Президент • 26 Сәуір, 2019

Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет - Қ.Тоқаев

1045 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласының зиялы қауым өкілдерімен кездесуінде айтты, деп жазды Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Фейсбук парақшасында.

Ұлы Абайдың мұрасы «Рухани жаңғырудың» маңызды бағдарына айналуы қажет - Қ.Тоқаев

«Алдағы жылы Абай Құнанбаевтың туғанына 175 жыл толады. Осы айтулы датаны біз тұтас ел болып, мемлекеттік деңгейде атап өтеміз. Біз үшін бұл мерейтойдың маңызы ерекше. Тарихи датаны ақыл-парасатпен, салиқалы деңгейде өткізуге баса мән беру керек. Негізгі мақсат - дана Абайдың тағылымын жастардың санасына сіңіру, ұлы тұлғаның ой-толғамдарын кеңінен дәріптеу. Үкіметке Абайдың мерейтойына қажетті шаралар әзірлеуді тапсырамын. Абай, шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы», деді ҚР Президенті.

Ел Президенті ақынның дара тұлғасы - халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық екендігін баса айтты.

 «Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай, шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті. Жидебайдағы кешенді жаңғыртып, инфрақұрылымды қалпына келтіру қажет. Хакім Абайдың туған жері дүние жүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Жергілікті басшылар осы маңызды мәселеге назар аударуы қажет. Бұл - бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге. «Рухани жаңғыру», түптеп келгенде, осы міндетті жүрекпен сезініп, ешқандай нұсқаусыз орындау екенін біз терең түсінуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.