мұның күйеуі қандай десеңші! Ауылдағы бір деген шебер қасапшы, әрі қадірменді кісі. Жұрттың бәрі жамырап дәмі тіл үйірген етті мақтап, қуырдаққа жапырлай бас қойды. Бәрінің ортақ пікірі – еттің керемет дәмді болғаны.

Апам шай құя отырып, олардың алуан үнді шуылына құлақ тосады. Меймандар ептілігі мен епсектілігі үшін Кенжебай ағаны мақтап қоюды да ұмытпайы.

– Кенжекең болмағанда біз соғымды қас қарайғанша сойып бітірмес едік, – дейді олар.

Солайы солай да. Алайда Кенжебай аға бұларына разы болса да, мақтауды естімеген секілді. Байсалданып, қуыр­дақты қарбытып отыр. Қарлығаш тәте күйеуіне енді басқаша қарайтын сияқты. Оған деген сүйіспеншілігін жасыра алмай елжірей түседі.

Сағын аға арақты қайтадан құйып, менің марқұм әкемнің аруағы үшін ішіп қоюды сұрады. Сосын анам мен балалар үшін, сәтті сойылған соғым үшін көтеруді ұсынды. Сағын ағаның сөзге сараңдау екенін екінің бірі біледі. Оған дастарқан басқарып, асаба болудан тракторды бөлшектеп бұзып, қайта жинау әлдеқайда оңай. Сондықтан жігіттер тост көтеріп өздерін қинамай, онсыз-ақ сілтей береді. Көбінесе Сағын ағаның үйреншікті иек қағысы мен оң қолының қимылынан түсініп, оның ыңғайына үйірілген қонақтар қолдарындағысын сыңғыта салады.

Су жаңа ақ орамалын қасына түсіре тартып, шолақ жең жаңа көйлек киген апам топ-толық білегін шынтағына дейін жалаңаштап алып, ыстық қуырдақты кісілердің алдындағы табақшаларға толтырып, самауырға қайнаған су үстеп, жиын-той үшін буфеттен әдейі шығарған фарфор ақ құманға қайта-қайта шай демдеп, бәріне де үлгеріп жүр. Ол әрбір қонаққа бәйек болып, жылышырай танытып, кідіртпей шайларын құйып бере отырып, әзіл-қалжың да айтып қояды.

Өзгелерге де енді еркін отырып әңгімелесуге болады. Басты шаруа тынды – соғым жақсы шықты. Сонда да оның көңілі әлденеге алаң сияқты. Ойламайын десе де көңіл құрғыры тұрмыстың әр қиырын шарлап, көзге мұң ұялатады. Дайындалған шөп қысқа жетер ме екен, сиыр көктемге дейін бұзаулайтын шығар, деп ойлайды.

Қам-қарекеттің бәрі бір апамның мойнында. Басқа бөлісер жан жоқ. Құдайға шүкір, балалар өсіп келеді, бар үміті солар ғана. Оларды ойлағанда апам көзі жайнап, жүзі жадырай түседі. Шулы-дулы, думанды соғым тойы осылай жалғаса береді.

Бір ыңғайын тауып Сағын ағаның келіншегі Гүлфия тәте ерінің қасына кеп жайғасып, басқаларға білдіртпей, оны бүйірден түртіп қойды, бұнысы болды енді, тым салынып кетпе деген белгісі. Оның ым-жымын елең қылар Сағын қайда, серкелік сері шаруасын қыздыра түседі. Тіптен болмаған соң әйелі шымшып кеп қалып еді, ол оған жалт бұрылып:

– Қойшы-ей! – деді басқалар біліп қалмасын әрі әйелі де ыңғайсызданбасын деген оймен байсалды ғана үн қатып.

Гүлфия тәте қызарып кетті, бірақ алған бетінен қайтқан жоқ. Ақыры, әйелі шамына тиіп, Сағын ағаны шыдамынан шығарды да, ол зайыбына жанары ұшқындап, зілдене тесіле қарады. Әйелі оның қаһарына шыдамай, ренжіп, теріс айналды. Қонақтардың көңіл-күйі көтеріңкі.

– Кәне, Кенжеке, бір ән салып жіберші, – деп енді олар Кенжебай ағаға қолқа салды. Оның әнді тамаша айтатынын барлығы біледі.

– Олай болса, айтуға болады, – деп ол бас тартқан жоқ.

Кенжебай ағаның қолына домбыра ұстатты. Ол айтулы қасапшы ғана емес, әйдік әнші, суырып салма, тума ақын да. Домбыраға үңіле отырып Кенжебай аға әуелі аспапты күйге келтіріп алды. Сосын жас жігіттей басын бір сілкіп тас­тап, көзі ұшқын шашып, саусақтары перне бойлап, қос ішекті қағып-қағып жіберді.

Әуелі баяулата толғап, сосын шарық­тата шалқып шырқалған әуен қазақтың шетсіз-шексіз даласындай көсіліп төгілді-ай кеп. Кенжебай аға көзін қайдағы бір қиырға қадап тебірене отырып, сүйкімді баритон үнмен «Ауылым» әніне басты. Ол өз өлкесінің тұнған сұлулығын, туған ауылға деген сүйіспеншілігін, оған деген сағынышын толғап, қазақтардың жомарт жанын жырға қосты.

Қонақтардың делебесі қозып, қанат­танып кеткендей ара-тұра қосылып қойып, қолпаштай қолдап отырды. Оны айтқанда жұрттың өзі әуелеп, ән қана­тымен самғап жүргендей еді.

Ән де тынды. Оның ырғағына ұйып, бауралған жұрттың көңіл құсы асқақ ән биігінен біразға дейін жерге түсе ал­ма­ғандай терең күрсініп барып басылды.

