24 Сәуір, 2013

Профессор Абай ТҰРСЫНОВ: «Олар Арал үшін алысты»

390 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін

Профессор Абай ТҰРСЫНОВ: «Олар Арал үшін алысты»

Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында кеңестік ғылымға жан-тәнімен қызмет етіп, аттары әлемге жайылған аса көрнекті екі ғалым болды. Олар ағайынды Вавиловтар еді. Бірі – сталиндік репрессияның құрбаны, бірі – КСРО Ғылым академиясының президенті. Халық жауы (атанған) Вавиловтың «кінәсі» генетика саласында ашқан жаңалықтарын қызғыштай қорғап, ымыраға келмегені. Сондықтан да жаулары үстінен қайта-қайта арыз жазып, ақыры түбіне жетіп тынды. Вавиловтың жетістіктерін теріске шығарып, өз дегенін дәлелдеп баққан Лысенко Сталиннің шапағатына бөленді, жоғары атақ-абыройға жетті, бағы жанды.

Өткен ғасырдың 30-40 жылдарында кеңестік ғылымға жан-тәнімен қызмет етіп, аттары әлемге жайылған аса көрнекті екі ғалым болды. Олар ағайынды Вавиловтар еді. Бірі – сталиндік репрессияның құрбаны, бірі – КСРО Ғылым академиясының президенті. Халық жауы (атанған) Вавиловтың «кінәсі» генетика саласында ашқан жаңалықтарын қызғыштай қорғап, ымыраға келмегені. Сондықтан да жаулары үстінен қайта-қайта арыз жазып, ақыры түбіне жетіп тынды. Вавиловтың жетістіктерін теріске шығарып, өз дегенін дәлелдеп баққан Лысенко Сталиннің шапағатына бөленді, жоғары атақ-абыройға жетті, бағы жанды. Ол өзін (жау атанған) Вавиловтың шәкіртімін дейтін. Ұстазының орнын тартып алған бойда өзгеріп шыға келді. Сталин өлген соң әсіреқызыл, мансапқор екені әшкереленіп, із-түзсіз жоғалды.

Ағайынды Вавиловтардың екіншісі – КСРО Ғылым академиясының президенті боп, ғылымға мол үлес қосты, абырой биігінен көрінді. Бірінші Вавилов та ақталып, әділдік қалпына келді. Ағайынды Вавиловтардың есімі ресейлік ғылым тарихында алтын әріптермен жазулы.

Төменде баяндалғалы отырған оқиға да, дәл солардай болмағанмен, базбір ұқсастық жақтары жоқ еместей. Әңгіме Хрущевтің өктемдігіне көнбей, өз ұстанымдарынан қайтпаған Өзбекстан жетекшісі Усман Юсупов пен оның сенімді серігі – оң қолы, Хрущевке ашық түрде қарсы шыққан одақтық министрліктің басқарма бастығы, қазақ ғалымы Мұрат Бәкірұлы Майлыбаев жайында.

Ол кезде Арал қалпында еді

Хрущевтен қорықпаған бір өзбек, үш қазақ
Одақтық министр… 
Республика басшысы… совхоз директоры…
 Майлыбаев марапаттан бас тартты

Бұл хақында «Біз Мұрат ағамен жай жерлес емес, бір ауылда туып, бір өзеннің суын ішкен тату-тәтті ағайын іспетті адамдар едік, – деп еске алады Ресей Ғылым академиясының мүше-кор­респонденті, профессор, байырғы гидротехник-мелиоратор, қазір де мамандығы бойынша еңбек ететін Абай Тұрсынов. – Өмірге келгеніне жүз жыл­­дан асты. Рамадан тайпасынан тарайтын Мұ­рат ағаның ата-ана, ағайын-туыстары Ташкент ай­наласындағы біздің ата-бабаларымыз ме­­­кен­дейтін Қауыншы аймағында ғұмыр кешті. Біздің онымен қаншалықты жақын, бауырласып кеткеніміз алда айтылатындардан аңғарылар деп ойлаймын. Бұл жолы уақытында ашып айтуға ешкімнің (менің де) батылы жетпеген ақиқаттың бетін ашып байқайық. Бастан небір қияметтер өтті ғой. Мұрат Бәкір­ұлының қалай аман қалғанына осы күнге дейін таңғаламын».

