Қоғам • 30 Сәуір, 2019

«Төрт аяқты» тәртіп сақшылары

1389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кинология – әскери қызметтің маңызды салаларының бірі. Қылмыскердің ізіне түсіп, көп ұзатпай құрықтау үшін иіс сезгіш иттердің пайдасы орасан. Тек 2018 жылдың өзінде Қостанай облысындағы екі жүзге жуық қылмысты ашуға осы иттердің пайдасы тиіп отыр.

«Төрт аяқты» тәртіп сақшылары

Сондай батыр төбеттердің бірі – Зюйт. Ол күні кеше ғана полиция қызметкері А.Өмірзақовқа Қостанай қаласындағы Чайкина көшесінде 1615, 94 грамм көлемінде героины бар күдіктіні ұстауға көмектесті.

Жалпы, 2002 жылдан бері Қостанай облыстық Полиция департаментіне қарасты Кинология орталығы жемісті жұмыс істеп келеді.  Әзір орталықта төрт аяқты 27 «тәртіп сақшысы» бар. Кинология қызметінің инспекторы, аға лейтенант Сергей Гапоновтың айтуынша, облыста мұндай маңызды қызметте 73 ит жүр.

- Күшік кезінде Алматыдан әкелеміз, сосын біздің әскерилер өздері баптайды. Әрбір сарбазға 2 иттен бекітілген. Неміс тұқымы, лабродор сияқты із кесуге қабілетті жануарларды аламыз. Әрқайсысының күтімі әр түрлі. Бір ит күніне шамамен 400 грамм ет, 700 грамм жарма жейді. Сәйкесінше, олардың қызметтері сан қилы, өйткені, бір ит бірнеше тапсырманы орындай алмайды. Сондықтан, олар із кесуші, есірткі іздеуші, жарылғыш заттар іздеуші, шабуылдаушы иттер болып бөлінеді, - дейді тәжірибелі маман.

Ақылды жануарлардың жетістігі жайлы айта беруге әбден болады, бірақ ел аузында жүрген ерліктерінің бірі мынадай. 2014 жылы облыс орталығындағы әйгілі «Любимая Ева» дүкеніне қаруланған қарақшылар басып кіріп, ақша әкеткен болатын. Иісшіл иттердің көмегімен тәртіп сақшылары қылмыскерлерді дереу қолға түсірді. Кинология орталығындағы иттер қызметтері үшін көтермеленіп те отырады. Атап айтсақ, Рекс атты төбет Садовый ауылындағы қару ұрлығын ашуға көмектескені үшін сондай құрметке ие болған. Иісшіл иттер, әсіресе, нашақорлармен күресте көп пайдасын тигізіп келеді.

Сонымен қатар ауыр қылмыстарды да ашуға кинолог мамандардың көмегі қажет екендігін айта кеткен жөн.