30 Қаңтар, 2013

Саяжай сергелдеңі

541 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Саяжай сергелдеңі

Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:41

Тіршілік үшін күресуде қандай да бір жол тауып, діттеген жеріне жетіп, орнығып қалуға талпыну табиғи құбылыс, өмірдің жазылмаған заңы. Сол қағиданы әркім әртүрлі қабылдап, ой өрісінің жеткенінше екшеп, әрекет ететіні де ақиқат. Шыны керек, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан бір проблема саяжай мәселесі болып отыр.

 

Сәрсенбі, 30 қаңтар 2013 7:41

Тіршілік үшін күресуде қандай да бір жол тауып, діттеген жеріне жетіп, орнығып қалуға талпыну табиғи құбылыс, өмірдің жазылмаған заңы. Сол қағиданы әркім әртүрлі қабылдап, ой өрісінің жеткенінше екшеп, әрекет ететіні де ақиқат. Шыны керек, бүгінгі қоғамда белең алып бара жатқан бір проблема саяжай мәселесі болып отыр.

Шалғайдағы ауылдардан кезінде қандай да бір жағдаймен бала-шағасымен қала маңына көшіп келіп, өкілетті органға уақытша, мүмкіндігі болып жатса тұрақты түрде тіркеліп, жанашырларының үйін паналап, негізінен пәтер жалдап тұрып, қандай да бір жұмыс тауып, еңбек еткендердің өзі үшке бөлінеді. Біріншісі, адал еңбегіне сүйеніп, мамандығына сай реті келген жұмысты істеп, барды­ қанағат тұтады. Екіншілері тұрақты айлық жалақы беретін мекемелер мен ұжымдардан жұмыс табылмаған соң, иә болмаса төленетін еңбекақы тұрмыстық қажеттіліктерін өтемегендіктен ақша табудың түрлі жолын іздеп шапқылап, тіпті заңды, заңсыз бизнес жасап өзіндік жетістікке жетіп те жатады.Үшінші топ оңай олжа табуды көксейтіндер әрекеті – қоғамдық тәртіпті белден басу, құқық бұзу, ұрлық жасау, адам алдау деп тізбеленеді. Тағы бір топ жақын шетелдерден күнкөріс қамы үшін арзан жұмыс қолы ретінде жергілікті халыққа жалданып маусымдық құрылыс жұмыстарын істеп, сосын сауда-саттықпен базарларға орнығып нәпәқасын тауып жүр­ген жандар. Шыны керек, сол азаматтардың кейбірі шетелде жүргендерін әсте ұмытып, адами тұрғыда жасалған қамқорлықты өз өрелері жеткенше түсініп, уақыт өте келе өктемси сөйлейтін халге де жеткені жасырын емес.

Осы елдің басым бөлігі қала­лар маңындағы саяжайларда тұрақтаған. Сол саяжайлар нақтылай түссем, бау-бақшалар арасындағы бір қабатты саяжайлар, жертөлелер орны бүгінде екі-үш қабатты сән-салтанаты асқан екі-үш қабатты тұрғын үйлерге айналған. Жақсы. Мұны өркениет қадамдары деп те қабылдаған ләзім. Әйткенімен, медальдің екі жағы бар емес пе?!

Жалпы, саяжайлар аумақ­та­ры жыл өткен сайын кеңейіп, тұрғындары еселеп өсіп те ке­ле­ді. Бүгінде Алматы облысы­ бойынша тіркеуден өткен сая­жайлар мен бау-бақша қоғам­дары­ның жалпы саны 645. Алғашқы мақсаты көкөніс, же­міс ағаштарын егіп, одан өзіне, яғни отбасына қажетті өнім алу­ға арналған саяжайлық жер телімдерінде бүгінде ауыз су жетпей, электр жарығын тарататын трансформаторлардың шамасы келмей, автокөлік жолдары тарлық етіп өзекті мәселелер алдан шығуда. Тұрғындарына ме­дициналық қызмет көрсету, мектеп жасындағы балаларын жалпыға бірдей орта біліммен қамту, әлеуметтік көмекке мұқ­таж жандарды назардан тыс қалдырмау сияқты қадау-қадау ша­руалар анықтауды және оңды шешімін табуды қажет етеді. Саяжайлар тұрғындары мемлекет тарапынан заң шеңбе­рін­де көрсетілетін көмек пен қам­қорлықтан мүлдем тыс қа­лып отырған жоқ. Қала, ауыл тұр­ғын­дары сияқты олар да жақын маңдағы емдеу мекемесіне қаралып, қажет болса жедел жәрдем көлігін шақыртуына болады. Заңға сәйкес тұрғын үй, әлеуметтік көмек алып отыр­ғандары баршылық. Билік тарапынан оқушыларды мектепке тасымалдау жұмысы ұйым­дастырылған.

