Қоғам • 29 Сәуір, 2019

Алматы облысында жас мамандардың тұрғын үй мәселесі қолға алынды

908 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

2009 жылдан бері жұмыс істейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы облыста, соның ішінде аудан, қалаларда нәтижелі жүзеге асырылып жатыр. Бүгінгі күні Жамбыл ауданда бюджеттік несиелер бағдарламасына 189 млн 375 мың теңге бөлінген. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысында жас мамандардың тұрғын үй мәселесі қолға алынды

Жамбыл аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің мәліметі бойынша аталмыш ауданда биыл бюджеттік несиелер бағдарламасына 189 млн 375 мың теңге бөлінген. Осы қаражаттан 21 жас маманға 76 млн 071 мың теңге бюджеттік несие төлеуге құжаттар рәсімделуде. Оның ішінде, денсаулық сақтау саласы бойынша 5 маман, ветеринарияда – 1, білімде 15 жас ұстаз бар. Әрбір жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бөлінетін бюджеттік қаржы – 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Бұл – 3 млн 787 500 теңге сомасында.

Ауданда «Ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен мамандарына әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну» бағдарламасын жүзеге асыруға 11 млн 489,0 мың теңге бөлінген. Ол қаражаттан 31 жас маманға 5 млн 479,2 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төленді. Осы көтерме жәрдемақыны алғандардың 21-і – білім, 5-уі –ветеринарлық, тағы 5-уі – денсаулық сақтау саласында. Олардың әрқайсысы 176 750 теңгеден қаржылай қолдауға ие болды.