Аймақтар • 01 Мамыр, 2019

«Шымкент сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталды

1169 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Шымкент Сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 көпқабатты арендалық коммуналдық тұрғын үй пайдалануға берілді.

«Шымкент сити» қалашығында 540 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үйдің кілті табысталды

 Салтанатты кілт табыстау жиынына қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қатысып, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен еліміздің жаңа әлеуметтік саясаты іске асып жатқандығын тілге тиек етті, Сондай-ақ, «Әлеуметтік қамқорлық» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы отбасылар мен халықтың аз қамтамасыз етілген топтарын баспанамен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтіп, жаңа пәтерге ие болған шаһар турғындарының қуанышымен бөлісті.

«Мемлекет тұрғындарды баспанамен қамту, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж азаматтарға қолдау көрсету бағыттарында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Халықты қолдауға арналған осы жұмыстарды қуатты мемлекеттер ғана атқара алады. Өздеріңіз жақсы білесіздер, Шымкент қаласында соңғы жылдары құрылыс қарқыны артты. Жаңа шағынаудандар салынып, мыңдаған отбасылар баспаналы болды. Былтырдың өзінде қаламызда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 1152 отбасы баспаналы болды. Бұл дәстүр биыл да жалғасын тауып, талай отбасы баспаналы болу бақыты алдында тұр. Қаланың даму жоспарына осыдан 3-4 жыл бұрын ғана енгізілген «Шымкент Сити» заманауи қалашығы бүгін алғашқы тұрғындарын қабылдауда», деді қала әкімі.

Мерекеге орай табысталған жаңа пәтерлердің 177-сі  көпбалалы отбасыларға, 108 пәтер – жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға беріліп отыр. 255 пәтер басқа да әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға үлестірілді.

Шымкент қаласы мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй салуда республика бойынша  көш бастап тұр. Атап айтар болсақ, жыл соңына дейін шаһарда тағы  828 пәтерлі 14 арендалық тұрғын үйлер берілетін болады. Бұдан басқа, «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы арқылы 246 пәтерлі 5 кредиттік тұрғын үй берілсе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «Нұрсәт» шағын ауданында 656 пәтерлі 11 кредиттік тұрғын үй, «Шымкент» ӘКК арқылы 1016 пәтерлі 24 кредиттік тұрғын үйлер халық игілігіне тапсырылмақ. Жеке құрылыс жүргізушілер есебінен 1293 пәтерлі 26 тұрғын үй пайдалануға берілмек. «Шымкент Сити» қалашығы таяу болашақта мегаполистің қарқынды даму орталығына айналады.