Саясат • 29 Сәуір, 2019

Қол жинау парақтары берілді

1387 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынған Әміржан Қосанов келіп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінен емтихан тапсырды.

Қол жинау парақтары берілді

Әміржан Сәғидрахманұлын Қазақстан Республикасының Президенттікке кандидат ретінде ұсынған «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі оның қажетті құжаттырын Орталық сайлау комиссиясына өткізген болатын.

Мемлекeттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияда емтиханды қалай тапсырғаны жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университеті түркітану кафедрасының меңгерушісі, лингвистикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: - Бүгін лингвистикалық комиссияда жазбаша жұмыс бойынша Әміржан Қосанов "Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы мен бүгіні" атты тақырыпты таңдады. Екінші тапсырма бойынша ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармасын алды. Үшінші еркін тапсырма бойынша Ыбырай Алтынсариннің "Өнер-білім бар жұрттар" деген өлеңнін таңдады. Бұл үш тапсырма бойынша да Қазақстан Президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов  мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін жан-жақты, жоғары дәрежеде толықтай көрсетіп берді,- деп айтып берді.

Сонымен қатар Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар Төлеутай Рақымбеков пен Жамбыл Ахметбековтің  ҚР Конституциясының және "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін анықтау қаулысы қабылданды. "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық заңының 54-бабының 5-ші тармағына және 55-бабына сай "Ауыл" Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" қоғамдық бірлестігі Төлеутай Рақымбековті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясы қабылдады. Сол сияқты осы негізде Қазақстан Республикасының Президенттігіне Жамбыл Ахметбековті "Қазақстан коммунистік халық партиясы" қоғамдық бірлестігі ұсынып, оның тиісті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясы қабылдады.

Одан соң Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттар Төлеутай Рақымбековтің және Жамбыл Ахметбековтің сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салынып, тиісті мәліметтер алынды. Ал 2019 жылғы 27 сәуірде  Орталық сайлау комиссиясында аталған қос кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігінін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып, онда екеуінің де мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде шешім қабылданды.

Орталық сайлау комиссиясы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметтері негізінде Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Төлеутай Сатайұлы Рақымбековтің және Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жамбыл  Ахметбековтың Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келетінін анықтады.

Сөйтіп облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдау үшін қол жинауға қол қою парақтары тапсырылды. Қол жинауды Президенттікке кандидаттың сенім білдірген адамдары жүзеге асыратынын және ол қол қою парақтарымен ресімделетінін атап өту қажет. Сенім білдірілген адамдардың тіркеуді аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы қаулысымен бекітілген нұсқаулығының негізінде жүзеге асырады.