Өзбекстанның Жаңажол ауданында туып-өскен Мұрат Бәкірұлы ес білгеннен мақта өсірудің жай-күйін зерделеп, сол салада көптеген жаңалық ашып, жиырма бес жасында Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты атанды. Отызында орда бұзды. Орда бұзбай не, 1940-жылдардың соңында сол кездегі КСРО Ауыл шаруашылығы минис­тр­лігінде бас маман, одан жаңадан құрылған КСРО Мақта шаруашылығы министрлігінің Оңтүстік-Батыс өндірістік басқармасының бастығы болса. Аталмыш министрлік тараған соң, қайтадан бұ­рынғы қызметіне барды (КСРО АШ министрлігі).

Мұрат Бәкірұлы мақтадан табиғи жолмен жоғары өнім өндіретін технология авторларының бірі еді. Олар ұсынған тәсілмен қосымша игерілген тың жерлерден соғысқа дейін-ақ әр гектардан 100 центнерден, қандырып суғаруға (субирригация) мүм­­кіндік аз алқаптардан 55 центнер сүйрік тал­шықты мақта жиналды. Есесіне, жердің құнары сақталып, топырақ тозбады, жер асты суларының деңгейі көтерілмеді, егістік сорланбады. Бұл мақта өсірудің залалсыз, тиімді үлгісі-тін. Бірақ, Хру­щев­тің тұсында мақта өндірудің жаңа тәсілін таптық деп даурыққан әпербақандардың қырсығынан бәрінің күлі көкке ұшты. Әмудария мен Сырдариядан мөлшерсіз бұрылған сулардың тоқсан пайызы жер астына кетіп, суармалы жерлер түгелге жуық жарамсызданды, мақта алқаптарын сор басып, көл­дете суардық дегеннің өзінде әр гектардан алынған өнім 10-15 центнерден аспады (әлі сол төңіректе). Бұл нағыз қасірет, Мұрат Бәкірұлының сөзімен айтқанда, Арал апатының бастауы еді. Жөн-жобаны түсіндіріп, құдайлығын айтқандар жау атанды, қуғын-сүргінге ұшырады. Әлдекімдердің уағызына елтіп, өз бетінен қайтпаған Хрущев мақ­та өсірудің ғылыми негізде әлдеқашан дәлел­ден­ген, әрі ғасырлар бойы жинақталған тәсілдерін басшылыққа алайық дегендерге тісін қайрап, дүм­шеге балады, ал, өздерінше «жаңалық» тапқан­дарды білгір санап, қолдап-қуаттады. Бірақ, бәрібір бір топ адам қатты қарсыласты. КСРО Мақта шаруашылығы министрі Усман Юсупов бастаған маман-ғалымдар пікірлерін Хрущевке ашық айтты. Бір емес, бірнеше рет өз ұстанымдарын дәлелдеуге күш салды. Хрущев көнбеді. Усман Юсуповтан құтылғысы келді. Көз алдау үшін министрлік қыз­меттен Өзбекстан Компартиясы Орталық коми­тетіне бірінші секретарь етіп жіберген Усман Юсупов ұзамай одан да қуылып, шөлейт аймақтағы совхоздардың біріне директор боп төмендетілді. Көрдіңіз бе, одақтық министр, республика басшысы… совхоз директоры (бұған алда егжей-тегжейлі тоқталамыз).

Түркістан республикасы тарап, оған қарайтын республикалар бөлініп кетті. 1924 жылы Ташкент қаласы Өзбек КСР-нің қарауына өтіп, астанаға айналды (өзбектердің астанасы оған дейін Самарқан еді, Ташкент бейтарап қала болатын). Ендігі жерде қазақ жастары жаппай Ташкенттегі институттар мен мамандандырылған техникумдарда білім алуға ұмтылды. Мұрат Майлыбаев 1926 жылы Орта Азия мемлекеттік университетін (әйгілі САГУ) тәмамдаған соң, Орта Азия мақта шаруашылығы (СоюзНИХИ) институтында жұмыс істеді. 1933 жылы Мақтаарал тәжірибе стансасына ауысты.