– Кенжеке, махаббат жайында шыр­қаңызшы, – деп әлгі тым-тырыс тыныш­тықтың қаймағын Гүлфия тәтей бұзды.

Енді әлемге ұлы Пушкин сыйлап, қазақтардың жүрегіне даланың дара ақыны Абай жеткізген орыс қызы Татья­на­ның ыстық махаббаты туралы ән сәл мұңлы сиқырлы әуенмен тар үйден шалқи шығып, ызғарлы дала кеңістігіне құлаш ұрды. Әйелдер жағының көз алдына тағдыры өздерімен өзектес қарапайым орыс қызы келеді.

Бұлауланып мөлтілдей бастаған мұң­лы көздерін қиянға қадаған олар өздері жайында ән шырқалып жатқандай ішкі шерін тарқатады. Оларға сәл үнсіз қалған баяу үнмен ерлер жағы да қосылып, ән тез аяқталса екен дегендей, шүпілдеген рөмкелерге көз сүзеді. Арқасын еріне тақап отырып, бір бұрышта Гүлфия ару Кенжебай ағаға көзінің қиығын тастап баяу күрсініп қояды.

Кенжебай ән салғанда қандай сұлуланып кетеді дейсің! Жүзі жас жігіттей нұрланып, қара көзі жалт-жұлт етіп, жанарында тылсым мұң ұйып, әжімсіз маңдайына жылтылдап маржан тер тізілген.

Сәлден соң ол толғана басын иіп, баяу бір сазбен әнін аяқтады, қара бұйра шашын сілкіп тастап, домбырасын безілдете қағып, жаңа бір әнді шырқай жөнеледі.

Шай ішіп, ән тыңдап, меймандар мәз-мейрам боп отырғанда қазанда ет пісіріліп жатты.

Ерлер жағы шайдан кейін айбанға шығып, біразға дейін темекі тартады. Әйелдер болса, әңгімелесе жүріп апама жәрдемдесіп, ыдыс-аяқ жинасты.

Тоя ішкен тамақ пен еркін сілтеген арақтан бусанған жігіттер жағы суыққа сорылып әжептәуір салқындады. Теме­кіні бұрқырата тұрып әңгіме-дүкен қыз­дырған олар шаруа жайын ұзақ талқылады. Көше жақтағы сәл ашық есіктің саңылауынан айбанға сыздықтап суық ауа еніп, еденді жалап сырғанап, іштегі жылумен араласып, будақ-будақ бу болып көлбейді. Қою түтін мен будың арасынан ерлердің жүзі қып-қызыл нарттай болып көрінеді.

Шылымды шегіп болып олар дүркірей үйге енді.

Дастарқанда буы бұрқырап астауда ет тұр. Ыстық еттің пияз бен аскөктің иісі кеңсірік жарып, үй ішін кеулеп кеткен. Апам үлкен табақтан шекені алып, өзіміздің әдет-ғұрып бойынша ауылдың ақсақалы Байсалбай атаның алдына қойды. Басқа меймандар да кәделі мүшесінен құр қалған жоқ.

Қазақтың еті пияз туралған сорпасыз, құрт езілген көжесіз бола ма, кеселерге құйылып олар да келіп қалды. Қалыптасқан дәстүр бойынша астың алдын үйдің ең үлкен қожайыны – әжем алып, қонақтардың қысылмай-қымтырылмай тағамды еркін ішіп-жеуін өтінеді.

Жігіттер үзіліс кезінде аз-кем сабасына түскен сияқты. Бастан бұйығылау отырған олар ас жылжытармен жылынып алған соң думанды той арнасына лезде түсіп, көсіліп жүре берді.

Жаппай мойындалмағанмен, жұрт керемет жақсы көретін ауылдың ұлы думаны, ән-күйімен астасып, әзіл-қалжыңмен араласып, көңілді күлкімен қарық қылатын соғым тойы түн ортасы ауғанға дейін созылды.

Ауыл адамдары айтарлықтай еңбек етті. Биылғы жаңбырсыз қуаң жаз жұртқа ауыр соқты. Жүйкесі қанша жұқарғанмен олар қиындыққа төтеп беріп, төзудей-ақ төзіп, ақыры ауыртпалықты еңсере білді. Хал-қадерінше жұдырықтай жұмылып, астығын жинап, малдың шөбі мен басқа да азығын қамдап алды.

Соғым күні солардың барлығын ұмытып, ауыл өмірінің әсте бітпейтін күрмеуі қиын шаруаларын естен шығарып, арқа-басты кеңге салып, еркін дем алып, жанға жақын сүйікті әндерін шырқағанға не жетсін! Зәуде жылда осылай ғой, өзі.

Ауылда бұл атамзаманнан бар әдет. Көнекөз қарияларымыз келесі жыл тоқ, астықты, жомарт жыл болады деседі. Ауыздарына май, құдайдың құлағына шалынсын.

Ал сыртта, терезенің ар жағында аязы бет қарыған кәдімгі қыс. Кәрлі де қарлы ұзақ қыс.

Аждаһадай ақырған қаһарлы қыстың келешекке қандай күтпеген сыбаға әзірлеп тұрғаны әзір пенде атаулыға беймәлім. Алайда, балалық шақтың сол бір таңғажайып сәттері, ешқашан көмескі тартпай көңілде қалып қойған сол бір ауыл думаны, сол бір аязы айқұлақтанған қыстың сол бір жұлдызды түні қалған өмірімізді мәңгі бақи нұрландырып, жылытып жүретін тәрізді.

Орысшадан аударған

Сарбас АҚТАЕВ.