30 Қаңтар, 2013

«Алыстан сермеп, жүректен тербеп»

557 рет
көрсетілді
42 мин
оқу үшін

«Алыстан сермеп, жүректен тербеп»

ЕБIНЕЙ БӨКЕТОВТIҢ ХАТТАРЫ БОЙЫНША ЭССЕ

Медеу СӘРСЕКЕ,

жазушы.

______________

 

ЕБIНЕЙ БӨКЕТОВТIҢ ХАТТАРЫ БОЙЫНША ЭССЕ

Медеу СӘРСЕКЕ,

жазушы.

______________

Бұдан елу-алпыс жыл бұрын екi мемлекетте ғана емес, ұрымтал екi ауылда отырған адамдар бiр-бiрiне көл-көсiр хат жазып, шаруа жайын, жай-күйiн ақ қағаз арқылы жеткiзiп, жан сырын да ағынан жарыла шертетiн едi. Соларды оқып отырып, бұдан жүз жыл бұрынғы жан иесiнiң ойын, тұрмыс тынысын, не киiп, не iшетiнiн, мiнез-құлқын да айна-қатесiз айыруға болатын-ды. Бұдан жиырма-отыз жыл бұрынғы дәстүрлi мерекелер қарса­ңында бiр-бiрiмiзге ашық хат («открытка» аталатын) жолдап, игi тiлек, құттықтау айту да ұмыт бола бастады. Әлбетте, мүдделi iс туралы да қаншама хаттар жаздық. Соның бәрiн қазiр сұқ саусағындай ғана ұялы телефон ауыстырды. Сонымен-ақ өзiмiздi қаншама рухани тонап, өмiр сүру қызығын мейлiнше жұ­тайтып алға­нымызды, сiрә, түсiнбеймiз. Қан­ша­ма ыстық сезiм, айран-асыр қуа­ныштан жұрдай болдық десеңiзшi!.. Осы бір өкініш есiмi дүйiм елге мәшһүр академик Ебiней Арыс­танұлы Бөкетовтің архивiнде сақталған қисапсыз көп хат бумаларын оқыған кезде, тіпті, өзекті өртейді. Хаттар Ебiней Арыс­тан­ұлының 1960 жылы Қара­ғандыға, ҰҒА-ның Химия-металлургия институтына директор болып ауысып, сол жерде 1983 жылдың аяғында опат бол­ғанға дейiнгi 23 жылдық ғұмырын қамтиды. Ұзын-саны мың қаралы. Жағрафиялық жөнiнен Мәскеу, Ленинград, Киев, Вологда, Донец, Иван-Франко, Свердлов (Екатеринбург), Новосiбiр, Қорған, Том, Алматы, Семей, Қызылжар, Тәшкент, Бiшкек, Тараз, Шымкент, т.б. ондаған қалалар, селолар мен ауылдардан жазылған. Әрине, солардың бәрiне ғалым жауап жазған, кейде көкейкестi iс мүддесiн ойлап, өзi де көл-көсiр хаттар жолдаған. Өкiнiштi жайт: үнемi қара сиямен әрі қолымен жазғандықтан көптеген хат­тардың кө­шiрмесi сақтал­маған; оларда не жайында сөз болғандығын жауап хаттарды оқудан тұспалдап ұғуға болады; соның өзiнде сұңғыла ойлы, жаны мен жады сергек ғұламаның бүкiл болмысын, алып тұрпа­тына сай кесек тұлғасын жете ұғынасың.

Әрине, 2005-2011 жылдар аралы­ғын­да Алматыдан, Ас­та­надан, Мәскеуден жә­не Қарағандыдан жарық көрген «Ебi­­­ней Бөкетов» (жиыны 6 мәрте, таралымы 14,5 мың дана) ғұмырнама кітаптарымда мен бұл хаттардың таң­­даулыларын әже­тiме жаратып, ғалым бейнесiн сом­дауға барынша пайдаландым. Бiрақ, бәр-бәрiн ұқсата ал­мағаным түсiнiктi. Төменде мен біртуар ғалым поштасын қайыра бiр сұрыптап, барынша iрiктеп, жан-жақты бiлiмдi, өнерлi, ұлттық ғылымды өзi шұ­ғылдан­ған сирек металдар технологиясы саласында дүние­жү­зiлiк деңгейге көтер­ген ғұлама перзентiмiздiң жан дүние­сiн осы қыры­нан әсiрелеусiз ашуға талап жасап отырмын…

 

Ғалымның ойын бұзбас үшін кейбір үзінділерді жазылған қалпында келтір­дім. Енді біразын қазақша үрдіске түсірдім…

Е.А.Бөкетовтiң Б.Ф.Тарасовқа хатынан (4 шiлде 1982 жыл):

«Жетi жасар балақанның жадында көп нәрсенiң сақталмайтынын ескерте отырып, мен сiзге, аса қадiрмендi Борис Федорович, Малый Кизякта тұрған уа­қыт­та есiмде емiс-емiс қалған кейбiр оқиғалар көз алдымда көлбеңдеп, әр алуан ойға түсiретiнiн ашық айтқым келеді. Солардың бiрi – ең алғашқы ұстазымның мейiрман бейнесi. Ол кiсi толық денелi, кексе тартқан әйел едi, дабырлап қатты сөйлейтiн, үнi бiрақ құлаққа жағымды естiлетiн-дi. Орыс тiлiн ол кезде мен мүл­дем бiлмеймiн, ұстазым есiмiн атауға тiлiм келмей қиналғаным есiмде. Сiрә, сол себептен де ол кiсi менiң жадымда Агустастина болып мәңгi жатталып қал­ды. Бертiнде, сiздiң халықтың тiлiнiң бүге-шiгесiн меңгерген кезде бұл есiмнiң Августа Устиновна екенiн шамаладым. Ал нақты фамилиясы туралы менiң де, әке-шешемнiң де ешқандай түйсiгi бол­ма­ғанына түсiнiкпен қараңыз… Жә, сонда ол кiсiнi нелiктен ұмытпадым дегенге келсек? Бұл болса бiздiң отбасының әрдайым сүйiспеншiлiкпен еске алатын және жиi айтатын әңгімесі…

