Қоғам • 29 Сәуір, 2019

Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық - Смағұл Елубай

1172 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы жазушы Смағұл Елубай Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясында айтты.

Ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық - Смағұл Елубай

«Бүгін де біз таңқаларлық тарихи күндерді бастан кешіп отырмыз. Өйткені, біз президент дәл бүгін ауысады деп күтпеген едік. Бұл оқиғаны ертеңгі күндерден күтетінбіз. Алайда бәрі табанасты өзгерді. Елбасы президенттік билігін тоқтатты. Бұл өзі Елбасының жеті өлшеп, бір кескен дана шешімі болыпты. Осы орайда, кешегі бір сіздер бен біздер бастан кешкен өтпелі кезең аталатын тоқсаныншы жылдар еске түседі. Сол бір алмағайып тұста ел батасын алған Елбасы Алла деп тәуекелдің атына мінді, көш тізгінін қолға алды. Алайда алда тұрған өтпелі көпір кезеңі оңай емес еді. Ол көпірді көшбасшы бір қадам шалыс басса, шашылып қалу қаупі болды, ағайын. Бірақ, Көшбасшымыз бұл өткелден Қазақстанды аман есен-алып шықты», деді жазушы.

Смағұл Елубай Қазақстан халқы сол тұста бір атаның баласындай бірігіп, жаңа Қазақстанның іргетасын қалап, қабырғасын көтеріп, Арқа төсінде жайнатып жаңа астана салғанын атап өтті.

«Біз бүгін тағы да еңсесі биік, төрі кең қазақ шаңырағының астында отырмыз. Осы ордадан тәуелсіздік жылдары заманауи саясат көгіне бір жұлдыз көтерілді. Ол - Назарбаев жұлдызы еді. Ол жұлдыз күндіз-түні өз елін шырқау биікке шақырумен болды. Сол ұрандардан күндердің күнінде жанартаудай атқылап, ұлттық пассионарлық рух оянды. Оны оятқан пассионар тұлға - Н.Назарбаев еді. Бұл дүмпу тау қопарып, тас жарды. Жас әрі жаңа Қазақстан өмірге келді», деді жазушы.

Жазушы өз сөзінде осы жанартаудың ұшқындарындай әлем көгінде қаншама мәдениет, спорт жұлдыздары жанғанын, әлі де жанып тұрғанын атап өтті.

«Құрметті Елбасы! Осы биікте сіз тіл жұлдызымыз жансын деп жазуды латын қарпіне бұрдыңыз. Ең ірі реформа - осы еді. Өйткені, тіл жұлдызы жанғанда ғана - ел жұлдызы жанары хақ, Ендеше, ел жұлдызы жансын десек, тіл жұлдызын жағайық, ағайын», деді ол.

Сондай-ақ жазушы киножобалардың дүниеге келгенін, әдеби жауһарларымыз әлем тілдеріне аударылғанын да атап өтті.

«Сіздің тапсырмаңыздан түгел Түркі бесігі - Түркістан түлей бастады. Енді бізді Әзірет Сұлтан басында, сіз көтерген ту астында түгел түркі бас қосар күнге жеткізгей. Ұлы Тұран - түгел түріктің арманы еді. Сол арман ақиқатқа айнала бастады. Сол үшін де сізге алғысымыз - алабөтен. Нұраға! Ұлт тарихында - Ұлы аға! Аман-есен жүр, Аға!», деді Смағұл Елубай.