Міне, осы жылдарда (1933-1939) Мұрат Майлыбаев аса қуатты ғылыми-зерттеу тобын құрып, оның құрамында кейіннен биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті, менің немере ағам, Мұраттың құдасы Ештай Өзенбаев, аталмыш тәжірибе стансасы негізінде құрылған Мақтаарал совхоз-техникумының директоры, САГУ-ді бітірген ғалым-профессор Бәкір Әлібаев, Жаңажол мақта зауытының бұрынғы жұмысшысы, кейін Өзбекстан компартиясы ОК-нің бірінші секретары болып, КСРО Мақта шаруашылығы министрі лауазымын атқарған, әлгіде аталған үш қазақ ғалымын барынша қолдаған, мақта өсірудің тәсілін жеті атадан бері жақсы білетін, ұлты өзбек, бірақ қазақтың тілі мен салт-дәстүріне жетік Усман Юсуповтар болды. Аталмыш топ мүшелерінің ұзақ жылдық табанды еңбегі арқасында қандай табыстарға жеткенін сөз басында да шамалап айттық. Олар жасаған технология жетістіктері күллі Орта Азия мен Қазақстанда басшылыққа алынып, суармалы жерге еккен мақталық алқаптың әр гектарынан 100, суы аз жерлердің әр гектарынан 55 центнерден өнім алынушы еді (Кейінгі ұзақ жылдар ішінде 20 центнердің өзі зор жетістік деп саналатын болды). Мұрат Майлыбаев басқарған топ мүшелерінің технологиясы бойынша мақта және басқа дақылдар егілген алқаптардың әр гектарына жұмсалатын су мөлшері 3,5 мың текше метр болса, кейін «жаңашыл» айқайшылардың арқасында 16,5 мың текше метр болды (Арал қасіреті қалай басталғанына назар сап, есте ұстайтын тұс осы).

Әлбетте, ертеден келе жатқан мыңдаған жылдық тәжірибеге сүйеніп жасалған ғылыми-технологиялық ұстаным қатаң сақталуы керек-ақ еді. Онда диқандар мақтамен бірге, басқа дақылдарды да дүркірете өсіріп, асып-төгілген мал азығы, көл-көсір жем-шөп, жібек құртын өсіруге қажет тұт ағашы, құс шаруашылығы, ежелгі қолөнерді дамыту істері сәтті жалғаса берер еді. Мақта плантациясына далиған алқаптың керегі болмай, жан-жағын тұт, басқа да ағаштар қоршаған шағын алқаптар жетіп артылар еді. Және ол «түнгі суаруға» қолайлы боп, жыл сайын тұрақты түрде жоғары өнім алуға қол жетер еді. Бірақ…

Жергілікті ғалымдардың ата-салт негізіндегі ұсыныстары Мәскеу мен ондағы мүйізі қарағайдай мелиораторларға ұнамады. Ұнамақ түгіл, тұс-тұстан өре шапты. Лысенко «идеясымен» уланған кежірлер мақта плантациясынан механизацияны кең қолдану тәсілімен суару арқылы бұрын-соңды болмаған ас та төк өнім аламыз деп өршелене түсті. Ол деген бұған дейінгі мақта өсіру дағдысын түбірімен жойып, ұлан-ғайыр алқапқа техниканы қаптатып жіберу деген сөз болатын.

Бұл жөнінде ол кезде КСРО Мақта шаруашылығы министрі боп істейтін Усман Юсуповпен жеке әңгімелескенім бар. Мен Жаңажол қаласындағы орыс орта мектебін медальмен бітіріп, Өзбекстан комсомолы орталық комитетінің жолдамасымен Бауман атындағы жоғары техникалық училищеге түсу үшін Мәскеуге барған едім. Жолға шығар алдында ағайындардың жасы үлкен ақсақалы, 1914 жылдан компартия мүшесі, Жаңажол қаласындағы кедейлер одағының басшысы, жоғарыда аталған акционерлік компанияға қарасты зауыттар мен жер телімдеріне иелік еткен Оңғарбай бабамнан бата алдым. Оңғарбай бабам сол кездегі өрімдей жас жігіт Усман-аканың (оны күллі Өзбекстан солай атаған) жанашыр-ұстазы болатын. Қарт большевик Мәскеудегі шәкіртіне мен арқылы сәлемхат жолдамақ боп, оны ежелгі түрік ғұрпы бойынша өлеңмен жазды. Мен бастан-аяқ жаттап алып, Усман-акаға үш қайтара ауызша оқып берген соң, ұмытуға тиіс болдым.