Оның себебi қатал тағдыр тәлкегiмен туып-өскен жерiнен безiп, босқын болған жылдарында үй-iшiмiзге сiздiң анаңыз­дың көрсеткен шынайы кiсiлiк қылы­ғында дер едiм. Мынадай жәйтке сiз мән бере қара­ңыз: бiр жолы менiң әкем әлде­бiр танысымен өзiңiзге мәлiм Лебяжi стан­­­сасына барып, күмiстен соғылған кей­­­бiр заттарын азық-түлiкке айырбас­тамақ болады, амал нешiк, сол күнi олар тым қырағы мили­ционердiң қолына түсiп қалады; бiрден-бiр асыраушысынан айы­рылған анам көз жасын көлдетiп, менi жетектеп мектепке барады; Августа Устиновна дереу сiздiң әкеңiзге ат жек­­­тiрiп, аудан орталығына жетiп, торкөздi үйдiң iшiн­де нақақтан отырған шер­менделердi бостандыққа шығарады; егер ол кiсi же­деғабыл араласпаса – бiздiң отба­сы­­­ның жағ­­­дайы не болар едi, менiң де келешек тағ­­ды­­рым нендей қияметке түсерiн құдай бiлсiн?!

…Қысқасы, шынайы ұстазым, жүрегi қайырымдылыққа толы жанның кiм еке­нiн бiлмекке мен құштар болдым. Тым кеш болса да жөн-жобасын анықтауды жөн көрдiм. Содан, не керек, өткен жылы Қорған облысына арнайы барып, Малый Кизякты тауып, мұғалiмiмдi сұрастырып едiм, селоның жаңа тұрғындары ештеңе айта алмады. Мектеп үйi тып-типыл жоқ болыпты, оның жұртын бойлап өскен ескi еменнен таныдым. Қайтарда далбаса үмiтпен Мокроусово қалашығындағы өлкетану мұражайына со­ғып, одан сiздiң ағаңыз, генерал Г.Ф. Тара­совқа арналған стендтi көрiп, кiшкентай Германды алдына алып отырған келбеттi әйелдiң суретiне көзiм түскенде сiлейiп тұрып қалдым. «Батырдың анасы – Августа Устиновна Тарасова» – деген түсiнiк айтты мұражай қызметкерi. «Оған қоса менiң ең алғашқы Агустастина ұстазым, өзiме әлiппе танытып, әкемдi түрмеден құтқарушы!..» – дедiм көп жыл алаң боп жүрген жұм­бақтың оп-оңай шешiлгенiне қуанып.

1997 жылы жарыққа шыққан «Наш Букетов» атты кiтапта жарияланған естелi­гiнде Ресей ғалымы, Орал политехника инс­титу­тының ректоры С.­С.Набойченко «Бiр­­туар, Ойшыл, Еңбекқор» деп өз басынан кеш­кен мына бiр жайтты бүк­песіз әңгiмелептi:

«1978 жылы мыс металлургиясында автоклав жарағын қолдану жайында док­тор­лық диссертация дайындап, ғылыми жетек­шiм И.Ф.Худяков екеумiз оппо­нент­тiң бi­рiне Е.А.Бөкетовтi шақыруды жөн көр­дiк. Ол кiсi бiрден келiстi. Бар жұмыс бiтiп, жұмысты қорғау 1979 жылдың 7 ақпанына бел­гiлен­ген… Кенет қорғауға екi апта қал­ғанда Ебiней Арыстанович менi Қара­ған­дыға шақырды. Жұмысымның қолжаз­ба­сынан көптеген сти­листикалық қателiк­тер көрiптi, кейбiр жерiн қайта түзету жө­нiнде диктофонға пiкiрiн жазып қойыпты. «Жұ­мысың ғылыми жөнiнен өте мәндi, бiрақ соны баяндауың өте нашар жазылған, қате құрылған сөйлемдер бар. Ғылым докторы атанбақ бiлiктi орыс адамына менiң, қазақ баласының орыс тiлiн былай жаз деп ақыл айтуым ыңғайсыз нәрсе…» – деп жұ­мы­­сым­ды қайтарып бердi. Айтып отыр­ғаны – екi аптада түзелмейтiн олқылық. Ұн­жырғам түскен мен: «Құптамаған пiкiр жазып бер­сеңiз де қорғауды тоқтатпаймын!..» – деп өре тұрдым. Алайда, Ебiней Арыстанович райынан қайтпады.

Менiң қозғауыммен Свердловтан телефон шалған ғылыми кеңестiң төрағасы мен оның орынбасарының өтiнiшiн, төтенше жағдайды түсiндiруге тырысқан үгiт сөзде­рiн құлағына қыстырған жоқ. Айтары бiр-ақ сөз: «Шалағай да сауатсыз жазылған жұ­мысты талқыға жiберуге болмайды!». Амал қанша, қорғау мерзiмiн бiр айға шегiн­дiр­дiк. Менiң сорыма қарай, ғылыми кеңестiң өкiлдiк мерзiмi бiтiп, ақыры оны бiр жыл кешiгiп, 1980 жылдың ақпан айында қор­ғадым. Ебiней Арыстановичтiң рецензиясы оңды болды, кеңес мүшелерi жүз пайыз дауыс берiп сенiм көрсеттi, жарым жылдан соң ВАК-тың мақұлдаған қарарын алдым…

Әрине, сол кезде мен ол кiсiге кектене қарап, ұсақ-түйекке соншама шүйiлгенiне ренжiп жүрдiм. Арада бiраз уақыт өткен соң келешек өмiр жолыма ұлағаты мол сабақ алғанымды түсiндiм. Содан былай ойымды нақтылап жазуды, әр сөйлемнiң түсiнiктi де жинақы болуын қатты қада­ға­лайтын болдым, оны аз десеңiз, шәкiрт­те­рiм­нен де соны талап ететiн әдетке бой­сұндым. Әлбетте, сол бiр табанды да қатаң талабы үшiн қазақ әрiптесiме өмiр бақи қарыздармын. Мұндай қылық өте күштi, айтқанына кәмiл сенiмдi үлкен тұлғадан туатыны түсiнiктi…».

