Саясат • 02 Мамыр, 2019

Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген

1175 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Орталық сайлау комиссиясында кезекті лингвистикалық комиссия отырысы болды. Лингвистикалық комиссияға Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үшін келді.

Президенттікке кандидат ретінде ұсынылған Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген

Оны Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсынған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі еді. Тиісті құжаттарының барлығы тапсырылды. Ал лингвистикалық емтихан барлық үш кезең бойынша өтті: тақырып бойынша жазбаша тапсырма жазу, мәтін оқу және лингвистикалық комиссия берген тақырыпқа көпшілік алдында кемінде он бес минут сөз сөйлеу. Емтихан тапсырылғаннан кейін лингвистикалық комиссия талқылау өткізіп, қорытындылады. Отырысқа Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен қатысты. Сөйтіп Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркелген Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді қаншалықты еркін меңгергендігі жөнінде лингвистикалық комиссия мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов айтып берді.

Оның айтуы бойынша, Президенттікке үміткер Жұматай Әлиев тиісті уақытың толық пайдаланған. "Соған сәйкес Жұматай Әлиев "Мемлекет және дін" атты тақырыпты таңдап алып шығарма жазды. Бірақ сол тақырыпты аша алмады. Өйткені сөйлемдердің бәрі жүйесіз болды. Бас-аяғы он үш сөйлем, содан он тоғыз қате жіберді. Ал ереже бойынша шығармада сегіз қате болса, ол қабылданбайды. Үстірт жазылған. Екінші тақырыпқа кандидат Мұхтар Әуезовтың "Абай жолы" кітабының 2-ші томынан үзінді оқыды. Бұл жерде де ол шорқақтығын тағы байқатты. Үшінші тақырып ретінде "Ырыс алды – ынтымақ" атты тақырыпты алып, баяндама жасады. Бұл жолы да кандидат "Ырыс алды – ынтымақ" тақырыбын аша алмады. Тағы да үстірт болды. Сауатсыз болды. Сондықтан комиссия кеңесе отырып, талықылай келе Президенттікке үміткер Жұматай Әлиев мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген қорытынды шығарды", деді.

Ал 2019 жылғы 29 сәуірде Орталық сайлау комиссиясына "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Конституциялық Заңның 60-бабының 2-тармағына сәйкес "Қазақстан құрылысшылар одағы" Республикалық заңды тұлғалар бірлестігінен Талғат Файзоллаұлы Ерғалиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы шешімнің күшін жою туралы ұсыным түскен болатын.