Қоғам • 29 Сәуір, 2019

Өндірістік жарақатқа жол бермейік десек...

1272 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Статистика жыл сайын елімізде жұмысшылардың өндірісте апатқа ұшырап немесе жарақат алып, мүгедек болып қалатынын көрсетеді. Демек, өндірісте қауіпсіздікті арттырып, адамдар өмірін сақтау – ең өзекті мәселе екені дау­сыз. Осы тұрғыда еліміздегі ірі жұмыс беруші саналатын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ соңғы 7 жылда өндірістік жарақатты жыл сайын орташа есеппен 1,5% деңгейінде төмендетуге қол жеткізуі бұл бағытта жетістік деп бағалаған жөн.

Өндірістік жарақатқа жол бермейік десек...
Еліміздегі темір жолдардың ұзындығы 21000 км, элек­тр­жабдықтау желілері 40 000 км, те­­міржол кешені 59 000 да­на жылжымалы құ­рам­нан, сондай-ақ 2000 қа­уі­пті техникалық құралдан, өзге де шаруашылықтардан тұ­­ратындығын ескерсек, мұндай нәтиже үлкен күш-жігер мен кешенді іс-шараны жүзеге асыруды қажет етеді. Оның үстіне бүгінгі таңда компанияда 124 000-нан астам адам жұмыс істейтінін айта кеткен орынды. 

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев 2019 жыл­дың 6 ақпанында жылды қоры­тын­дылаған кеңейтілген отырыста қауіпсіздік пен еңбек жағ­дайының жақсаруын қам­тамасыз ету бойынша әрбір басшыға нақты тапсырмалар беріп, ең басты басымдық – қауіпсіздік пен еңбекті қорғау екен­дігін мықтап ескерткен болатын. Әр теміржолшының денсаулығы – негізгі құндылық екенін қаперге алсақ, компанияда еңбек ететін қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына нұқсан келмеуі басты назарда болуы тиіс. 

Сондай-ақ осы жақында ғана, 16 сәуірде ҚТЖ Басқарма төр­ағасының бірінші орынбасары Қ.Әлмағамбетовтің төр­­аға­лығымен Бас көлік про­ку­ратурасы, Ішкі істер минис­тр­лігі, Индустрия және инфра­құ­рылымдық даму министрлігі өкілдерінің және компания ма­мандарының қатысуымен дәс­түрлі қозғалыс қауіпсіздігі та­қырыбындағы дөңгелек үстел өтті. Қозғалыс қауіпсіздігі проб­­­лемаларымен қоса онда адам­дардың өз бетімен аса қауіпті аймақ болып табылатын темір жолға шығып кетуі жағдайлары да назардан тыс қалған жоқ. Жол бойында елді мекендердің көп екенін ескерсек, бұл да бір үлкен проблемалардың бірі. Қазақта «Сақтансаң – сақтайды!» деген ескертпе сөз бар емес пе? Егер осыған сүйенер болсақ, онда әр адам өз өміріне жауапты екен­дігін тағы бір қаперге сала кетсек артық етпес.

Ал енді өндірістік жарақатқа қайта оралсақ. Оның деңгейін төмендетуде көптеген іс-шаралар атқарылғанына қарамастан, әлі де шешімін күткен мәселелер кездеседі. Ағымдағы жылдың 28-29 наурызы аралығында Аты­рау қаласында өткен «Біздің қа­уіпсіздігіміз – біздің өміріміз!» атты бас инженерлер форумында да бұл мәселе жан-жақты талқыланды. Реті келгенде айта кетейік, сол Атырау қаласында орналасқан Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясы 26 жыл бойы бірде-бір апаттық жағдайларға жол бермегендігі және өзге де жергілікті кә­сіп­орындардың 15-20 жыл қатарынан үлгілі жұмыс істеп келе жатуы осы қалада бас инженерлер құрылтайын өткізуге себепші болды. Сол жиында жасаған баяндамасында «ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері Батыр Ко­тырев соңғы он жылда өн­ді­ріс­тік жарақат деңгейінің кеми түскенін өндіріске енгізіліп жат­қан жаңашылдықтармен бай­ланыс­­тырды. 