* * *

«Қарғам Есләмбек! 1943 жыл. Жаз­ғы­тұрым. Жобасы, март айы. Әкей марқұм 1942 жылдың 9 декабрінде қайтыс болды. Жиған-тергенiмiздi әкемiздiң батаоқырына түгел жұмсадық. Өйткенi, «Өлiм бардың малын шашады, жоқтың артын ашады…» деген нақыл бар. Иманды болғыр Бәлтай шешемiз алды-артына қараған жоқ, қол­дағының бәрiн ас беруге салды. Қызыл сиыр көтерем боп жер қапты. Көк биеден де айырылдық, асырай алмадық… – деген сөз­дердi Ебiней Арыс­тан­ұлы артынан ерген төрт iнiсiнiң ең кiшi­сiне 1981 жылдың 16 қыркүйегінде жолдаған. Сiрә, Қарағайлы қорғасын комбинатының бас директоры болып отырған бауырының кеуде керетiн өктем қылығын ұнатпай, қандай жағдайда өскенiн есiне салып қоюды жөн көрген сыңайлы. – Мен Ольгинкада мұғалiм­мiн, айына бiр пұттай паек аламын, үй-iшiмiз соған қарап қалды. Сөйтiп жүргенде бiр күнi, талонға зат беретiн рәсiм болушы едi, соның бiреуiне саған кiшкентай бәтеңке алып келдiм. «Қарғам-ау, – дедi шешеміз. – Мұ­ны қайтушы едiң, соның орнына… бiр көй­лектiк мата алсаң едi…» Сонда да ойыма келген iстi байқайын деп, сенiң екi жарым жас­тағы кезiң, екi аяғың шидей, ме­шелсiң (тоя тамақ iш­пеудiң салдары), жүрмейсiң. Сенi алдыма алып бәтеңкенi кигiздiм. Бауын байлап отырғанда сен: «Әй-әй-әй!..» деп қуа­нып, менi құшақтап түрегелiп тәй-тайлап жүре бастадың…

Бәлтай марқұм ағыл-тегiл жыласын, оған қосылып мен де егiлдiм. Сiрә, сенiң сол сәтте қалт-құлт жүрiп кеткенiңе қуан­ғаннан жыласақ керек… Көйлектiк пұл алмағаным ұмыт болды. Сол сәтте Жұды­рық тәтемiз келiп: «Әкесi бар бала да мұн­дай бәтеңке кигенiн көрсем – көзiм шық­сын!..» – деп әрi күндеп, әрi жебеп, бұрқыл­дап сөйлеп-сөйлеп шығып кеттi.

Сол жылдың жазы. Он бес жасар Қам­забай ертелi-кеш салпақтап сиырдың со­ңында (колхоздың табынын бағады). Тамақ аз, аяғында шәрке. Таң атпай тұрып, буыны сылқылдап әрең кетедi. Мен мұғалiмдiк жұмысымнан босап үйге келгемiн. Ерте тұрдым да ағашқа кеттiм. Қоршауы бұзыл­ған бақшаның iшiне мал кiрiп кетiптi. Сы­рық кесiп, оларды бұтақтан арылтып, қор­шаудың ашық жерiн қайта қымтағанша түс болды. Аяғымды сүйрете басып, үйге ти­тықтап әрең жеттiм. Шешемiз маған iрiм­шiк жасап, бетiн шүберекпен жауып қойып­ты. Соны ымдап көрсетiп, жеп ал дегендей болып, сенi, Шабдан мен Жаркендi (Жартас – М.С.) үйден шығарып жiбердi. Ал сендер, шешемiздiң қулығын сезiп қалып, есiк алдынан кетпей қойдыңдар. Тегештi алдыма алып, iрiмшiк толы қасықты аузыма апара бергенiм сол едi, үшеуiң жетiп кел­дiңдер де бас салдыңдар. Қысқасы, менiң сыбағамды төртеумiз бөлiп жедiк. Бәлтай марқұм қайта келгенде: «Әу, мына күшiктер қашан кiрiп кеткен?..» – деп сендерге ұрсып жүрiп шай қойды. Сөйтiп, шаршап, қарным ашып келгенде өзiмше тойған кiсi болып, сыр бiлдiрмей жата кеттiм. Шешемiз сонда мүлдем аш жүредi, қатты шаршайды. Сендерге де: «Бұл жетiмдердi өмiрi асқа той­ғыза алмайсың» – деп ренжитiн…»

Алматыға оқу iздеп келiп, қандай қиын­шылықпен оқығанын да (1945-1950 ж.ж.) ғалым iнiсiне жолдаған осы хатында, сiрә, ойлансын деген ниетпен жазса керек, еш­қандай бүркеусiз қаз-қалпында әңгiмелептi.

«Студенттiк кез. Бәлтай марқұм, Қам­забай екеуi аңда-саңда посылка жiбередi. Мен майын жемеймiн, базарға сатып, өздерiне шай жiберемiн. Бiр жолы майды ашсам, 1947 жылдың күзi-ау деймiн, iшi жуан-жуан иiрiлген құрт (тұздамай жiбер­ген). Плиткаға қойып қайнатып, тортасын шығарып, оны да сатып, шайға айналдырып, үйге қайтардым. Олай iстемесем күн­көрiстерi қиын: Қамзабайдың айлығы 300 сом, менiң стипендиям 300 сомның үстiнде; шешей киiм тiгедi, ақкөңiлдiгiмен көбiне тегiн тiгедi, аздап бiрдеме тапса – көп тапқандай болып қуанып отырады… Ше­ше­мiздiң ол мiнезiн бiлемiн, үй жағдайы­мыздың жүдеу екенiн де бiлемiн. Қамзабай хат жазған сайын менi ширатып, тұрмы­сымыз тамаша деуден танбайды. Екiншi курста оқыған жылы жазда шауып кеткен шөбiмдi Қарашолақ деген Құбайдың бел­сендi ағасы болатын, сол неме әлiмжеттiк жасап колхоздың жерiнен шаптың деп Қамзабайдан тартып алыпты… Ағаң Қам­забайдың сендердi асыраймын деп кешкен бейнетi менiң азабымнан титтей де кем болмады. «Оқуыңды қоя тұр!» – деп сөйтiп жүрiп маған айтқан жоқ. Елуiншi жылдардың ортасына дейiн бiздiң отбасы тұрмыс жүдеулiгiнен арыла қоймады…

Сендер сөйтiп өскен балалар едiңдер. Ендi күллi туыстан Қамзабай екеумiз, екi шал ғана қалып отырмыз… жақыннан сыйлауды тiлейтiн жасқа келдiк… Аға­йынға өкпелегеннен жақсы ағайын табылмайды. Ақылды адам ағайынға өкпе­лемейдi. Жалпы өкпелеу – наданның iсi… Өкпелемей, ақылың мен парасатыңа жең­діріп, мiнезiңдi жөндеу керек!..»

