Аймақтар • 02 Мамыр, 2019

Оралда көпбалалы 10 отбасы пәтерлі болды

990 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні Орал қаласында бір топ көпбалалы отбасы жаңа пәтерге ие болды. Оны орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев табыс етті.

Оралда көпбалалы 10 отбасы пәтерлі болды

Қала әкімінің айтуынша, биыл Орал шаһарында көпбалалы отбасыларға 70 пәтер тапсырылмақ. Бұл Елбасының көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларға көмектесу туралы тапсырмасы аясында орындалып отыр.

- Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру, халықты баспанамен қамту бағытындағы шараларды жүйелі жүргізіп келеміз. Биыл облыс орталығында 432 пәтерлік екі үйдің құрылысы аяқталып, тұрғынүй кезегінде тұрған отбасыларға тапсырылады. Одан бөлек, жалпы саны 500 пәтерлік үш көпқабатты үйдің құрылысы басталмақ. Жалпы алғанда қалада қоғамның әлсіз топтарына арналған 1000 пәтердің құрылысы жүруде. Бұл жұмыс тоқтамайды, - деді өз сөзінде Орал қаласының әкімі.

Бұл күні үш бөлмелі пәтерге ие болған Болған Айтқалиеваның қуанышында шек жоқ. «Алтын алқалы» ана пәтер кезегінде 17 жыл тұрыпты. «Орал полимер» ЖШС салған жаңа үйдің сапасына тұрғындар риза.

- Біздің де отбасымызда 4 бала бар. Бүгін өзіміздің басыбайлы баспанамыз болғанын ойласам, қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаспын. Жаңа пәтеріміз өте әдемі, кең, кірсе шыққысыз екен. Біз бұл күнді 15 жыл күттік қой, - дейді тағы бір қуанышты ана Алмагүл Малаева.