Қазақстан • 30 Сәуір, 2019

Қол жинау парақтары берілді

1500 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлттық-патриоттық қозғалысы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының президенттігіне кандидат ретінде ұсынған Әміржан Қосанов келіп, мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде емтихан тапсырды.

Қол жинау парақтары берілді

Әміржан Қосановты Қазақстан Республикасының прези­­дент­ті­гіне кандидат ретінде ұсын­ған «Ұлт тағдыры» бірлескен ұлт­тық-патриоттық қозғалысы» қоғам­дық бірлестігі оның қажетті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясына өткізген болатын. Ал енді мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтайтын лингвистикалық комиссияда емтиханды қалай тапсырғаны жөнінде филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Рес­публикасы Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті түркітану кафед­ра­сының меңгерушісі, линг­вис­тикалық комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков: «Бүгін лин­г­вис­тикалық комиссияда жазба­ша жұмыс бойынша Әміржан Қосанов «Тәуелсіз мемлекеттер достастығы: тарихы мен бүгіні» атты тақырыпты таңдады. Екінші тапсырма бойынша ақын Қадыр Мырза Әлінің шығармасын алды. Үшінші еркін тапсырма бойын­ша Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңін таңдады. Бұл үш тап­сырма бойынша да Қазақстан президенттігіне кандидат Әміржан Қосанов мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін жан-жақты, жоғары дәрежеде толықтай көрсетті, – деп айтып берді.

Сонымен қатар Орталық сай­лау комиссиясында Қазақ­с­тан Республикасының пре­зи­­­­денттігіне кандидаттар Тө­леу­тай Рақымбеков пен Жам­был Ахметбековтің ҚР Кон­сти­ту­циясының және «Қа­зақ­стан Республикасындағы сай­лау туралы» Конституциялық заң талаптарына сәйкестігін анықтау қаулысы қабылданды. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының 54-бабының 5-ші тармағына және 55-бабына сай «Ауыл» Халықтық-демо­кратиялық патриоттық пар­тия­­сы» қоғамдық бірлестігі Төлеутай Рақымбековті Қазақстан Рес­­пуб­ликасының прези­дент­ті­гіне кандидат ретінде ұсы­нуы­на байланысты оның тиіс­ті құжаттарын Орталық сайлау комиссиясы қабылдады. Сол сияқты осы негізде Қазақ­стан Республикасының пре­зи­дент­ті­гіне Жамбыл Ахметбековті «Қазақстан коммунистік халық пар­тиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынып, оның тиісті құжаттарын Орта­лық сайлау комиссиясы қа­был­­дады.

Одан соң Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сының президенттігіне кандидаттар Төлеутай Рақымбековтің және Жамбыл Ахметбековтің сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салынып, тиісті мәліметтер алынды. Ал 2019 жылғы 27 сәуірде Орталық сайлау комиссиясында аталған қос кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болып, онда екеуінің де мемлекеттік тілді еркін меңгергендігі жөнінде шешім қабылданды.

Орталық сайлау комиссия­сы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитетiнің және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентті­гі­нің мәліметтері негізінде Қа­зақ­­стан Республикасының пре­зи­дент­тігіне кандидат Төлеутай Рақым­бековтің және Қазақ­стан Рес­пуб­ли­касының пре­­зиденттігіне кандидат Жамбыл Ахметбековтің Қазақ­стан Республикасының Кон­сти­ту­циясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңында қойылған талаптарға сәйкес келетінін анықтады.

Сөйтіп облыстардың, рес­пуб­ли­калық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астана­сы­ның сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының прези­денттігіне кандидатты қол­дау үшін қол жинауға қол қою парақтары тапсырылды. Қол жи­нау­ды президенттікке канди­дат­тың сенім білдірген адамдары жүзеге асыратынын және ол қол қою парақтарымен ресімделетінін атап өту қажет. Сенім білдірілген адамдардың тіркеуді аумақтық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы қаулысымен бекітілген нұсқаулығының негізінде жүзеге асырады.