Аймақтар • 30 Сәуір, 2019

Отандық нарықтағы дәрі-дәрмектің әрбір бесінші пакеті Шымкентте өндіріледі

1150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отандық дәрі-дәрмек өндірісіндегі жетекші кәсіпорын - «Химфарм» зауыты экспорт көлемін 10 пайызға жеткізеді. Осы мақсатта Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жұмин мен «Химфарм» зауыты басшылары фармацевтика бағытында жұмыс істейтін Моңғолия, Қырғызстан мен Ресейдегі әріптестерімен меморандумға отырды.

Отандық нарықтағы дәрі-дәрмектің әрбір бесінші пакеті Шымкентте өндіріледі

Өз кезегінде өнім көлемі артқан сайын ірі кәсіпорындардың салықтық түсімі де көбейе түспек. Бұл қала бюджетінің артуына сеп болмақ. «Химфарм» зауытының серіктесі «SANTO» компаниясы жыл соңына дейін отандық медицина өнімдерінің экспорт көлемін 10 пайызға жеткізуді көздеп отыр.

Бүгінде Қазақстан нарығындағы дәрі-дәрмектің әрбір бесінші пакеті «Химфарм» фармацевтикалық зауытына қарасты Santo Polpharma Group-тың өнімі. Аталған компания өндірістік тәжірибесі халықаралық GMP стандартына 2008 жылы көшті.

Бүгінгі күннің өзінде компания Қырғызстан, Ресей, Түркменстан, Тәжікстан және Моңғолия мен Өзбекстан нарығына жол ашқан. Енді Орталық Азия нарығына ғана емес, Шығыс Еуропаға шығуды жоспарлауда.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Данат Жумин алдыңғы жылмен салыстырғанда қалаға салынған инвестиция көлемі екі есеге артқанын атап өтті. Сондай-ақ, ол алдағы уақытта кәсіпкерлерге қолайлы шарт-жағдай жасау арқылы Шымқаланы  Орта Азиядағы ірі өндіріс орталығына айналдыруды көздеп отырғанын жеткізді.



Шымкент