Қазақстан • 30 Сәуір, 2019

Нұр-Сұлтанда қазақстандық-венгерлік бизнес-форум басталды

851 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Венгрия премьер-министрінің орынбасары – Қаржы министрі Михай Варганың ресми сапары шеңберінде қазақстандық-венгерлік бизнес-форум басталды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Нұр-Сұлтанда қазақстандық-венгерлік бизнес-форум басталды

Форумға екі елдің билік органдары мен іскерлік ортаның 150-ден аса, оның ішінде 100-ге жуық венгерлік бизнес өкілі жиналды. 

«Форум екі ел арасындағы тікелей іскерлік байланысты жолға қоюдың ұтымды механизміне айналды. Венгрия – Қазақстанның Еуропадағы аса маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық әріптесінің бірі. Біз екіжақты экономикалық өзара іс-қимылдың өрістеу тенденциясын жоғары бағалаймыз. Венгрия кәсіпкерлерінің біздің елімізбен өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға деген қызығушылығы барған сайын күшейе түсуде», деді Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов.

Форум сауда және инвестициялық өзара іс-қимылды талқылаудағы маңызды басқосуға айналған. Мұнда экономиканың түрлі саласы қамтылып, екіжақты ынтымақтастық жобаларына жол ашылады. 

Руслан Дәленов қазақстандық-венгерлік сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытудың болашағына баға бере келіп: «Қазақстан Венгрияның ТМД елдерінің ішіндегі 4-ірі сауда әріптесі. Екі ел арасындағы 2018 жылғы тауар айналымының көлемі – 139 млн АҚШ доллары. Бұл ретте жемісті ынтымақтастыққа әкелетін барлық шарт жасалған. Қазақстандық-венгерлік Стратегиялық кеңес, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия, Іскерлік кеңес, Атом энергиясы жөніндегі жұмыс тобы мен Тікелей инвестициялардың бірлескен қоры табыспен жұмыс істеуде», деді.    

Форум бағдарламасы бойынша қазақстандық және венгерлік кәсіпкерлердің арасында бірқатар екіжақты кездесулер өтеді. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл және тамақ өнеркәсібі, құрылыс, химия және машина жасау саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылауды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, бизнес-форумның барысында Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Венгрия Сыртқы істер және сауда министрлігінің арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.