Одақтық министрдің қабылдауына күздің ортасында бардым. Жұмыс мерзімі әлдеқашан аяқталғандықтан, Усман-ака кабинетінде бір өзі отыр екен. Оның мені ет жүрегі елжіреп, ашық-жарқын қабылдағаны сонша, өз-өзімді ұстай алмай, еңкілдеп жылап жібердім. Қайтейін, аңғалдығымның салдарынан басыма түскен қиындық та жоқ емес-ті. Өзімізге аян дәстүрге сай, ол мені алдымен жуынып-шайындырды, арнаулы бөлмедегі дастарқанға шақырып, палауға тойдырды, шай ішкізді. Онан соң барып шаруамды айтуға рұқсат етті.

Оңғарбай бабамның тапсыруы бойынша, ол жазған өлеңді өзінің мақамына салып, бет құбылысымды өзгерте тұрып, нықтап-нықтап үш қайтара оқыдым. Қатты әсер етсе керек, Усман-ака басын төмен салып, көпке дейін үнсіз отырды. Менің аспай-саспай, тақылдап сөйлегеніме таңданса да керек. Кейін ол өлеңді ұмыттым, әрине. Бірақ, жалпы мазмұны жадымда. Оңғарбай бабам өз шәкіртіне Одақтағы еуропалық аймақтың оңтүстігінде мақта өсіру тиімсіз, тіпті, зиян дей келіп, Усман-акадан бұл жұмысты тастап, Өзбекстанға оралуды талап еткен-ді. Мақтаны «шаршылап-ұялау әдісімен өсіру» деген нәрсе төніп келеді, соның алдын алу сенен басқаның қолынан келмейді деп нығарлаған.

Усман-ака хат мазмұны мен таусыла сөйлеген Оңғарбай бабамның ашулы талабын маған ұзақ түсіндірді. Шамасы, жан дүниесін қозғап жіберсе керек, туған жерді аңсап, қатты сағынып жүргенін де жасырған жоқ. Жалшылықпен өткен жастық шағын еске алды, әкемнің әкесі Тұрсын атам, әкем Әбдірахман, Торқыс ауылының басқа да үлкен-кішілері жайлы жылы-жылы сөздер айтты. (Қазақша таза сөйлеуші еді дедім ғой, әйтпесе, Оңғарбай атам оған хатты өлеңмен жаза ма?).

Айтқандай, мен ойда жоқта басыма түскен қиындықтан бір ауыз сөзбен құтқарып, басқа оқу орны – Мәскеудің су шаруашылығы институтына түсуіме кеңес берді. «Ей, інім, сенің үрім-бұтағыңның бәрі мұрап болған, енді сен де ғалым-мұрап боласың», – деп арқамнан қақты. Одан бері 66 жылдан астам уақыт өтті. Аса қадірлі Усман-аканың өсиетін қалтқысыз орындап келемін деп ойлаймын өзімше.

Оңғарбай бабамның сәлем хатында айтылған мақтаны «шаршылап-ұялау әдісімен» өсіру науқаны билік басына Н.С.Хрущев келген соң зор қарқынмен белең алып, кең түрде насихатталуға көшті. Кеңестік мелиораторлар мақта шаруашылығын жаппай «механикаландыру және автоматтандыру» идеяларын әпербақан Хрущевтің миына құйып бақты. Ол туралы күллі басылымдар (одақтық газет-журнал) күн құрғатпай жазып, айтулы жиын (пленум, съезд), форумдарда көл-көсір табыс көзі деп аспандатты. Және мол өнім алушылардың аты-жөндері дәріптеліп, орден, медальдармен марапатталды, кеуделеріне Алтын жұлдыз тақты, съездерге делегат болды, шетелдерге барды. Бүкілодақтық ауылшаруашылық көрмелерде әздектелді. Толып жатқан асқақ ән, ода шығарылды. Не керек, насихаттың аты насихат, мақтаны «шаршылап-ұялау әдісімен» өсіру (егу), жаңбырлатып суарудың «ғажаптығы» тез арада халықтың санасына сіңіп те үлгерді. Алайда…

