16 Наурыз, 2010

ПАТРИОТИЗМ ДӘНІ

943 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Мектеп партасында, мұғалім алақанында және оқулық парағында көктейд і Таныстардың әңгімесіне құ­лақ түріп едім, мектепті озат бі­тір­ген түлек қазір Чехиядағы аме­рикандық университеттің фи­лиалына оқуға түсіпті. Ағылшын тілін, компьютерді жақсы мең­гер­ген. Екінің бірінің қолы жет­пейтін, әлемдегі айтулы білім ошағына өзінің білім қарымымен қиналмай-ақ түсіп кетіпті. Бо­лашақ бизнес саласының маманы болатын көрінеді. Сүйсінерлік-ақ іс. Еуропадан білім алып келсе, бү­гінгі өндіру, ұқсату емес, негі­зінен аяқ сүрінер дүкендер мен мейрамхана сияқты қызмет көр­се­туден тұратын шағын және ор­та бизнеске басқаша көзбен қа­рай­тын солар болады... Бірақ құ­лаққа ілінгеннен қиялды жете­к­теген әңгіменің аяғы сұйылды. Таныстардың айтуы бойынша, оқуды бітірген соң, мүмкіндік тауып жатса, әлгі баланың Че­­хияда қалмақ ойы бар екен... Бұл сөзден суықта қалған торғайдай бүрсең қаққан жүректі сана тез демеп жіберді. Тәрбие!.. Спандияр Көбеев ғұмыр кешкен Меңдіғара ауданындағы Ақсуат ауылында өскен, сондағы мектеп-интернатта атақты ұстаз­дан білім алған кісілердің жасы қазір жетпісті желкеледі. Облыс орталығында өтіп тұратын мәде­ни шараларға, мектептердегі ұс­тазды еске алу кештеріне, оқу­шы­лармен және жоғары оқу ор­ын­дарының студенттерімен бола­тын кездесу­лер­ге қалмай келіп тұратын ақса­қалдардың әңгіме­сінен өзі өскен ауылға, оқыған бі­лім ұясына деген ыстық ықы­лас­ты байқаймын. Олар біздің өңірдің арғы-бергі тарихын қаз­балайды, жақсылар­дың артына қалдырған сөзі мен ісін тамсана әңгімелейді. Олардың әңгіме­сі­нен сол маңның аңы мен құсына, қыраты мен көліне, аға­шы мен шөбіне дейін сырт қал­май­ды. Өз­дері әлдеқашан ата бол­ған ар­да­герлер ұстазы Спандияр Көбеевті бала кездегі әдетпен әлі күнге “атай” деп еске алып отырады. Ардагерлердің осы “атай” деген лебізінен жел өтіне салған құстың ұясындағы жылылықты сезінгендей боламын. Спекең ХХ ғасыр басындағы аласапыран оқиғалардың куәсі болды, бала кезінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің де көзін көрді. Ешкім өзі өмір сүрген қоғамнан тыс тұра алмайды, Спекең де Кеңес өкіметіне деген ризалығын айтып, “Орындалған арман” ес­телік-мемуарын жазды. Ұстаздың орындалған арманы – қазақ баласының еркін білім алуына қол жеткізгендігі болатын. Ал­ай­да қоғамдық формацияның ауысу тұсында ғұмыр кешіп, жақсы-жа­манды бастан өткерген ол жа­ңаны қабылдағанда әсіреқызыл болған жоқ, парасат таразысына салды, ал ескіге өгейлік танытып, санадан өшіріп тастамады. Ағар­тушы ұстаз халықпен бірге жасап келе жатқан ауыз әдебиетімен сусындап, ұлтымыздың бай салт-дәстүрін, рухани құндылық­та­рының бәрін бойына сіңірген жан болатын. Ол 55 жыл ұстаз­дық етіп, өзі бас­­­­­қар­ған ауыл мек­тебін биік деңгейге көтергенде сол кездегі саясатқа суарылған пе­дагогика ғылымы құлаққа құй­ған орыс, Еуропа ағартушыла­ры­ның еңбектеріне таңылмай, ха­лықтық педаго­ги­каны, ұлтымыз­дың біртуары Ыбы­рай Алтын­сарин салып кеткен әдістеме-құ­ралдарды не­гізге алған болатын. Ол баланың болашағына іргетас болатын отбасылық тәрбие мен мектепті бөліп көрген жоқ. Ау­дан­дағы елді мекендердің ба­ла­сын жинаған Ақсуат мектеп-интернатында үлкеннің алдын кеспеу, үлкенге қарсы сөйлемеу, адамгершілік, шынайы сыйлас­тық, бір атаның ұрпағындай ту­ыс­тық сезім үстемдік етер еді. Ба­лалар білімге құлшына ұмтыл­ды, жаңаға, жақсыға еліктей біл­ді. Мұғалім мамандығын таң­да­ған көптеген түлектер институт­тан кейін туған ауылына оралып, Спандияр атайымен бір мектепте қызмет