Қазақстан • 01 Мамыр, 2019

Сайлауға қатысу – азаматтық парыз

1697 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы өткізілетіндігі бәрімізге белгілі. Сайлауды құрамында 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі азаматы бар Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі мүгедектер қоғамы толығымен қолдайды және дауыс беруге қатысады.

Сайлауға қатысу – азаматтық парыз

Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі азаматтарға мемлекет тарапынан барынша көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлауларда дауыс беруіне бар жағдай қарастырылуда.

Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев мүмкіндігі шектеулі жандарға қамқорлық жасауды, еңбекке араластыруды үнемі назарда ұстайтындығы белгілі. Осындай қолдау негізінде Сексеуіл кентінде 2016 жылы қоғамдық кеңес құрылып, ол 2018 жылы 16 сәуірде заңды түрде тіркеліп, жұмыстар жүргізіліп келеді. Спорттың бірнеше түрінен жарыстарға қатысып келеміз. Облыстық көктемгі, күзгі сайыстарда тоғызқұмалақтан ІІ топ мүгедегі Тұрар Қабылов жеңіске жетіп, республикалық жарысқа жолдама алып, спорт шеберіне үміткер атағына ие болды. Шахматтан, дойбыдан облыс біріншілігінде ІІ топ мүгедектері Рита Жүсіпова және Әсем Жүсіпова жеңіске жетті. ІІ топ мүгедегі, зейнеткер Орынбасар Боранғазиев теннистен ІІІ орынға ие болды. ІІ топ мүгедегі Руслан Айтбаев жүгіруден ІІ орынды иеленді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмыс күндері арнайы залға келіп шахмат, дойбы, домино және тоғызқұмалақ ойна­уына жағдай жасалды. Осы үшін де кент әкімшілігіне және ардагерлер кеңесіне алғыс айтамын. Осындай жетістіктерге жетуімізге тікелей ықпал еткен облыстық мәслихат депутаты Қадірберген Бедер, мешіт имамы Алпамыс Ізбасқанов, станса бастығы Сапарғали Салмаев, локомотивті пайдалану депосының бастығы Сейілхан Ержанов, локомотив қозғалыс қауіпсіздігінің бас маманы Еркебұлан Аяғанов, темір жол жөндеушілерінің бастығы Мәжит Құрманбаев және желілік полиция майоры Әнуар Бекниязов сынды азаматтарға ризашылығымыз шексіз. Nur Otan партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Талғат Қанатов, аудандық зағиптар қоғамының төрағасы Ермек Өтешов және облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Мұрат Жұмаділдаев та біздің әр бастамамызға қолдау танытып, қанаттандырып келеді.

 

Жолмырза МЫРЗАҒҰЛОВ,

Сексеуіл кенті мүгедектер қоғамының төрағасы

Қызылорда облысы