2018 жылы компания және оның еншілес кәсіпорындарында өндірістік жарақат деңгейін 28-ге кемітуге қол жеткізілсе, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 жағдайға кем екен. Салада жа­­­­­рақатқа үш мамандық: жол мон­тері, пойыз құрастырушысы және локомотив машинисінің көмекшісі бейінді келеді десек, жалпы жарақаттың жартысына жуығы осы мамандық иелерінің еншісінде екен. Тексере келгенде сол өндірістік жарақат жағ­дайларының көпшілігінде жұмысшылардың қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтай бермейтіндігі көңілді құлазытпай қоймайды. Бұдан басқа, 78 қай­ғылы жағдайдың 59-ы өнді­ріспен байланысты еместігі де анықталып отыр. Кезекті ме­ди­циналық тексерістен өткен кей­бір қызметкерлердің жұмыс орындарында жантәсілім еткен 25 жағдайы тіркеліпті. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге өскендігін көрсетеді. Бұл меди­циналық қызмет сапасының сын көтермейтіндігін байқатады. 

Өндірістік жарақат алудың негізгі себептері – қауіпсіздік та­лап­тарының сақталмауы, ең­бек­ті қорғау ережелерінің елен­беуі және тағысын тағылар болып кете береді.  

Нөлдік жарақат жағдайын құруға бағытталған әлемдік озық тәжірибелер мен жылдық қо­­ры­тындылар бойынша қабыл­данған нақты шешімдер 2019 жылдың қауіпсіздік саласындағы негізгі міндеттерін айқындауға мүмкіндік берді. Уәкілетті орган­ның нормативтеріне сәйкес ҚжЕҚ мамандар штатымен толықтыру – уақыт талабы. Және де компания тарапынан заңнамамен, уәкілетті органдардың актілерімен бекі­тілен, қор және кәсіподақ бе­кіткен қауіпсіз жұмыстың не­гі­згі шарттары жан-жақты ескеріл­гендігін айта кеткен орынды. Шаруашылық жетекшілерінде қауіпсіз еңбек жағдайын қолдау үшін қажетті құралдар жеткілікті. Сондықтан да басшылар, мамандар, толықтай еңбек ұжымы белгіленген жоспарды орындау үшін барлық күш-жігерлерін жұмсауы тиіс. Және де әр ша­руа­шылыққа нөлдік жарақат стратегиясын жүзеге асыру мақ­сатында өз бағдарламаларын әзір­леуге мүмкіндік беріліп отыр. Бұдан басқа, форумдар, кон­­­­­­­­­­ференциялар ұйымдастыру, БАҚ-пен байланыстарды нығайту мәселесі де күн тәртібінде тұр. Мамандандырылған мердігер­лердің нақты талаптарды қам­тыған жұмыс орындарын аттес­тациялауды ұйымдастыруды бірыңғай корпоративтік тәртіпте жүзеге асыруы көзделген. Қыз­мет­керлерді міндетті меди­ци­налық тексерулермен қамту, ме­дициналық қызмет сапасына талаптарды күшейту жағы да назардан тыс қалмайды. Ең бас­тысы, «Сенім сертификаттарын» шаруашылықтарға тапсыру арқылы, олардың нөлдік жарақат қағидаларын ұстауын ынталандыру жағы да қолға алын­ды. Бұның барлығы да жа­рақаттардың алдын алудың алғы­шарттары саналады. 

Міне, ҚТЖ шеңберінде осы бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр және ол жалғаса береді. Бас­ты ұстаным – «нөлдік жара­қат­» тұжырымдамасын жүзеге асыру.


Асқар ИСАҚОВ,

БАҚ-пен жұмыс жүргізу департаментінің менеджері