Егіс көлемін соншалық далитпастан, шағын алқаптарды ұтымды пайдалану арқылы мол өнім алуға болатын ғасырлар бойы жинақталған тәжірибенің бір-ақ сәтте жоққа шығарылуына бұл саланың кейбір мамандары келісе алмады. Алдымен Хрущевтің өзі КСРО Мақта шаруашылығы министрі еткен қадірменді Усман Юсупов оған (Хрущевке) там-тұмдап айтып жүрді. Мұны партия саясатына қарсылық және ғылым мен техниканың жетістігін бағаламау, түсінбеу, көне көзқарастан айнымау, кертартпа-кещелік, мақта шикізатын әдеттегіден жүздеген есе көп өндіруге қастандық деп қабылдаған Хрущев ұзамай аталмыш министрлікті таратып, Усман Юсуповты еліне қайтарды. Бірден қатты кетпей, Өзбекстан Компартиясы Орталық комитетіне бірінші секретарь етіп жіберді (партия саясатын қолдап, айтқанымыздан шықпайсың деп, әрине).

Көп кешікпей Өзбекстан Орталық партия комитетінің бүкіл елді шулатқан әйгілі пленумы болып, оған Хрущев қатысты. Оның түпкі мақсаты пленум мүшелеріне «шаршылап-ұялау әдісін» шегелеп түсіндіріп, партия саясатының дұрыстығына бүкіл жұрттың көзін жеткізу еді. Сондай-ақ, өзін жақтайтындар мен еңбекте үздік шыққандарды мақтап-марапаттау да ниеті бар-тын (марапатқа лайық жампоздар неге аз болсын, үш мәрте Еңбек Ері Хамрақұл Тұрсынқұловтай қасқалар жететін). Бірақ, Хрущев осы жолы өңі түгіл, түсіне кірмеген қарсылыққа тап болды. Ұзын-ырғасы былай.

Усман Юсупов бастаған мақта өсірудің майын ішкен бір топ агроном-ғалымдар мен ақ жолдан аттамаған кейбір атышулы диқандар «шаршылап-ұялау әдісінің», басқаны айтпағанда, орны толмас сүргінге ұшырататынын алдын ала білді. Усман Юсупов әсіресе Мәскеуде министр боп тұрғанда өз қарауында басқарма бастығы әрі коллегия мүшесі боп істеген Мұрат Майлыбаевпен оңашада қауіптің қалай алдын алу керектігі жөнінде жиі сөйлесетін. «Бұл апат, диқандардың тілімен айтқанда, топан су, – дейтін Усман Юсупов Мұрат Майлыбаевқа. – Мен шамам жеткенше жол бермеуге тырысамын. Сен де солайсың, білемін. Өзбекстанда бізді қолдайтындар жеткілікті. Әй, бірақ, Хрущевтің бет алысы жаман, топан су күндердің күнінде өзімізді шайып кетпесе неғылсын».

Шынында да, Өзбекстанда мақтаны «шар­шылап-ұялау әдісімен» өсірудің зияндылығын ұғып, қиналып жүретіндер аз болмайтын. Және біразы қазақтан шыққан ғалымдар-тын.

Сонымен, пленум басталсын. Сөз Хрущевке берілді. Түлкі бұлаңға жетік пақыр сөзіне анекдот араластырып, әлдекімдерді мақтап, әлдекімдерге көпшік қойып, ең соңында «шаршылап-ұялау әдісін» екі езуі көпіре дәріптеді. «Коммунизмге жету үшін бұл төте жол, ғылымның үздік табысы, бірақ, арамызда бізді түсінбейтін, қолдамайтын жолдастар бар. Олар бұдан былай партия саясатына қарсы келмес деп ойлаймын», дегенді де қосып қойды. Онан соң бір топ «үздіктердің» есімін атап, марапаттау жөніндегі жарлықты оқыды. Арасында Усман Юсупов пен Мұрат Майлыбаев та бар болып шықты. Бұл нағыз басынғандық, оларды өз жағына қаратудың қитұрқы амалы еді.

