Қоғам • 30 Сәуір, 2019

Тұсау салар кез жетті

1636 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Біздің бала күнімізде көкелеріміз жеңгелерімізді атқа өңгеріп немесе трак­­­тордың тар кабинасына екі бүк­теп ты­ғып та әкеле беруші еді. Үй­ге бір әкеліп енгізген соң көкеміздің еш­­теңемен шаруасы жоқ, бір нәрсені тындырып тастағандай шіреніп «мен әкелуін әкелдім, ендігісі сіздердің міндеттеріңіз» дегендей, маңғаз қалып танытып, екі қолын қалтасына салып шікірейіп, шіреніп тұратын. Мұнан соң ауыл-аумақтағы кемпір-сампырларға кәдімгідей жұмыс табылып қалады. Жаңа ғана босаға аттаған келінге орамал жабу, оны үйге адыраспан түтетіп, табаға май салдырып, оң аяғымен аттату, ақ шымылдық ішіне кіргізу, қуғыншыларға бөлек дастарқан әзірлету, қыз сыңси бастаса «ата-бабалар салтын» көлденең тарту, өзінің де бір кездері осылай келгенін айтып, жап-жақсы өсіп-өнгенін тәптіштеп түсіндіру, иландыру – өз алдына бір институт болатын.

Тұсау салар  кез жетті

Қыз әуелгіде орамал салдырмай әлекке салады, содан кемпірлерді өлімші күйге түсіріп барып «амалсыз» көнеді. Осыны көріп өскен біз «е, үйлену деген осындай екен ғой» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек бұл екі жастың амалсыздан барған әрекеті екен-ау. «Қалыңмал» төлеуге шамасы жоқ. Сондықтан әуелі бірін-бірі ұнатқан соң қыз келісіп, соңынан екі жақ кездесіп, осындай амалға барады. Сосын «қашып кеткен қыздың» соңынан қуғыншылар барады. Босаға аттап қойған қызды кері алып қайту дәстүрде болмағандықтан әрі жаман ырым екені ескеріліп, екі жақ  дау-дамайсыз құда болып, құшақтары әзер ажырасып тарайды.

Бірақ, бұл бара-бара қызды зор­лықпен, еркінен тыс алып қашатын жал­пы бұқаралық сипатқа ие болды. Өзі қаламайтын жігітке барған қыз «бас­қа салды, біз көндік» деп барған жерінде сыңсуын айтып қала беретін. Ал біреулері «босаға аттаған» деген соңынан ерер сыпсың сөздерден сес­кенетін. Тағы бірі босағада көлденең жатып алған кемпір-көпірден аттап өте алмай, амалсыз қалып қоятын. Алайда, осы «ата дәстүрден» аттап кете алмау көп келіннің басына сор болып та жабысты. Жұбайлық өмірде бір-бірімен тіл табыса алмай, талай ошақтың ойраны шықты.

Осы ретте мына бір оқиға еріксіз ойға оралады. Төрт-бес жігіт қызды жансыздай аңдып, оңаша бір қалтарыста көліктеріне еріксіз мінгізіп тартып кетпей ме. Сөйтсе әлгі қыз байбалам салып жұлқынбапты да, басына бұғалық салынса бұлқынбапты да. Жымиып қойып «Құдай салды, біз көндік» деп үн-түнсіз  отыра беріпті. Не керек, оны алып қашып келгендер үйге зорлықпен кіргізіпті. Әбжіл кемпір де келіннің басына орамал салуға дайын тұр екен. Басына орамал салына бергенде жаңағы қыз сыңғырлап күліп:

– Менің басыма осымен екінші рет орамал салынып жатыр. Ойпырмай, не деген бейқам жұрт едіңіздер. Осы әкелгеніміз «қыз ба, әйел ме» деп ешқай­сыңыз сұрамайсыздар-ау, – депті.

Бұдан соң не айтуға болады? «Ке­лінд­і кері апарып тастауға мәжбүр­­­лен­гендер жердің үстімен барып, астымен қайтыпты. Біріншіден, олар ауыл-аймаққа күлкі болды. Екіншіден, келін жақтың күйеуі «жігітсымақтардың тұм­сығына жұдырық иіскетіпті» деседі. Үшін­шіден, іс заң қызметкерлерінің құ­ла­ғына іліккенде, біраз адам сотталып кетер ме еді?

Осы жерде дәстүрге байланысты тағы бір жайт еске түседі. Бұрын қыз­­дарымыз тұрмысқа шыққанға дейін басына қызыл орамал салып жүруші еді. Қа­зір осы дәстүр ұмытылды. Тіпті, мұны біреулер ескірген, көнерген дәстүрлер санатына қосып жүр. Егер жоғарыдағы келіншек басына жаулық салып, ұзын етек көйлек кисе, «ұрылар» оны сырт айналып жүрмес пе еді? Әйтпесе, бүгінде қызы қайсы, келіншегі қайсы ажыратып болмайды.

Иә, «дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ал осы озық пен тозықты ақса­қалдар, әжелер, ата-аналар кеңестері жұрт­шылыққа қаншалықты деңгейде тү­сіндіріп жүр? Бізде атауларынан жа­ңылысатын көптеген ұлттық салт-дәс­түрлерге қатысты семинарлар, сырласу сағаттары өтіп тұрады. Солардың ішінен біз қозғаған мәселеге байланысты қан­дай шара  өткенін есіме түсіре алмай-ақ тұрғаным. Егер тиісті қоғамдық ұйым­дар осындай тақырыптарға семинарлар, кездесулер өткізіп, олары оң нәтиже беріп жатса, кешірім сұрауға дайынмын.


Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Түркістан облысы