«Ардақты, сүйiктi iнiм Есләмбек!.. Қасыңда жөн айтар ақылшың жоқ. Бiле­мiн. Мұндайда адам өз қайратына сенуi керек. Әкемiз бiр адамға өкпелеудi бiл­мейтiн қайырымды жан едi. Оқымаған­ның ақылдысы да. Шешемiз Бәлтай мар­құм да мейiлiнше ақкөңiл болды, сiңiрi шығып жүрiп бiреуге көмектескiсi келiп емешесi үзiлiп тұратын… Есләмбек, мен сенi жас күнiңнен асырап едiм деп бұл­данғалы отырғам жоқ. Ана жылы тұңғы­шыңды алып келгенiңде… соның бәрi қайтқан. Бұдан артық ағаны сыйлау болмайтын шығар дегемiн. Алғысым мен батамды сонда бергемiн…» – деп 1983 жыл­ғы жолдауында кенже iнiсiне риза­лық сөзiн айтса, одан екi жыл бұрынғы хатында: «Бұл баланы мен сенен сұрағам жоқ-ты, бiрақ та тұңғышын өзi ұсынғаны – менi әкесiнiң орнына ұстағаны… деп түсiнгем-дi. Әлi де солай түсiнем… Се­нiң мәрт көңiлiң, осы баланың сәбилiк ләззаты Зүкең екеумiздi қайтадан жасартты… Бұл бала жұрт алдында болса қуа­нар едiм, жұрт алдында болмай өссе – бәрiбiр тiрi болсам кемдiкте ұстай алмаймын. Өзi жеке қалғанда қайдан бiлейiн, тағдыры қандай болатынын…» – деп тiр­шiлiк күйтiнiң қиын бiр мұңын iнiсiне жеткiзген.

Жоғарыда ескерткенiмiздей, Ебекең архивiнде өз қолымен жазған хаттар көп емес, санаулы. Хат жазушы марқұм бол­ғаннан кейiн мұражайына қайтарыл­ған­дар ғана. Соның бiрi – Мәскеуден туған жұр­тындағы ел ақсақалына жолдаған хаты.

«Ардақты Аха! Бұл хатты Мәскеуден жазып отырмын. Жатқан жерiмдi – Институт кардиологии Академии медицинских наук им. Мясникова деп атайды. Елiмiздегi жүрек емдеу жөнiндегi ең үл­кен орталығымыз. Кардио – жүрек деген сөз, кардиология – жүрек ғылымы мағы­насында. Мұнда әрi емдейдi, әрi емнiң жаңа әдiстерiн ғылым жолымен iздес­тiредi. Қазiргi жағдайым жақсы сияқты, бұдан әрi осылай бола берсе – жақсар­ғаны, мүлдем қалпына келтiру қиын көрi­недi, бiрақ емдеп, ремонттап, салақсы­ратпай уақытында қаратып отырса – ептеп күнкөрiске жарамды болады деген жорамалды дәрiгерлер түсiндiрiп жатыр.

Басында өзiм қорқыңқырап та қалып едiм – бұл өмiрдiң өзi ұзағырақ болма­ғаны ма деп, қазiр тәубешiлiк айтып отырмын. Өйткенi, әкем марқұм айтқан едi – Бөкет атамыз 52 жасында қайтыс болды, бiздiң тұқым ұзақ өмiр сүрмейдi деп. Бiрақ, Ыбекең ақсақал (Бөкеттiң екiншi ұлы – М.С.) 82-ге келгенiн көңiл­ге медеу тұттым, емханада шалқасынан бос жатқан адам ненi ойламайды…

Анадағы Сiздiң үйдегi баланың, Уәйiстiң (бұрынғы Сергеев, қазiрде Шал ақын атындағы ауданның орталығында тұратын құрдасын айтып отыр – М.С.) бiр баласының мен ауырып қалып көңiл аудармаған соң ретi келмедi-ау деймiн, бiрақ ден сау болса келешегiн ақылда­сар­мыз. Балалар өзiмiздiң ұрпақ қой, оларға қолғабыс тигiзбегенде кiмге көмек жасайсыз?! Тек өзiң әдейi келгенде аяқсыз­дау болғанына көңiлiм аздап қобалжыды, бiрақ өмiрдiң оңы мен солын жобалайтын аға­мыз… ренжiмеген болар деген ойдамын…

Ауылдағы ақсақалдарға – Сәкеңе, Маутай-ағама, Бәкеңе, Қасым-Кәкiм­дер­ге, үлкен-кiшiсiне дұғай сәлем! Балду мен Сiздiң үйдегi балаларға және сәлем. Дертiм сауығып, жақсы болсам – Құбай­дың үйiне, Мүслима жеңгемiзге бата қылуға әдейiлеп барамын.

Құрметпен, жақсылықпен көрiсуге тiлектес iнiң Ебiней, 27. 09.1976 жыл.

Мәутай-ағама айтарсыз: жалғыз өзiнiң Мәскеуге іздеп келгенi – Сүгiрдiң алты баласынан кем қорғаныш болған жоқ көрiнедi деп…»

***

«Медеу! Маған Герт пен Брагин (қазақстандық жазушылар – М.С.) Сенiң кiтабың шығыпты деп жазды. Қанекең жөнiндегiңдi айтам. Қуанышым қойныма сыймай кеттi. Ержiгiт, қажырлы жiгiт екенсiң, рақмет!