Пленум жүріп жатыр. Хрущев сөйлеп тұр. Қайта-қайта ду қол шапалақтау. Айтарын айтып тауысуға айналды. Усман Юсупов пен Мұрат Майлыбаевтың атына да жылы лебіз білдірді. Ендігі кезек еңбекте үздік шыққан ерендердің аты-жөндерін атап, трибунаға шақыру…

Осы кезде Усман Юсупов Мәскеуден кеткен соң да КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігінде жоғары лауазымды қызмет істейтін Мұрат Майлыбаев ұшып тұрып:

– Құрметті Никита Сергеевич! Жақсы сөздеріңіз үшін рахмет, бірақ, мен сізбен келіспеймін, – деді Хрущевке тіке қарап. – Мұнда «шаршылап-ұялау әдісіне» қарсы менен басқалар да бар. Бізге сөз беріңіз!

Хрущев абдырап қалғандай болды. Парт бола ісініп, ашуы мұрнының ұшына шықты.

– Бұл қалай?! – деп Усман Юсуповке бұрыла беріп еді, ол да асып-саспастан: – Сізге талай айттым. «Шаршылап-ұялау әдісінен» тартар зиян алда.

– Мен Майлыбаев жолдасты қолдаймын. Біз көзқарасы бір адамдармыз. Мақта өсіруді ешкімнен артық болмаса, кем білмейміз. Рақым етіп, өзгелердің пікірімен санассаңыз екен. Бұл сізге де, партия саясатына да қарсылық емес, құрметті Никита Сергеевич! – деді өңі түтігіңкіреп.

Хрущев одан сайын жынданды. Пленумнан мән кетті. Зал сілтідей тынған. Хрущев «жарты сағат үзіліс!» деп қарқ етті. Қорқыныш, үрей. Пленум қайта жалғасты. Хрущев ашулы. Оны қолдаушылар табылды. Хрущев қорытынды сөзінде: «Солай, жолдастар. Осылай боларын білгенбіз. Кері бұратындарға кеңшілік жасамақ едік, амал қанша, болмады. Партия жаңылмайды. Артқа шегінбейміз. Бұған дейін де, бұдан кейін де тек қана ғылым мен техниканың жетістіктеріне сай жұмыс істейміз, деп дүрдиді.

Пленум соңында ұйымдастыру мәселесі қаралды. Усман Юсупов орнынан алынып, алыс аймақтағы совхозға директор боп баратыны айтылды. Мұрат Майлыбаевтың аты да аталмады. Тек партиядан шығарылып, жұмыстан қуылатыны хабарланды.

Осылай боларын Мұрат Майлыбаев та білген-ді. Халық жауы ма, басқа ма, әйтеуір, жақсы болмасы анық еді. Бірақ, ол тайсалмады, жалпылдап жан сақтау қаперіне де кірген жоқ. Себебі, өз білігінің дұрыстығына сенімі кәміл еді, одан айнуға ар-ұят, ожданы жібермеді. Сондықтан да тайсалмады, тартынбады, айтқан сөздері қаперге алынбасын біле тұра бүкіл қауымға жеткізді. Хрущевтің жылымшы сөзіне елікпеді, берем деген Қызыл Ту орденінен бас тартты. Қорықпайтын адам жоқ, ал ол қорықпады (өз сөзі).

Жоғарыда айтқанымыздай, сол бір «қарғыс атқан» пленумға «шаршылап-ұялау әдісін» қолдамақ түгіл, оны естуге жүректері дауаламайтын Усман Юсупов пен Мұрат Майлыбаевтан басқа да жүрегінің түгі бар азаматтар қатысқан-ды. Бірі – Өзбекстанның сол кездегі Ауыл шаруашылығы министрі, менің немере ағам, биология ғылымдарының докторы, профессор Ештай Өзенбаев-тын. Сол жолы репрессияға ұшырайтынына көзі жеткен ол да арызын жазып, қызметтен босады да, ғылыми-зерттеу институтына жылжыды. Бірақ, онда тұрақтай алмай, амалсыз Алматыға қоныс аударды. КСРО Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі жоғары лауазымды қызметінен айырылып, партиядан шығарылған Мұрат Майлыбаев та Алматыда аса үлкен болмаса да, шайлығына жетерлік жұмысқа орналасып, адал қызмет етті.

