Аймақтар • 30 Сәуір, 2019

Шымкентте 6 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

998 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Тұрғындарға атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде үлестіру үшін Шымкент қаласына қарасты аудан әкімдіктерінде, халыққа қызмет көрсету орталықтарында 8 жерде жұмыспен қамту орталығының бөлімшелері ашылды.

Шымкентте 6 мыңға жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды

Халыққа ыңғайлы қызмет көрсету үшін аталған қабылдау орындарына 150 адамға дейін жұмылдырылып, сәуір айында 14 мыңнан астам тұрғыннан өтініш қабылдаған. Нәтижесінде 6 мыңға жуық отбасыға қаржылай көмек тағайындалған. Былтыр Шымкентте 10 мыңнан астам отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Биыл бұл көрсеткіштің саны арта түспек.

Мемлекет тарапынан берілген әлеуметтік көмекке алғашқылардың бірі болып 7 баланың анасы Мамрахан Бекметова ие болды. Қуанышы қойнына сыймаған ана бұл қаржыны күнкөрісті жақсартуға жұмсайтындығын айтып, құжаттарын еш қиындықсыз қабылдаған жұмыспен қамту орталығының мамандарына алғыс білдірді.

«Шымкент қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмекке өтініш білдірген отбасылардың сәуір айында тапсырған құжаттарының барлығы қамтылады. Сонымен қатар қала тұрғындарының әлеуметтік көмек ала алмай қаламын деген күдігін тудырмау үшін өтініш білдірген отбасылардың іс-қағаздарын толыққанды заң аясында қарап, назарға аламыз»,  дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова.

Көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылар атаулы әлеуметтік көмекке қаралған қаражат барлығымызға бірдей жетпейді, деп алаңдаған болатын. Алайда сала жауаптылары Елбасы тапсырмасымен бөлінген қаржылай көмектің жеткілікті екендігін айтып, көмекке зәру тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екендігін түсіндірді.