Президент • 03 Мамыр, 2019

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жұмыс сапарымен Алматы облысында болды

1193 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысына жұмыс сапарымен келді. Президент Талдықорған қаласындағы әлеуметтік қызмет көрсету нысандары мен өндіріс орындарын аралап, Қаратал ауданындағы «Ашық әкімдік» жобасымен және аудандағы көктемгі дала жұмыстары барысымен танысты.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жұмыс сапарымен  Алматы облысында болды

– Алматы облысы – тәуелсіз Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың отаны. Сол се­беп­тен де бұл өңірдің атына әлем қа­нық. Аймақ ел дамуына үлкен үлес қо­сып отыр. Бүгінгі мақсат – табыс­ты есе­­леп, ел бірлігін нығайту. Біз осы жол­­да Елбасы белгілеп берген бағыт­пен болашаққа нық қадам басып, әлем­нің дамыған елдерінің қатарынан табылу үшін еңбек етуге тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Талдықорған қаласындағы Салтанат сарайында өткен жұртшылықпен кездесуінде.

Ел дамуына ерекше үлес қосып отырған Жетісу өлкесінде еңбек көрігі қызып тұр. Жыл басынан бері аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің нақты көрсеткіші 103,7 пайызды құрап, 185,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Оның ішінде тау-кен өндірісі 72,5 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 19,1 пайызға көбейген. Жиын барысында аймақтағы жетістіктерді атап өткен Президент өңір үшін тез арада шешімін табуы тиіс өткір проблемаларға да тоқталды.

– Жалпы, еліміз сияқты Алматы облысында да халықты ауыз сумен қамтамасыз ету проблемасы бар. Өңірлерді сапа­лы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағыт­талған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынғалы 20 жылға жуық уақыт өтті. Осы кезеңде бұл мақсатқа 500 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған. Өкінішке қарай, нақты нәтиже аз. Бұл орасан қар­жы­ның мақсатты жұмсалуын Есеп коми­теті мен құқық қорғау органдары сараптауы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бүгінде Алматы облысында өңірді медицина мамандарымен қамтамасыз ету мәселесі өткір тұр. Аймақта дәрігер жетіспеушілігі 30 пайызға жеткен. Осы жағдайды тілге тиек еткен Президент кадр тапшылығының кесірі халық денсаулығын сақтауға кедергі келтіріп отырғанын сынға алды.

– Оқу бітірген жас мамандардың жаппай қалада қалғысы келетінін түсінеміз. Бірақ біз олардың ауылдарға келіп жұмыс істеуін ынталандыруымыз керек. Осы орайда облыс әкіміне «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында жас мамандардың жұмысқа орналасуына барлық жағдайды жасауды тапсырамын, – деді Президент.

Мемлекет басшысының Талдықор­ған­дағы кездесуінде мұғалімдер мәр­тебесі мен білім саласындағы мәселе­лерге қа­тысты да әңгіме өрбіді.

– Қазақ даласындағы алғашқы ағарту орталықтарының бірі Жетісудың Ақсу топырағындағы Мамания мектебі екенін білеміз. Бұл бізге мәлім тарихтағы білім бе­руге салынған инвестицияның бас­тау көзі болды. Бірақ қазір елімізде мектеп мұғалімінің беделі төмендеп ба­рады. Осы орайда білім сапасы мен мұ­ғалім мәртебесін көтеруді заңдық тұр­ғыдан реттеп қана қоймай, ұстаз ма­мандығының қоғамдағы орнын ай­шық­тауымыз керек. Бізде бір келеңсіз дәстүр қалыптасты. Әр бес жыл сайын облыс, аудан әкімдерінің кеудесіне орден тағамыз. Қала берді басқарма басшыларына дейін марапат алуға құмар. Есесіне еңбегі елеулі ұстаз, дәрігер, журналист сияқты қарапайым мамандық иелері елеусіз қала беруде. Қоғам әділетті болуы керек. Адамдар заң үстемдік ететін әділ қоғамда өмір сүруі тиіс. Мен мұны өз ұстанымым ретінде айтып отырмын, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы  Үкімет пен аймақ басшысына облыстағы апатты жағдайда тұрған және үш ауысыммен оқытып жатқан мектептердің мәселесін толықтай шешуді тапсырды.

Мәселен, Жетісуда жақын жылдары  14 жа­ңа мектеп салу үшін республикалық бюджеттен 15,4 млрд теңге қаржы бөлі­ніпті. Алайда, өңірдегі жағдай бойынша қо­сымша тағы 20 мектеп салу қажет екен. Бұған 29 млрд теңге қаржы кетеді. Пре­зидент бұл мәселенің шешу жолдарын ұсынып, облыс әкімі Амандық Баталовқа нақты тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жиындағы сө­зінде халықты баспанамен қамту мен әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отба­сы­лардың жағдайына да тоқталды.

