Саясат • 02 Мамыр, 2019

Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты

1031 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Орталық саяси комиссиясының кезекті отырысы болды. Онда Жұматай Әлиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тарту қаулысы қабылданды. Аталған қаулының жобасымен Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Ләззәт Сүлеймен таныстырды.

Орталық сайлау комиссиясы Жұматай Әлиевті Президенттікке кандидат ретінде тіркеуден бас тартты

Оның айтуы бойынша, үстіміздегі жылдың 28 сәуірінде Орталық сайлау комиссиясына «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі Жұматай Әлиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы құжаттар тапсырған. Сайлау туралы Конституциялық заңның 54-бабының 2-тармағына және 55-бабына сәйкес тиісті, яғни оны Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде ұсыну туралы «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының хаттамасынан үзінді, жеке куәлігі мен жоғары оқу орнын бітіргені туралы дипломының көшірмесі, сондай-ақ өмірбаяндық деректерін және мемлекеттік қызметтегі немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі туралы мәлімет пен Президенттікке кандидат болып түсуге келісімі туралы өтініші және Ортсайлаукомның шотына сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжаты ұсынылды.

Президенттікке кандидаттың Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруде жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салып, тиісті мәліметтер алынған.Сөйтіп кеше, яғни 2019 жылғы 2 мамырда Ортсайлаукомда Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы өтті.

Өткізілген емтиханның нәтижелері бойынша лингвистикалық комиссия Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегендігі жөнінде шешім қабылдады. Жұматай Әлиевтің мемлекеттік тілді еркін меңгермегені туралы емтихан нәтижесін ескере отырып, Конституция мен "ҚР Сайлау туралы" Конституциялық заңда Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес еместігі туралы хаттама қабылданды. Осыған байланысты Ортсайлауком қаулысы қабылданды.

Осы қаулының 1-тармағына сай Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Жұматай Әлиевтің Конституцияның және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкес емес екені анықталды. Ал Қаулының 2-тармағы Жұматай Әлиевті Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеуден бас тартуды көздейді.