Бұл жақта ол әзiрше жоқ. Бiр экземплярын жiберсiң, жалпы маған әрi қарай жазуыма көмектессең – алғыс қана айтатын болам, өйткенi мен әлi мыжғы­лайтын түрiм бар.

Келiнге, үй-iшiне сәлем. Жаңа жылың құтты болсын!

Құрметпен ағаң Бөкетов, 18 январь 1981 жыл».

«Батыр Медеу iнiм! Сенiң хатыңды алғалы едәуiр күн болып қалды, бiр қауырт жұмысым болып, бiрден жаза алмадым, атүстi жазғым келмедi. Бүгiн қол босанқырап саған хатқа кiрiсiп отырмын. Тағы да қайталап айтам: Сенiң бұл iсiндi орыс тiлiнде «подвиг» деп атайды… Кiтап та тамаша болып шыққан. Халық Саған, тiптi ескiше айтайық, аруақ Саған ырза!..

Медеу, мына кiтабына пiкiр қарастыр­ғың келедi, жобасы. Баспа пiкiрдi айтып отырмын. Ол қажет-ақ болар едi, жазар да едiк, бiрақ соны басатын кiм бар? Соны ойлан. Егер менi қаласаң… дайынмын. Әр нәрсенiң кемшiлiгi де, жетiстiгi де болады және әркiм өз пiкiрiн айтып жатады, айта тұра тек менiң айтқаным дұрыс дейтiнi де болады. Мәселе онда емес, мәселе Қанекеңнiң халық үшiн iстеген iсiн көпке үлгi етуде ғой. Бұл жөнiндегi Сенiң еңбегiңдi кiм өшiре алады? Соны айту қажет қой, Қанекеңдi тағы да айту қажет қой, өйткенi тiрiсiнде көпке парасаты мен шарапаты тараған кiсiнiң аруағы да құдiреттi болмақ қой. (…) Бұл кiтабың өлмейтiн кiтап, ана тiлiнде де шығарарсың, бiр шығып қана қоймас, шыққан сайын жөндеп те жа­тарсың. (…) Бiрақ, сенi қазiр қолдау қа­жет едi, оған дәрмен болмай жатқан жоқ па! Жағдай солай, айналайын Медеу.

Қолжазбаның ең жуанын бер маған. Сенiң еңбегiңдi мадақтап отырмасам, кемiте көрмен. Менiң ойым алыста, бiрақ шамамның келетiн-келмейтiнiн бiлмей­­мiн. Баспалар менен аулақтап жүр, бiрақ уақытша болар деген сенiм мол. Дегенмен, еңбек жеңер деген ойдамын. Бұл уақытша құбылыстарға көңiл бөлмей, жұмыс iстей берудi «Қасымның қасқа жолы» деп тауып отырмын. Сондықтан, маған Қанекеңнiң тұлғасы бүкiл өмiрдi көрсетерлiк сияқты. Мен бұл iске қазiр осындай кең тұрғыдан қараудамын. Сон­дықтан, Сенiң жуан қолжазбаң да, өзiң де маған талай қажет боласың… Өмiрi ақылдаспай жұмыс iстеп көрген адам емеспiн, көп ақыл­дас­қанның пайдасын болмаса, зиянын көргем жоқ.

Осымен тәмамдайын. Келiнге, бала­лар­ға сәлем. Бек саулық тiлеймiн.

Ебiней Бөкетов. 22 февраль 1981 жыл, Қарағанды».

Ебiней Арыстанұлының сыр ғып шерт­кен осынау шерлi ойын мен оның мәскеулік академик В.И. Спицинге 1979 жылдың 30 тамызында жолдаған ұзақ хатының соңғы бетiнен және ұшырат­тым: «Сәтбаевтың арамызда жоғын зор өкiнiшпен еске аламын, – дептi ғалым онда. – Ал ол кiсi, есiмде сақталған iс, көмiр химиясын зерттеу жұмыстарын жолға қоюды өте-мөте жиi айтып, түптеп келгенде көмiрдi химиялық жолмен пайдалану мәселелерiн зерттейтiн акаде­мия­лық институт ашуды мақсат еткен едi. Бiз ол кезде жастықтың әсерiнен, әлде ақы­лымыз жетпегендiктен тұңғыш та әзiрше бiрден-бiр ұлттық академигiмiздiң көре­гендiкпен тым ертеден болжаған, әмбе жаны ауыра ойлаған маңызды iсiне мән бермедiк, амал қанша…»

Бiздiң шамалауымызша, Ебiней Арыс­танұлына көмiр химиясымен түбегейлi шұғылдануға пәрмендiрек те ерекше әсер еткен екiншi адам – Социалистiк Еңбек Ерi, КСРО Ғылым академиясының Физи­калық химия институтына көп жылдар бойы директор болған, уран химиясының аса зор бiлгiрi, академик Виктор Иванович Спицин.

«…Қарағанды сiрескен көмiрдiң үс­тiнде тұр, демек оны сұйылту мәселе­сiмен шұғылдануды Сiзге тағдырдың өзi жазған… Әрине, көмiрдi сұйылту iсi бiр­ден өрiс алып кете қоймас, бiрақ жүрдiм-бардымға салып уақыттан ұтылуға тағы болмайды. Мен Сiзге алдағы уақытта өтетiн кеңестер, конференциялар туралы ұдайы хабар берiп отырамын. Бұларға сiздiң қатысуыңыз қажет. Сонымен қатар, Сiз өз тарапыңыздан Қазақ ССР Ғылым академиясының Химия-металлургия институтынан немесе Қарағанды универ­си­тетiнен қабiлеттi екi-үш химиктi iрiктеп алып, Мәскеуге, КСРО Көмiр өнеркәсiбi министрлiгiнiң пайдалы жанғыш қазба­лар институтында тәжiрибе жинақтауы үшiн ұзақ мерзiмге жiбергенiңiз жөн болар едi… Мен олардың бiр жыл, аз дегенде алты ай алаңсыз жұмыс iстеуiне жағ­дай туғызар едiм», – дептi мәскеулік ға­лым 1979 жылдың аяқ шенiнде академик Бөкетовке жолдаған хатында.