– Алматы облысында үй кезегінде 41 мыңнан астам адам тұр екен. Олардың ішіндегі 11 мыңы – аз қамтылған көп ба­лалы отбасылардың өкілдері. Бірінші кезекте осындай отбасылардың мәселесін реттеу керек. Жас отбасылар мен жұмыс істеп жүрген жастарға арналған тұрғын үйлерді салуды жеделдеткен жөн. Басқа өңірлердегі сияқты жас мамандарды бас­панамен қамтамасыз ету мақсатында «7-20-25» бағдарламасының алғашқы жарнасының бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификаттары тетігін енгізген дұрыс, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сондай-ақ ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді пайдалану, суару жүйелерін қалпына келтіріп, қайта жаңғырту, жер телімдерін беру жұмысының жариялылығын жақсарту, жер ресурстарын тиімді пайдалануға ба­қы­лау орнату, агроөнеркәсіптік кешенді қол­дау үшін көліктік қызметтердің та­риф­терін төмендетуге байланысты мін­дет­терді атап өтті.

Жетісудағы туристік индустрияны дамыту жұмысының стратегиялық мін­дет екенін ескерткен Президент сервис­тік қызмет деңгейін көтеруді пысық­тады. Осы орайда  облыс әкімдігіне Үкі­мет­пен бір­лесе отырып, Алакөл жағалау­ын­дағы демалыс аймақтарының инфрақұ­рылымын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды жүктеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы  өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін жоғары бағалай келе, жергілікті жолдардың сапасы сын көтермейтінін де атап көрсетті.

Облыс аумағынан өтетін «Батыс Еу­ро­па – Батыс Қытай» автокөлік дәлі­зі­нің іске қосылуы өңірдің ғана емес, елі­міз­дің экономикасына серпін қосады. Бі­рақ аймақтағы ішкі жолдардың сапасы сын көтермейді. Қазіргі күні облыс жолдарының 22 пайызы күрделі жөн­деуді қажет етеді. Осыны айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкіміне  2025 жылға дейін апатты автожолдарды кезең-кезеңімен қайта құрылымдаудан өткізудің жоспарын жасауды тапсырды.

Мемлекет басшысымен кездесуде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ер­мек Келемсейіт, аймақтағы іскер әйел­дер қауымдастығының төрайымы Римма Салықова, жеке кәсіпкер, «Мәдина» тігін цехының иесі Айман Биғалиева және басқалар сөз алып, өңірде атқарылып жатқан істер жайында әңгімеледі.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаратал ауданы әкімдігіне барды. Мемлекет басшысы «Сервистік әкімдік» қағидаты бо­йын­ша істейтін мемлекеттік органның жұ­мы­сымен танысты.

Мұндай әдіс мем­­лекеттік қызмет­ші­лердің жаңа ұйым­­дас­ты­рушылық мәдениеті екенін, аза­мат­тарға сапалы, жедел және жайлы жағ­­дайда қызмет түрлерін алуға мүмкін­дік беретінін айтты. Кабинеттік жү­йе­ден «Open Space» форматына өту мем­лекеттік органдардың ашық әрі қол­жетімді екенінің көрсеткіші деп атап өтті.

Бұдан кейін Үштөбе қаласындағы мектепке барған. Мемлекет басшысы білім беру мекемесінің материалдық-техникалық базасымен танысып, информатика, робот техникасы кабинеттерін, мектеп кітапханасы мен музейін аралап көрді.

Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқу­шыларымен және ұстаздармен әңгіме­лесу барысында еліміздің экономикасы мен ғылымын дамытуға септігін тигі­зе­тін сапалы білім алу жастардың негізгі міндеті екенін атап өтті.

Сондай-ақ оқушыларды Отаны­мыз­дың лайықты азаматы болуға шақырып, оқуларына табыс тіледі. Пе­да­гогтар мен оқушылар Мемлекет басшы­сына білім жүйесін үнемі назарда ұстай­тыны үшін алғыс білдірді.

Бұл мектепке 1996 жылы соғыс ар­дагері, жазушы Кемел Тоқаевтың есімі бе­ріл­ген.

Сапар соңында Қазақстан Президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев «Қаратал-АГРО» сервистік дайындау орталығына барды.

Мемлекет басшысы көктемгі егіс жұ­мыс­тарының барысымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларын аралап көрді.

Қазақстан Президентіне облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің негізгі көрсет­кіштері, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығы жөнінде баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруа­шылығы еңбеккерлерінің жұмысын жо­ғары бағалап, оларға табыс және жаңа же­тіс­тіктер тіледі.

 

Алматы облысы