Іс-шара Нұр-Сұлтан қаласын 2050 жылға дейін дамыту стратегиясын әзірлеу аясында өтті. Шараны «Стратегиялық зерттеулер мен консалтинг орталығы» ЖШС-нің әзірлеушілері және «Strategy Partners Group» тобы қала әкімдігімен бірлесе ұйымдастырды.
Тақырыптың ерекшеліктеріне байланысты іс-шараға өнеркәсіптің, бизнес қауымдастықтардың, туризм және әкімдік өкілдері қатысты.
Шақырылған қатысушылар арасында «Astana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (ӘКК) өкілдері, «Астана-Инвест», Өнеркәсіп өндірісі одағы, Астана конвеншн бюросы Астана халықаралық қаржы орталығы, «Эль-Терези» ШОК, «Аstana-Technopolis» АЭА және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.
Талқылау барысында кәсіпкерлік және қалалық билік өкілдері қаланың дамуы мен қазіргі таңда дамуға кедергі келтіретін тетіктерге қатысты пікірлерімен алмасты. Стратегияны әзірлеушілердің айтуынша, Нұр-Сұлтан 2050 жылға қарай бәсекеге қабілетті және үнемі дамушы экономикаға ие, тұрғындар мен туристер үшін қолайлы макроөңірдің жаһандық қаласы болуы тиіс.
Жиын барысында айтылған дамудың негізгі идеялары қалаға шығармашылық адамдарды тарту және олардың дағдыларын дамыту үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ету; қызмет көрсету секторын қамтитын шағын және орта бизнесті дамыту; қаржы ұйымдарын елордаға тарту; шетелдік инвесторлар мен қала қонақтары алдында қаланың даму бағытын дұрыс көрсетуге қатысты болды.
Қатысушылар негізгі проблемалардың қатарына мыналарды жатқызды: инвесторларды тартуға жоғарыда аталған ұйымдар арасындағы үйлестірудің болмауы; қаланың жер учаскесіне және бизнес үшін инфрақұрылымына қолжетімсіздік. Ұсынылған жүйелік шешімдердің бірі – жер учаскелерінің бірыңғай дерекқорын құру, себебі қолданыстағы saulet.astana веб-сайты толық ақпарат бермейді.
Қатысушылар сондай-ақ, осындай отырыстардың артықшылықтары мен тиімділігін атап өтті. Тараптар іскерлік және қоғамдық орта мен жергілікті атқарушы органдар арасында осындай тұрақты кездесулерді өткізу туралы уағдаласты.
Іс-шараны ұйымдастырушылар «Нұр-Сұлтан – жайлы қала», «Қаланың демографиялық үрдістері», «4-ші индустриалдық революция кезеңіндегі қалалар», «Нұр-Сұлтан – дарындыларға арналған» сияқты төрт тақырып бойынша дөңгелек үстел өткізуді жоспарлап отыр. Хабарламалар қала әкімдігінің сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланатын болады.