Жалпы, мақтаны «шаршылап-ұялау әдісімен» өсіруді қолдамағандардың дені қазақтар еді. Өзбек Усман Юсуповтан соңғы қазақ Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаевтан кейін сол жөнсіздікке батыл қарсы шыққандардың төртіншісі – ол да менің туысым – белгілі ғалым, Орта Азия Мемлекеттік университетінің түлегі, Мақтаарал совхоз-техникумынның директоры, профессор Бәкір Әлібаев болатын. Аталған пленум шақырылғанға дейін өзі басқаратын Одаққа мәлім атышулы шаруашылықта мақтаны жаңбырлатып суарудан бас тартқан Бәкір де аяусыз жазаланды, қызметтен қуылып, партия қатарынан аласталды. Ауыртпалықты көтере алмай, қайғылы қазаға ұшырады. Артында әйелі, үш баласы қалды.

«Шаршылап-ұялау әдісін» қолдамағандар сазайын тартып, мақтаны жаңбырлатып суарудан бас тартқандар талқандалған соң, «жаңашыл» мелиораторларға кең жол ашылып, ойларына келгенін істеді: мақта өсірудің байырғы тәсілдері жойылды, бос жатқан алқаптар «тың игеру» деген сылтаумен жыртылып, қым-қуыт атыздар қазылды, диқандардың оларды суға қандыру мүмкін емес деп зар қаққанына ешкім құлақ аспады. Суландыру жүйесі толықтай бұзылды. Сырдария мен Әмударияның сулары толассыз жер астына кетіп жатты. Топырақ сорланып, мақта өсіру қиындады. Бәрінен сорақысы, Арал тартыла бастады. Арал теңізі құрыды деп дабыл қағу кейін пайда болды ғой. Себебін біреу біліп, біреу білмейді. Ал, оның бірден-бір себебі, алысты болжауға шамасы жоқ, әлжуаз, жағымпаз, ұраншыл, науқаншыл топас мелиораторлардың мақталық алқап көлемін шектен тыс ұлғайтып, «шаршылап-ұялау әдісімен» өсіруді іске асырғаны еді. Жаңбырлатып суару деген кесапаттан да қаншама су ысырап болғаны бір Құдайға аян.

Арал теңізінің болашақ қайғылы тағдыры хақында әлі ешкім ештеңе білмейтін кездегі олардың бұл болжамдарын көрегендік десе де болғандай еді. Ақыры айтқандары айдай келіп, Өзбекстандағы қыруар егістік алқап дақыл өсіруге жарамай қалды. Қарақалпақстандағы сор басқан алқаптардың мүшкіл күйінен қаншама халық әлі күнге қиындық көруде. Аралдың халі анау.

Әйтсе де, Аралдың неліктен тартылғанын көп жұрт әлі күнге дейін нақты біле бермейтіні анық. Соған орай мынадай жайларды айтуға болады. Бұл бұрынғы КСРО басшылығының су шаруашылығы жүйесіндегі аса ірі қателігі. Көктен шұға жаудырып, көл-көсір өнім өндіреміз деген бос қиялы. Соның кесірінен Сырдария мен Әмударияның жер астына кеткен суларынан табиғат та, адамдар да өлшеусіз зиян шекті. Ұлан-ғайыр аймақ (тіпті, дүние жүзі десе де артық емес) суы тартылған Аралдың аспанға ұшқан тұзды тозаңына бір тұншықса, суармалы алқаптардағы жер асты сулары көтеріліп, топырақ сорланып, дақыл өсірудің жолы кесіліп, опық жеуде. Бұларды көзі қарақты адамдар сол кездерде де айтты, дабыл қақты. Мәселен, «Арал-88» экспедициясына бізбен бірге қатысқан мәскеулік журналист «Правда» газетіне (15.ХІ.1988ж.) «Мақта алқабы адамдардың уақыты, күш-қайраты мен денсаулығын күйретуде» деп ашық жазды. Сол газеттің (ол да экспедиция құрамында болған) Селюнин дейтін шолушысы: «Мақта өсірушілер өндірістік мүмкіндіктен мақұрым қалып отыр», деп жар салды.

