Қазақстан • 30 Сәуір, 2019

Сақтандыру индустриясында ойын тәртібі өзгеруге тиіс

989 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Таяуда Алматыдағы алқалы жиында бас қосқан халықаралық сарапшылар «Тәуекел менеджментінің бизнеспен, экономиканың түрлі секторларымен ықпал­дастығын қалай тиімді етуге болады?» деген тақырыпты талқылады. Әрісі – Лондон, берісі Ресейден келген сарапшылардың пайымдауынша, 2019 жылғы назар аударылуға тиіс мәселелер осы күнге дейінгілерге мүлдем ұқсамайды. Мұндай болжам айтуға 2018 жылғы экономикада байқалған факторлар себеп болып отыр.

Сақтандыру индустриясында ойын тәртібі өзгеруге тиіс

«Еуразия» сақтандыру компаниясының өкілі Назым Тульчинский қазақстан­дықтарды әлемдік трендтер ғана емес, алыс-жақын көр­ші­леріміздің мәдени экспан­сиясы да алаңдататынын айтты. 2018 жылы БАҚ бет­терінен түспеген «қытай синдромы» биыл да өзек­тілігін жоғалтпайды. Спи­кердің пайымдауынша, 2018 жылдың нәтижесі 2019 жылы да жалғасады. Италия техникалық рецессия кезеңіне жақындап қалғанын ресми түрде мойындады. Гер­мания, Франция, Жапония, Оңтүс­тік Корея мен Малайзия, Тайваньның жағдайы мәз емес. Қытай экономикасы қанша сақтандыру, алдын алу шараларын қолға алса да, беті бері қарамай тұр. Спикер, сондай-ақ АҚШ экономикасы 2018 жылды 28 жыл­дан бері тұңғыш рет 8 пайыз­дық өсіммен аяқтағанын тілге тиек етті. Бұл АҚШ үшін жақсы көрсеткіш емес. Ал­пауыт елдің әлемдік эко­но­­­ми­кадағы үлесі – 20 па­йыз. Егер экономикалық өсім 7 па­­йыз болса, АҚШ әл­сіз кәсіп­орындарын жабуға мәж­бүр болады. – Көпті қуанта қоймаған болжам расталды. Әлемдік рецессия әр секторда күш ала бастады, – деп атап өтті Н.Тульчинский.

Ол сондай-ақ Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкасы ішкі нарыққа қа­лай әсер еткені туралы мә­селе көпті толғандыра ба­ста­ғанын жеткізді. Оның па­йымдауынша, бұл фактордың ішкі нарыққа да, сыртқы нарыққа да әсері сезіле қой­маған. Мемлекеттік құн­ды қағаздардың, квазисек­тор­дағы құнды қағаздардың бағасы бұл жаңалыққа селт еткен жоқ. Бұл факторды Нұр-Сұл­тан қаласының саяси менед­жер­лерінің кезекті табысы деп бағалауға болады. – Сая­си жүйедегі конфигурация тек конференция мен осы та­қы­рыпты зерттеп жүр­ген спи­кер­лердің жұмысын қыз­дырды. Ал инвесторлар мұн­дай жаңалықтарға аса елеңдей қоймайды. Бұл Қа­зақ­­­станның тұрақтылық­ты және инвестициялы­лық тар­тым­дылықты сақтаға­нын көр­сетеді, – деп атап өтті спикер.

Оның айтуынша, егер Қытай, Еуропа экономи­ка­сының дамуы тежелетін болса, бұл Қазақстанға да оңай тимейді. Яғни, Қазақстанның экспортқа шығатын өнімдері мұнай, мыс, алюминий және басқа да өнімдерге сұраныс төмендейді. Бұл экономикаға кері әсер етеді. Сол үшін әлемде өндіріс тоқтаусыз дамып отыруы тиіс. Ал осындай тәуекелдерден барынша сақтану үшін аталған өнім­дерден отандық жаңа өнімдер шығару керек.

Н.Тульчинский әлемде дағдарыс күшейген сайын сақтандыру компания­лары­ның жауапкершілігі де арта береді дейді. Сондықтан, сақ­тандыру бағытына кері әсер ететін экономикалық фак­­­торлардың басын ашу керек.

– Сақтандыру компа­ния­ларының интеграцияла­нып, бір-бірімен күш біріктіре­тін кезі келді. Себебі әлемде мем­лекеттің әлеуметтік кө­мегіне тәуелді топтың қа­тары жыл өткен сайын артып келеді. ЕО-да мұндай топ – халықтың 5 пайызы. Бұл құбылыс Қазақстанды да алаңдата бастады. Біз ал­дағы уақытта әлсіз қорғал­ған топты әлеуметтік қаржы­лан­дыруда сақтандыру компаниялары институтының әлеуетін пайдалану туралы біраз мәселелерді нақты­лап алуымыз керек, – деді Н.Тульчинский.

А.Вест рейтинг агент­­ті­гінің басшысы Васи­­лис Катсипис цифрлы эко­но­­миканың соңы әлемдік эко­номи­каның интегра­ция­ла­нуы­на ұласатынын айтты. Оның пайымдауынша, әлем инте­ллек­­туалдардың мүмкін­дігіне назар аудара бастады. Қазіргі тренд – әлем­дік ақыл ойды сақтандыру. Қазір тіпті ғарышта жүріп те компьютерге кіріп, дерек­тер базасында сақталған техно­логиялық идеяларды ұрлап алуға немесе сатып жіберуге болады.

