Саясат • 26 Сәуір, 2019

Экспорт үшін тосқауылдар - қазақстандық дипломатияның басты назарында

952 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Экспорт үшін тосқауылдар - қазақстандық дипломатияның басты назарында

Сыртқы істер министрлігіне экспортты ілгерілету саласында жүктелген өкілеттіктер отандық өңделген өнімдердің сыртқы нарықтарға тұрақты жеткізілуін арттыру мәселелерін шешуде дипломатиялық қызметтің белсенді қатысуын білдіреді. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке 2019 жылы шикізаттық емес экспорт көлемін 24,7 млрд. АҚШ долларына дейін арттыру міндетін қойғаны белгілі.

Осы мақсаттарда, ең алдымен, Сыртқы істер министрлігінің экспортты ілгерілету үдерісіне қатысатын басқа мемлекеттік органдармен және квазимемлекеттік құрылымдармен функцияларды айқын бөлетін өзара әрекеттесу алгоритмі құрылды.

ИИДМ экспорттық саясатты айқындайды және оны өңдеу өнеркәсібі саласында жүзеге асырады; АШМ – азық-түлік өнеркәсібі саласында; ҰЭМ сыртқы сауда қызметін реттеу және дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді; «Атамекен» ҚР ҰКП сервистік қолдау көрсетеді; «KazakhExport» ЭСК» АҚ экспорттаушыларға қаржылық және сақтандыру қызметтерін ұсынады. Қазақстандық индустрия және экспорттық орталығы (Қазақстандық индустрияны дамыту институты» базасында) отандық экспорттаушылар үшін «Бір терезе» ретінде ұсынылады. Экспорттаушыларға қажет құжаттаманы рәсімдеу мен келісу жоғарыда аталған және басқа салалық құрылымдардың құзыретіне кіреді.

Сыртқы істер министрлігі қандай да бір рұқсаттар беру процесіне қатыспаса да, өзінің ерекшелігіне байланысты басқа маңызды бағытта - экспортты дамытудың сыртқы аспектілеріне басты назар аударады.

Сыртқы саяси ведомство шет мемлекеттердің билік өкілдерімен қазақстандық экспортқа тарифтік және тарифтік емес тосқауылдарды азайту; шет елдерде оңтайлы көлік маршруттарын пысықтау; тауарларды импорттауға рұқсат етілген тізімдерге енгізу; сауда саласында, оның ішінде, еркін сауда аймақтары бойынша келісімдер жасасу; қазақстандық бизнестің халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге қатысуы үшін қолайлы жағдайлар жасау сияқты (мысалға, еліміздің Орынбор қ. (2019 жылғы қазан) «Қазақстанда жасалған» 2-ші сауда-өнеркәсіптік көрмесіне және ү.ж. қарашасында Шанхай қ. өтетін 2-ші Қытай халықаралық импорттық көрмесіне дайындық жұмыстары жүргізілуде) және т.б. маңызды мәселелер бойынша келіссөздерді өткізуге тікелей қатысады.

Бұл жұмыстың тиімділігі көбінесе экспортты қолдау саласында басқа ұлттық ойыншылармен бірге тұрақты түрде «сағатты салыстыруға» байланысты. Осы мақсатта Сыртқы істер министрлігі шеңберінде  шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселесі бойынша практикалық шараларды әзірлеуге және қажетті ақпаратты алмасуға бағытталған арнайы Ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған.

Қазақстандық экспортқа бағытталған жеке сектормен тікелей өзара әрекеттесу СІМ құралдарындағы жаңа элемент  болып табылады. Кәсіпорындар белгілі бір елдерде бизнесті жүргізу туралы қажетті ақпаратты ұсынуға, шетелдік серіктестермен кездесулерді ұйымдастыруға, сатып алушыларды іздестіруге және т.б. өтініш білдіреді. 2019 жылдың басынан бастап СІМ ауыл шаруашылығы, машина жасау, қорғаныс-өнеркәсіп кешені, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика және құрылыс қызметтерін көрсетумен айналысатын бірқатар компаниялар мен ассоциациялардың өтініштерін пысықтады.