Ғалымның тетелес iнiсi Қамзабай Бөкетовтің «Орталық Қазақстан» га­зе­тiн­де «Вике мен Еке» деген атпен 1990 жылы жарияланған деректi хикаятында баяндалатын ұлағатты жайттар және нақ сол кiсiнiң зор iлтипатпен бiзге сый еткен – Ебiней Арыстанұлының В.­И.Спи­цинге жазған 6 хаты мен мәскеулiк академиктiң оған жолдаған 3 хатының ксерокөшiр­ме­сiмен танысу менiң көңi­лiмде түрлi-түрлi толғаныстар туғыз­ғанын мойындауға тиiс­пiн. Асылында отандық ғылымға аса сирек кездесетiн элементтердiң химиясын зерттеу, әсiре­се, атомдық өнеркәсiпке қажет шикi­зат­ты өндiру саласында өлмес мәндi еңбектер жасаған атақты ғұлама, сол күнде жасы сексенге ентелеген мәс­кеулiк кексе ғалым мен оның қазақ­стан­дық әрiптесi, әмбе одан қилы жас кiшi қарағандылық ғылым иесiнiң 1978-1983 жылдар аралығында жазысқан хаттарында ресми де ғылыми хабарламалар басым сияқты көрiнгенiмен соның бәрiне де сыналай кiрiп, әрқилы тiршiлiк тау­қымет­терi көңiл күйлерi жайлы әредiк өзара сыр шертiскен, шынайы адам­гершiлiк жү­ректерден шыққан жылы лебiздердi тебiренбей оқу мүмкiн емес.

«Аса құрметтi де қымбатты Вике! Сiздiң үнiңiздi естiп қатты қуандым және Сiз­дiң жексенбi күндерi де жұмысты, кө­кей­тестi iстi ұмытпайтын қасиетiңiзге қатты таң қалғаным сонша, тiптi бұл жайында жиi-жиi есiме алып жүрмiн. Ал бiздегi кейбiр бойкүйездер жексенбi күндерiн апта бойы тау қопарып, тас тасы­ғандай, берi салғанда шөп шапқандай-ақ үз­дiге күте­дi…» – деп Ебiней Арыстанұлы ағы­нан жарыла сыр шертсе, нақ сондай шынайы адам­гершiлiк лебiздермен осы хатқа жауап жаза отырып, мәскеулiк ғалым да: «Қым­бат­ты Еке… Сiздiң көмiрдi гидрогенизациялау (сұ­йыққа айналдыру – М.С.) үшiн суте­гiн қол­дану жөнiндегi соны ойыңыз маған ұнай­ды. Соған қоса мен назарыңызды осы процестен шығатын сұ­йық заттардың сипатын анықтауға да ауда­руға кеңес беремiн… Сiздер автоклавтың қандай түрiн қолданып жүрсiз­дер? Бiз мұнда автоклавпен бiршама жұмыс iстедiк, қажет десеңiз – тәжiри­бемiз­бен бөлi­суге дайынбыз…» деп нақтылы қолғабыс ету­ге әзiр екендiгiн iлтипатпен бiлдiредi.

Е.А.Бөкетов: «… Көмiр химиясы жө­нiндегi тiрлiк бiршама өзгешелеу болып тұр. Амал не, ертегi тез айтылғанымен өмiр­де ондай тездiк жоқ. Сiздерде жат­ты­ғудан өткен жолдас кейбiр уақытша жағ­даяттарға бойсұнып бұл жұмыс­тан бас тарт­ты. Ыңғайсыз-ақ iс болды, жағдайдың кейде бiздiң ырқымыздан тыс уақытша әуендерге түсетiнi белгiлi.»

***

Академик Ә.Х.МАРҒҰЛАН, 7 сәуiр 1973 жыл, Алматы – Е.А. БӨКЕТОВКЕ:

«Ардақты Ебке! Сансыз сәлем. (…) Қа­ныш жайында кiтап жазу әрине оңай емес. Бiрақ, жазу керек. Және оны жай кiсi жаз­ғаннан гөрi инженерлiк өнердi жүйрiк бiлетiн, техника ғылымының иесi жазуы керек. Олай болмаса көп нәрсенiң үстiнен өте шығып, негiзгi мәселелер қалып қоюы мүмкiн. Сiз үшiн Қаныштың инженерлiк дәуренi өте түсiнiктi, айқын көрiнiп тұра­тын болуға тиiстi. Оны ешкiмнен сұра­майсыз да, тек уақыт тауып еске түсiрiп, шетiнен кертiп жаза бересiз.

Сiзге көмескiлеуi – Қаныштың ауыл­да­ғы бала кезi. Қандай ортада өсiп, қандай тәрбие алғандығы. Тегiнде Қаныш туралы жазу – бүкiл қазақ халқы туралы жазу деген сөз. Мұхтар жазған «Абай» – ақын Абайдың өз басының дәуренi ғана емес, барлық қазақ халқының суретi, тiршiлiк жасауы, күн­көрiс-тұрмыс, әлеуметтiк, саяси жағдай бар­лығы бар. Қаныш туралы да осының бар­лығын қамту керек деп айтпаймын, бiрақ өлшемдi түрде орын алуы қажет.

Қаныштың геолог жолдастары, оның аса бiлiмдi, мәдениеттi елдiң өзiнде сирек кез­десетiн жарқын мiнезiне, сыпайы­лы­ғына, ботадай елбiреп тұруына таң қалатын. Қа­нышты еске түсiрудегi бiр жиылыста профессор И.И. Бок: «Тағы, надан елден осындай кiсi шығу мүмкiн бе?» – деп маған сұ­рақ қойды. Ол кiсi Қаныштың әкесiн, қазақ халқын түсiнбей, әдебиетте жалпы қалып­тасқан сарынмен айтып отыр. Ашық айт­қанда, Қаныштың сы­пайылығы, көп бiлуi әкесiнен ауысқан қасиет. Қаныш пен бiз бала күнiмiздi кемеңгер әкенiң бауырында өткiзiп, күн сайын олардың ға­жайып әңгi­мелерiн естiп өстiк. Олар қазақ халқының географиясын, тарихи легендасын терең бiлетiн. Есiм хан мен Тәуке хан заманынан бергi уақиғалар (XV-XVII) жазулы тұрған кiтаптардан кем болмайтын.