Алматы облысында­ сая­жайлар мен бау-бақша бірлес­тік­терінде қоғамдық тәртіпті қадағалауға жауапты 58 полиция инспекторының анықтауынша, бір жылда 242 қылмыс жасалған болса, оның негізгісі – ұрлық. Сол қылмыстың басым бөлігі еліміздегі ең ірі мегополис ма­ңын­дағы Қарасай, Іле, Талғар аудандарында болған. Облыс аумағына келген шетелдік ми­гранттардың 15 пайыздан астамы саяжайлар мен бақшалық қоғамдарда тұрақтайды. Бүгінде осындай жерлерде 410 мигрант тұрып жатқаны анықталды.

– Елбасы «Барлық мемлекет­тік органдар қызметінің негізі – отбасы, қауіпсіздік, жұмыспен, тұрғын үймен қамту, білім беру, денсаулық сақтау секілді тұр­ғындар үшін қарапайым қа­жеттіліктен тұруы қажет», деп атап көрсетті. Біз Елбасының халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған саясатын жүзеге асыруға бар күш-жігерімізді салуға міндеттіміз, – дейді облыс әкімі Аңсар Мұсаханов.

Саяжай сергелдеңін сейілту­дің бір жолы – сол саяжайларға елді мекен мәртебесін беру. Бірақ ол айтуға оңай. Себебі, кезінде ретсіз салынған үйлерден түзілген көшелер бойымен ауыз су құбырын, канализация, телефон, электр желісін тарту, жаяу жүргіншілер жолын салу, көшелерге асфальт төсеу, елді мекен­ге, көшеге ат беру, үйлерді нөмірлеу жұмыстарын түрлі салалар қызметі атқарған соң, аудан, қаланың бас жоспарына кіргізу қажет. Бұл жердегі ең қиын жұмыс автокөліктер бір бағытта ғана жүре алатын не­бары үш метрлік автокөлік жо­лын кеңейту екендігі тағы анық. Осы мәселелердің бар­лы­ғын ел заңнамасына сәйкес­тен­діріп, халықтың келісімімен реттеу үшін облыс әкімінің өкімімен жұмыс тобы құрылып, жүктелген міндетті орындауға кірі­сіп кетті. Екпін алған жұмыс­та заңсыздыққа жол бермеу үшін облыс прокуроры Ғабит Миразов «Ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге арналған жерлер өз мақсатында пайдаланылуы керек. Кез келген құрылыс нысаны заңға сәйкес жүргізілуі тиіс, бақшалық қо­ғам­дар жұмысын өздерінің жарғы құжаттарына сәйкес атқаруға міндетті», деді.

Қорыта айтқанда, сырт көзге еренсіздеу көрінгенімен сая­жайлар сергелдеңі құдды кө­міле бықсып жатқан шала іспетті тарамдалып кеткен.­ Олай дейтініміз, кімде-кім сыр­қат­тана қалса жедел жәрдем шақыртатыны анық. Сол нау­қас­қа дәрігер дер кезінде жетсе жақсы. Әйтпесе, жедел жәр­дем көлігінің жолсызбен жүре алмағаны, заты бар аты жоқ мекен-жайды таппағаны, сол сияқты әлеуметтік сала қызметкерінің әлеуметтік көмекке мұқтаж жанның құжаттарын заңдастыра алмай әуре-сарсаңға түскені есеп емес. Мұндай тізбелене беретін проблемалар саяжай сергелдеңі емей немене? Бірақ жетісулықтардың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген қазақы даналықты мемлекеттік саясатқа сәйкестендіре әрекет ететіні көңілдерге қуаныш нұрын себеді.

Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,

«Егемен Қазақстан».

Алматы облысы.