Аймақтар • 29 Сәуір, 2019

Қыздар университетінде «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жоба бастау алды

1326 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, «Алтын жұлдыз» медалі мен «Отан» орденінің иегері, белгілі педагог Аягүл Миразова Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Бұл туралы оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі хабарлайды.

Қыздар университетінде «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жоба бастау алды

«Бүгінгі ұстаздың беделі мен абыройын қалай көтеруге болады және болашақ мұғалім мамандары үшін ең басты құндылық не?» деген сияқты өзекті мәселелер әңгіме арқауы болған жиынды Қыздар университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанова ашып, Аягүл Төреқызының ұрпақ тәрбиелеудегі елеулі үлесіне кеңінен тоқталды.

– Сіз ғұмырыңыздың мазмұнды кезеңдері мен өміріңіздің жарқын сәттерін білім беру саласына арнап, біліктілігіңіз бен ұйымдастырушылық қабілетіңіздің арқасында ел құрметіне бөлендіңіз. Қазақта «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес. Өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау» деген ұлағатқа айналған ұғым бар. Расында да педагог – адам тәрбиешісі, кез келген жанның тағдыр талайына жазыла бермейтін ерекше мамандық. Ұстаз жолы – ғибратты жол. Ұстаздықтың ұлы жолында қажырлы қызмет қылған адам ғана биік белесті бағындыра алады. Бұл тұрғыда еңбегі – ерен, өмірі – өнеге Аягүл Төреқызы өскелең ұрпақты өресі жоғары азамат қылып тәрбиелеп, ізденіс пен талапқа негізделген мәртебелі мамандықтың абыройын арттыруға зор үлес қосып келеді, деді Жаңагүл Сұлтанова.

Сонымен қатар ол педагогтың отандық білім беру саласына сіңірген қызметінің маңызын да атап өтті.

– Мектеп мұғалімдігінен басталған еңбек жолыңыз бен бүгінгі жеткен биік белесіңіз әріптестеріңіз бен шәкірттеріңізге үлгі-өнеге. Сізден тәлім мен тәрбие алған қаншама маман жас буынды ұстамдылыққа, ұлтжандылыққа үйретті. Педагог – қоғамның зияткерлік әлеуетін қалыптастырады. Білімді ұрпақ пен мықты мемлекеттің кепілі болатын өскелең жасқа сапалы білім, саналы тәрбие берудегі Сіздің қызметіңіздің маңызы һәм өміршеңдігі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома екендігі белгілі. «Алаштың Аягүлі» атанған Сіздің ұлтымыздың оқу-ағарту саласына сіңірген еңбегіңіз бен кейінге қалдырған рухани мұраңыз әлі де талай жандар үшін, әсіресе, болашақ мұғалімдер үшін шамшырақ болатынына кәміл сенімдімін, дейді Ж. Сұлтанова.

Өз кезегінде Аягүл Миразова отандық жоғары білікті педагог кадрлар даярлатын бірден-бір көшбасшы оқу орны Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылығына осындай игілікті іске мұрындық болып отырғаны үшін ризашылығын жеткізді.

– Бұл қарашаңырақта ұлтымыздың маңдайына біткен біртуар азаматтар қызмет атқарып, қазақ халқының мақтанышына айналған қаншама арулар білім алды. Сіздер де сол аға буынның ізін басып, ұлағат ұясына айналған оқу орнында білім алып жатырсыздар. Тегінде, жақсы ұстазға қызығып өскен, оған еліктейтін шәкірттің де жаны жақсылыққа құмар болады. Бұлай деп отырғаным бекер емес. Біз де сіздер сияқты студент болдық. Ел қатарлы білім алдық. Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының Математика факультетіне оқуға түстім. Институтта білікті ұстаздардан тәлім алдық. Сабақты жақсы оқитынмын, оқу орнының қоғамдық жұмысына белсене қатысатынмын. Ауылдық елдімекендерге, мал фермаларына барып, концерт қоятынбыз. Өнерге жақын болдық. Алматыдан шығатын беделді газет-журналдарға тырнақалды мақаламызды, өлеңдерімізді жіберетінбіз. Әдеби кітаптарды жата-жастана оқыдық. Соның да әсері болуы керек, арманымыз көп еді. Арман – адамды алысқа жетелейді ғой. Қаршадай қызға мақсат бітірген де сол көңіл түкпіріндегі арман-мақсатымыз, – деді өз сөзінде Аягүл Миразова.

Сондай-ақ ол білім саласындағы өзгерістер жайын да қаузады.

– Еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізген соң білім саласында өте үлкен өзгерістер болды. Елеулі жетістіктерге жеттік. Табыстарымыз да аз емес. Осы жылдары Қазақ елінің түкпір-түкпірінде жүздеген заманауи білім ордалары – мектептер, балабақшалар салынып жатыр. Қаракөздеріміз Елбасының бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнің беделді университеттерінде оқып, білімімен, біліктілігімен шетелді мойындатып жатыр. Жоғары мектептердің де материалдық-техникалық базасы соңғы үлгімен жарақталды. Өзіміздің төл оқулықтарымыз жазылды. Қазақ тіліндегі мектептер саны айтарлықтай көбейді. Өзіміздің ұлттық болмысымызды, құндылығымызды, салт-дәстүрімізді ұрпағымыздың бойына құюда қазақ мектептерінің маңызы зор. Балабақша жасынан бастап, нағыз қазақ тілді ұрпақты қалыптастыру арқылы біз мемлекеттің ертеңін жасап жатырмыз деп толық сеніммен айта аламын, – деген ұстаз мұғалім мамандығының беделі турасында да сөз қозғады.

Аягүл Миразованың айтуынша, ұстаз бақыты – өз шәкіртімен бірге қуана білу. Оның міндеті – талапты жастың шамшырағын жаға білу.


– Отанды сүю – отбасыдан басталады. Ұрпақ тәрбиесінде тек мұғалімге ғана емес, сондай-ақ ата-анаға да жүктелер жауапкершілік үлкен. Біздің бұл өмірде тек бір отанымыз бар. Ол – Қазақстан. Келешек жастардың қолында. Сондықтан да, туған елін жан-тәнімен сүйетін, ата-анасын әлпештейтін, ұстазын сыйлайтын азаматтарды тәрбиелеп өсірсек, бұл міндетіміздің орындалғаны. Ұстаздың жүгі жеңіл емес. Сіздер болашақ ұстазсыздар. Еліміздің тұтас бір буынын тәрбиелеу сіздердің еншілеріңізге бұйырып тұр. Болатын адам биікке ұмтылады. Ал сол биік белес еселі еңбекпен келеді. Сондықтан да қашанда ізденіп, білімге берілген уақытты білімге арнаңыздар дегім келеді. Бүгінгі уақыт – білімнің уақыты. Өркениеттің көшіне ілесу үшін терең һәм сапалы білім болу қажет, дейді Аягүл Төреқызы.

Жиын барысында Қыздар университінің студенттері Алтынай Жәңгір әсем әнін әуелетсе, Мәдина Әблез қазақтың бірнеше күйін нақышына келтіре орындады. «Ақ қауырсын» жас ақындар клубының мүшесі Толғанай Алпысбаева мен Мәдина Даркенбаева Аягүл Миразоваға арнаған арнауы да кеш ажарын аша түсті.

Тағылымды шараны Жаңагүл Сұлтанова қорытындылап, ұстазға университет ұжымы атынан ризашылығын білдіріп, сый-сияпат көрсетті.