Қаныштың әкесi Имантай осы күнгi уни­верситетте оқытып жүрген профессор­лардың көбiн үйрете алар едi. Ол кiсi өзiнiң байтақ бiлiмiмен Г.Н.Потанинге де көп көмек көр­сеткен. Имекеңмен студент кү­нiмде әңгiме­лескенiмдi «Жарқын бейне» деген бiр әңгi­мемде айтқамын («Қазақстан мектебi», 1969 жыл, 4 нөмiр). Қаныштың жас күнi де ай­тылған, толығын содан оқисыз.

…Қаныш туралы жазбас бұрын «Жизнь замечательных людей» сериясынан бiр тобын оқып алған дұрыс. Олардың iшiнен Сiзге ең пайдалысы – «Александр Гумбольд». Ол кiсiнiң өмiрi, iсi, дүниенi қызық­тауы Қанышқа өте жақын. Қаныш, Мұхтар, Шоқан туралы жазушылар өте көп, бiрақ тереңiнен алып дүниенi көрсете жазған бiреуiн көргенiм жоқ. Бар үмiт Сiзде. Жақсы жазып шығуға тiлек бiлдiремiн. Керек мәселе болса сұрап тұрыңыз».

Ебiней Арыстанұлы әдебиет iсiнде еш­қандай қиянат жолды болмайды, шығарма бекем сомдалса ешкiм оны тоқтата алмайды, әмбе ол Қаныштай ұлт мақтанын ұлық­­тауға арналған туынды деп есептейдi. Сiрә, сол түйсiктiң әсерi, «Қазақ әдебиетi» газетi өзiнiң елу жылдық мерейтойы қар­саңында профессор Зейнолла Қабдо­ловқа арнайы тапсырыс берiп, «Селен мен өлең» деп атаған мақаласын алған соң, Қара­ғандыға телефон шалып (Ебiней шығар­машы­лы­ғына бейжай емес ақын досы, газеттiң бас редакторы Сырбай Мәуле­новтiң өзi сөй­лескен), бұрын жариялан­баған, ықшам бiр туындысын тездетiп жiберудi өтiнген. Ғалым «Сөзбасының» қазақша нұсқасын ұсынады. Газет оны 1975 жылдың 21 наурыз күнгi санында,      З.Қабдолов мақа­ласы­мен бiрге iшкi екi бе­тiне далита бе­ре­дi.­   Iзгi ниеттен туғаны сөзсiз. Дүйiм жұрт оны солай қабылдады. Елудiң өрiне көте­рiл­ген тұлғалы азама­тының ғылымды, Қазақ­стан­дағы екiншi университет жүгiн арқа­лаумен қоса сүйiк­тi әдебиетiнен де қол үз­бей, Қа­ныш туралы ғұмырнама шығарма жазып жүргенiн бiлдi, соған да шексiз сүй­сiнiп, «Ой, бәрекелдi, дарабозым! Мынауың ғажап, соны ендi тездетiп бiтiрiп, хал­қыңды қуант!..» – дестi. Сөйтiп бұған де­йiн бiрдi-екiлi жанкүйер, Қанекең отбасы мен өзiнiң маңындағы бiз сияқты ниет­тестерi ғана бiлiп жүрген iс газеттiң жүз мың таралымы арқылы күллi Қазақстан атырабына мәлiм болды. Әрине, ғалым-жазушы талабын шаттана қостаушылар көбейдi. Мерейтой үс­тiн­де мiнберден де, жеделхат, құттықтау хаттар арасына соны сыналап енгiзiп немесе телефон арқылы сан мәрте құптау жасаушылар аз болған жоқ. Кейбi­рi абырой-атағы ерекше көтерiлiп тұрған қайраткер ғалымға ни­ет-тiлегi бiр адам болып көрiну үшiн де…

Төменде бiз жазушы қадамына мадақ айтқан, жаппай сүйсiнiс бiлдiрген хаттар тасқынын аттап өтiп, iзденiсiне ықылас бiл­дiрумен қоса нақты ұсыныс айтқан, соны­мен-ақ қаламгердi әр алуан ойға тү­сiрген бiр хатты едәуiр ықшамдап (бiрақ негiзгi ойын тұтас қалпында сақтап) кел­тiрудi жөн көрдiк. Сөз сарынына қара­ғанда Ебекең қолжазбасын хат иесiне өзi ұсынған…

Тұрсынбек КӘКIШЕВ, филология ғы­лым­дары­ның докторы (6 сәуiр 1975 жыл):

«Қадiрлi Iбеке! Қолжазбаны түгел оқып шықтым. Ең алдымен, Сiздiң осы iске бел шешiп кiрiскенiңiздi құттықтаймын. Өйт­кенi, Қаныш сынды өр азаматты өрелi ойы бар кiсi қолға алса керек. Екiншi, қазақша мен орысшаны жетiк бiлетiн және әр халықтың психологиясын түсiнетiн адам болуы шарт. Үшiншiден, Қанекең ғылы­мын ғана емес, жалпы ел мәдениетi мен ғы­лымның өркендеу жолдарын бағдарлай алатын оқымысты керек мұндай iске. Осының шет жағасын Таисия Алексеев­наға жаз­ған хатта да аңғартқансыз. Сол адамның Сiз болғаны орынды деп бiлемiн.