Конференцияның екінші күні пленарлық сессияның модераторы болған Досым Сәтпаев эмиграция, урбанизация мен демография Ор­талық Азия елдері үшін шындап айналысатын тақы­рыптар­дың бірі екенін айтты. Спикер­дің пайымдауынша, Орталық Азияда қа­тар орналасқан Қазақстан мен Өзбекстан­да­ғы жағ­дай бір-біріне мүл­дем ұқса­май­тынымен ерек­шеленеді. Өзбекстанда жыл сайын 7 млн жас еңбек на­­рығына шықса, Қазақ­стан­­ға қартая бастаған мем­лекет­тердің қатарына қосылу қаупі шындап төне бастапты. Ресми статистикада «халық санының 60 пайызының жасы 65-тен асқан егде адамдар» деген деректер ашық айтыла бастады.

– Ұйқыдан ояна бастаған Өзбекстанның Қазақстанға бәсе­келес болуға әбден мүм­кін­дігі бар. Интернет сауда, элек­тронды сауда өзбек­ке қа­рап көш түзей баста­ды. Ал­дағы уақытта Қазақ­стан­­­­да­ғы инвесторлар көрші елге бағыт түзеп, біздің елге қа­­тыс­­ты келісімшарттарды қай­та қа­рауға шешім қабыл­дауы мүм­кін, – деп атап өтті Д.Сәтпаев.

Boston Consulting Group өткен сәуір айының бас кезін­де «Ортақ аймақ, әртүрлі мүм­кіндіктер» деп аталатын ма­қаласында Орталық Азия­дағы инвестиция 170 млрд АҚШ долларына баға­лан­ғанын, оның 100 млрд доллары Қазақстанның ен­шісінде екенін айтқан болатын.

– Мұндай мәліметтерге қат­ты сенуге болмайды. Қа­зір инвесторлар әліптің ар­тын бағып отыр. 1990 жыл­дар­дың бас кезінде шетел­дік ин­вес­торлармен жасал­ған келі­сім­шарттардың аяқта­ла­тын уақыты жақындап қал­ды. Бұл кезең билік тран­зиті­нің сәтіне тура келіп тұр. Қазақ­стан билігі тоқсанын­шы жылдары жасалған келі­сім­­шарт­тарда есе жіберіп алды деген пікірлер көп айтыла­тын. Енді қазақ билігіне сол қателік­тердің орнын толтыратын уақыт келді, дейді Д.Сәтпаев.

Ал экономист Рақым Ошақ­баевтың айт­қан мәлі­мет­тері Boston Consulting Group мақа­ла­сында айтқан деректерді жоққа шығар­ды. Оның пайымдауынша, Қазақстанға тек соңғы 10 жылда келген инвестиция – 221 млрд доллар. 2016 жылы Теңіз кен ор­нын ұлғайтуға 37 млрд дол­лар­ды инвестиция ретінде тар­ту жөнінде келісім жасалды.

– Біз 2015 жылға дейінгі инвестиция деңгейін қайта қалыпқа келтіреміз. Инвес­тициялық тасқын қайта бас­талады, – деді Р.Ошақбаев.

Одан әрі ол сақтандыру нарығында жаңа трендтердің байқала бастағанын айтып өтті. Бұл – инвестицияны сақтандыру.

– Инвестиция мөлшері миллиардтармен өлшенеді. Оны сақтандыруға кішігі­рім сақтандыру компания­ларының дәті бара бермейді. Бірақ мұның қажеттілік екені жалпыға мойындала бастады, – деді Р.Ошақбаев.

Пленарлық сессия барысында сөз сөйлеген Лондон­дағы Lloyd’s компаниясы­ның экс-президенті Инга Бил хакерлердің шабуылы алдағы уақыттарда күшейіп кетуі мүмкін екенін айтты. Сөйтіп әлемдік экономикадағы кибершабуыл шығыны 15,6 млрд доллардан 121 млрд дол­ларға дейін жетеді.

– Ғаламдық киберша­буыл 53 млрд доллар эконо­ми­калық шығын шек­тіруі мүм­кін. Бұл ірі табиғат апа­тының деңгейімен тең. Ки­бер­шабуылдар виртуалды болғандықтан, оның үлкен оқиғаларға қалай әсер ететінін түсіну қиын болады, – дейді Инга Бил.

Оның айтуынша, 2018 жыл­дың мамырында 150 мем­лекеттегі 200-300 мың ком­пьютер WannaCry вирусы­мен зақымдалыпты. Хакер­лер әрбір мәліметті қай­та жаң­­­ғырту үшін 300-600 дол­­­лар қаржы талап еткен. Шабуылға ұшыраған 150-ден астам компанияның басым бөлігі – украиналық компаниялар. Олардың қатарында Украинаның министр­лік­те­рінің де сайты бар. Сол себепт­і сақтандыру индуст­рия­­­сында ойын тәртібін жиі­рек өзгертіп отыруға тура келеді.

 

АЛМАТЫ