Міне, көріп отырғанымыздай, сонау 1950 жылдардың орта шенінде Хрущевке қарсы шыққан Усман Юсупов, Мұрат Майлыбаев, Ештай Өзенбаев, Бәкір Әлібаевтай алысты болжай білген ғалым-агрономдардың апаттың алдын-алу жөніндегі іс-әрекеттері далаға кетті, олардың қаупі тегін емес-ті. Олар сол үшін бастарын қатерге тігіп, қуғын-сүргінге ұшырады, жаманат жамылды. Алайда, өкінген жоқ.

Мұрат аға Майлыбаев 1992 жылы 26 мартта 86 жасында дүние салды. Ол көрсоқыр қорқаулардың шермендеге ұшырайтынын көзінің тірісінде-ақ жақсы білді, ұғынды. Бірақ, не пайда? Қаншама мақталық алқап бүлініп, Арал теңізі жоғалды, суалды. Бұл олқылықтардың орны қалай толады?

1978 жылы Ленинградтан Алматыға келгенде Мұрат ағаның үйіне барып, сәлем бердім. Мені көргенде жүрегі жарыла қуанып, әрі әлі күнге дейін қайғыдан қан жұтып жүргенін жасыра алмай, қатты күйзелісте отырды. Ол кезде Арал теңізінің аянышты халі жер-жерде кеңінен сөз болып жататын. «Айтпадым ба, айтпадым ба?» дегеннен бөлек аузына сөз түспеген қайран ағам көз жасына тұншыққан-ды. Сол жолы менімен қоштасқанда да: «Обал-ай! Обал-ай!» – деп күрсінумен болды.

…Әйгілі ғалым-агроном Мұрат Майлыбаев ағамның «обал-ай, обал-ай!» деп күрсінгені күні бүгінгідей көз алдымда. Аралдың құрдымга кетерін 10-15 жыл бұрын болжап: «Айтпадым ба? Айтпадым ба?» дегені де есте. Иә, бұл фәни жалғанда небір ғазиз, көреген жандар ғұмыр кешті. Жарық дүниеден жаным арымның садағасы деген Мұрат Майлыбаевтай сайыпқырандар да өтті. Олар қолдан келгенін жасады. Жасай алмағаны үшін жазықты емес. Олар жасай алмағанды кейінгі ұрпақ жасауы ләзім. Өз басым Арал қалпына қайта келер деп үміттенемін. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың қамқорлығымен бүгінгі жасалып жатқан іс-шаралар куә деп қараймын. Сондай-ақ, ұзақ жыл башпайына «қоңырау байланып», елеусіз жүріп-тұрған Мұрат Майлыбаевтай ержүрек ғалымның еңбегін ескеріп, әділ бағасын беретін уақыт жетті. Өзбек халқы қашаннан аспандата қадірлеп жүрген Усман аға Юсупов секілді, Майлыбаев та тиісті бағасын алып, кеңінен дәріптелуі тиіс деп ойлаймыз.

Р.S. Несін жасырамыз, Мұрат Бәкірұлының көзі тірісінде онымен сөйлесіп, ақиқатты анықтаған ешкім болмауы өкінішті. Біріншіден, ондай адам барын білмеді, екіншіден, бірлі-жарым білетіндер партиядан шығып, қызметтен қуылғаны үшін тайсақтады, сескенді (оларды түсінуге болады). Е.Өзенбаев, Б.Әлібаев жайлы да солай. Өзбектер де Усман Юсуповтың жеке басын құрметтегенмен, Аралға қатысты жанкешті әрекеті жайлы пәлен дегенін байқамаппыз. Бір өзбек, үш қазақ. Хрущевтен тайсалмаған төртеу (бұл басқаларды мансұқтау емес). ОЛАР АРАЛ ҮШІН АЛЫСТЫ.

Жоғарыда баяндалғандарды әлқисса деп түсінейік. Әрі қарай індетуге бастау деп қарайық. Арал апатының шын сырын білу қажет болса…

Жазып алған:

Зәкір АСАБАЕВ.