Кiрiспе хатта Сiз өзiңiздi, бiлiм дә­режеңiздi таныта алғансыз. Оқушы жұрт кең де мол бiлiгi бар автормен «iстес» болатынын аңғарады. Сонда да ептеп қыс­қартса терiс болмас едi, «Олай жазсам ба, былай жазсам ба?» деген шұ­быртпадан гөрi, Таисия Алексеевнаның өтiнiшi, өзiңiз­дiң Қане­кеңе «борышты­лы­ғыңыз» Сiздi осы iске бастап отыр де­сеңiз ше? …Қанекең дегенде iш­кен асы­ңызды жерге қоярлықтай сүйсiнiс-ма­хаббатыңыз болуы керек. Ол сiзде бар. Жаздырып отырған да сол құдірет. Соны айқынырақ сездiру керек. Сiз арқылы, сiздiң сүйгендiгiңiз арқы­лы халықтың, елдiң махаббаты аңғарылуы керек. Әйт­песе, Таисия Алексеевна өтiн­генiнен осы iске кiрiстiм деу жеңiлдеу шығады ғой деймiн…

Орысша емiн-еркiн көсiлiп жазады екенсiз. Құттықтаймын. Сонда да бiр жай­ға назар аудару қажет пе деймiн. На­ғыз орыстар ойын кесiп-пiшiп айтады. Әрине, Толстой, Леонов сияқты суреткерлер ұзақ сөйлемнен де қашпайды… Ал, қазақ, еврей, т.б. жазғанда орағы­тып, ұзақтау жазуды айырықша қалай­ды. Соның шет жағасы сiзде де бар… Сөй­лемнiң айқын және суреттi болуы үшiн сөз топанын көбейтiп алмаған абзал деп отырмын. «Погоня за красивостью слога» – қазақ жазушыларының бойын­дағы үлкен дерт екенiн өзiңiз де жақсы түсiнесiз…

«В орбите кочевок» – 12-121 беттер. Негiзгi мақсатыңыз – қазақтың көшпелi өмiрiн көрсету. Мұның iшiнде этно­гра­фиялық суреттер, романтизированный жай­лар өте көп. Не үшiн, кiм үшiн сол керек… деген сауалды әркiм қоюы мүмкiн. Осындай сауал менi қатты ойландырды. Соған оңтайлы жауап таба алмай отырмын. Өйт­кенi, бала Қаныш, Қанекеңнiң балалық ша­ғы (өзiне тән) көрiнбей кө­мес­кiленiп қал­ған. Көш-қон, қыстау-жай­лау, күзеу-қыстау қы­зықтары «Абай жолы» эпопеясы, «Оян­ған өлке» романы ар­қылы көпшiлiкке танымал болып қалды ма деп қорқамын. Құс баулу, балық аулау, егiн ору жайлары тым ұзақ. Әсiресе, егiн ору арқы­лы тамыр Ан­дрейдiң өнегесiн… көрсету жаңалық емес, қажет те емес… Осындай детальдар құс баулуда да бар. Жайын-шортан уақи­ғасы да сендiрмейдi. Алып жайынның бауырымен саз тiлiп отырып батпаққа шығуы иландыра қой­майды. Әмбе оқиға желiсiн тап солар басып тастаған. Сондай-ақ, Шорман тұқы­мын, Сәдуақасты айту керек болар, бiрақ ол Имантайды да, Қанышты да тасаламауы керек. Қазақта да сондай зиялы адам бол­ған дегендi емеуiрiнмен танытып, қызық­тырып қойған дұрыс сияқты. (…) Бiздiң «қызылкөздер» Шорман тұқымын мақтап қойыпты деп даурығуы да ғажап емес…

 Менiң бұл пiкiрлерiм көңiлге қаяу салар, осы iстi әрi қарай жазу керек пе, жоқ па… деген ұнамсыз ойлар тудыруы мүм­кiн. Жазу керек. Тап осыны Сiздiң жаз­­ғаныңыз дұрыс, Сiздiң ғана қолыңыз­дан келедi. Бұл көңiл жұбату үшiн ай­тылған сөз емес… Сiз абыройлы да жауапты iске ендi ғана кiрiсiп отырсыз. Оны аяқтап шығу – негiзгi мақсатыңыз бол­у­ға тиiс. Өйткенi, Қанекеңдi сүйген жү­рек Сiзден осылай iстеудi талап етедi.

…Қанекеңнiң мектепке барар алдын­дағы бiр жылын Сiз 110 бет етiп жаз­ды­ңыз. Өмiр жолы ұзақ, алда – мектеп қы­зығы, бiлiм дариясы, Том қаласының бер­генi, қазақ даласының астындағы кен байлығын болжау, ашу белестерi оп-оңай жазыла салатын кезеңдер емес. Олардың әрқайсының қызығы мен шыжығы бар. (…) Бұдан кейiн Қанекеңнiң президент­тiк дәуiрi басталады. Оның трагик­о­мизмi де болғанын бiлесiз. Әрбiр жаңа саланы өркендетуге, оның iшiнде мәде­ниет пен әдебиетi жөнiндегiлерiн баса айтса дұрыс болар едi-ау деймiн».

* * *

Жоғарыда біз толық нұсқасын, иә үзіндісін келтірген хаттардың қайсысы болсын, ғалымның негізгі көкейкесті ісі – ғылым турасында, иә қуана шұғылданған ермек өнері – әдеби еңбектері жөнінде жазылса да, ҚарМУ-дың ректорлығынан қиянат жаламен тайдырылып, ғылыми зерттеуге қайтып оралғанымен, соның бәрінде де аяқтан шалу, мәнді ісін қаса­қана елемеуге түсіп, ең шатағы, соңғы бес жылда (1979-1983 жылдар аралығы) бірде-бір әдеби, иә ғылыми еңбегін еш­қайда жариялай алмаған келеңсіз қас­тандыққа тап болған академик Ебіней Бөкетов сол жағдаятты уақытша сәтсіздік санап, өзі шұғылданған екеуінен де бас тартпай, әрбірі үшін арыстанша алысқа­нын аңға­рамыз. Оның алғашқысы – Қа­зақ­стан көмірінен жағармай алу мәселесі. Екіншісі – Сәтбаевтың отбасы мен жа­қындары және ұлы ғалымның ұлан-ғайыр еңбегіне, есіміне тәнті зиялы қауым өкіл­дері айырықша сенген ғұмырна­малық еңбек.

 Алайда, амал қанша, қатал тағдыр өзгеше дарын иесіне солардың бірде-біреуін бейғам тірлікте отырып, емін-еркін толғауға мүмкіндік бермеді. Ебіней Арыстанұлы Бөкетов 58 жастан 7 ай асқанда, 1983 жылдың 13 жұлдызында үшінші мәрте айналып соққан жүрек талмасынан опат болды.

СЕМЕЙ.