істегенін, әріптес болға­нын мақтаныш етті. Ақсуат мек­тебінде 30-50-ші жылдары білім алған шәкірттердің барлығы да кейін еліміздің тамаша азамат­та­ры болып қалыптасты, туған жерді түлетуге атсалысты. Өз ұстазы Алтынсарин сияқ­ты аты қалың қазаққа белгілі Спан­дияр атай да алдымен мұға­­­лімге үміт артты және міндет қой­ды. “Мұғалім білімді, мәде­ниет­ті ғана емес, өз халқын сүйе­тін, оның мүд­десімен өмір сүретін адам болуы керек. Ол тапсы­рылған іске үлкен жауапкершілік сезімімен қарауы, өз маманды­ғын, балалар­ды жақсы көруі... үздіксіз ізденіп отыруы тиіс” деп жазды ол. Спан­дияр Кө­бе­евтің бұл лебізі оның бүгінгі жа­һандану иірімі иектеген, ақпараттар тас­қыны жағаны ұрған заманда өмір сүріп отырған ұрпағы үшін де өші­рілмес хат сөзіндей десе болар. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің жолын осылай жалғастырған Спандияр қазақ даласында жалғыз емес еді. Қазақ халқында ағартушылық бағытты ұстаған, елдің, жас ұрпақтың болашағын білім және тәрбиемен байланыстырған тұлғаларды тек тани түсу керек. Алаш ардақ­ты­лары Ахмет Байтұрсынов, Мір­жа­қып Дулатов, Жүсіпбек Ай­мауытов, Елдес Омаров, Мағжан Жұмабаевтар алмастың жүзіндей қылпылдаған уақытта күресе жүріп, ағартушылық жұмыстан алыс кетпеді. Олардың өздері оқу­­лықтар жазды, мектепте ұстаз­дық қызметте болды. Ал Спан­дияр Көбеевтің замандасы, Қостанай өңіріндегі атақты Қа­раоба мектебінің директоры, қазақ және орыс тілдерінің мұ­ғалімі, әдіскер Бекет Өтетілеуов халқымыз зия­лы­ларының жаңа легін қалыптастыру идеясымен ерекшеленді. Ұстаз, ақын, аудар­ма­шы Бекеттен білім нәр­імен су­с­ындаған қазақ әде­биетінің клас­сигі Ғабит Мүсірепов пен көр­некті ғалым Өмірзақ Сұлтанғазин және халқымыздың басқа да ірі тұлғалары ұстаз мұратының өмір­шеңдігін дәлелдеді де. Ал өткен ғасырдың басында мектепке дейінгі бала тәрбиесі және ана мен бала проблемалары туралы құнды еңбектер жазған Нәзипа Құлжанованың көтерген мәселе­лері бүгін де маңызын жойған жоқ. Әттеген-ай, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннен бастап, оның ізі мен ісін жалғастырған осылардың барлығы да көп жыл­дар бойы біздің мұғалімдердің әдістемелерінен көрінбей, орыс ағартушыларының көлеңкесінен аспады. Қазір де аса қойған жоқ. “Жас шыбықты қалай исең, солай өседі” дейді халықтық пе­дагогика. Даланың данасы мен батырын, халқымыздың тарихын, өнерін, бабалар салтын қазанның көбігіндей ғана бетінен қалқып білетін ұрпақты жатбауыр демей не дерсің. Осы кемшіліктің ор­нын ошақтың бұтындай орнықты тұратын үштік – мектеп пен мұ­ғалім, оқулық толтырмаса, болашақ кімдікі болмақ? Оқулық демекші, ұлттық идея, қазақстандық мазмұн (ком­понент) мектеп оқулықтары ма­те­риал­дарынан әлі толық орын ал­ған жоқ. Орта мектептің бас­тау­ыш сыныптарына арналған “Рус­ский язык”, “Литературные чтение” және “Математика” оқу­лықтары сөзіміздің бұлтартпас дәлелі. Қандай оқулықтың бол­сын мұқа­басына туған жер ту­ралы, жалпы оқулық ерекше­лі­гіне қарай қазақ­стандық мазмұн­мен берілген су­реттер бала көңі­ліне нұр себелемес пе? Алайда, біз парақтаған осы оқулықтардың барлығының сыртқы мұқабасын­дағы бейтарап суреттер оқушыға туған елі туралы ешқандай ақпа­рат бере алмайды. Ал 3- сыныпқа арналған “Русский язык” оқулы­ғында 74 түрлі-түсті сурет беріл­ген, соның 13-і ғана қазақстан­дық мазмұнға ие, 4-сыныпқа ар­нал­ған осы оқулық­тағы 58 сурет­тің 2-і ғана шәкірт­терге еліміз ту­ралы мәлімет бере алады. 3-сыныптың “Русский язык” оқулығындағы 420 сөйлем­нің 40-да ғана қазақша кісі, жер аттары, халықтық дәстүр-салт түрлері кездеседі және бала ұғы­мына бейімдеп берілген қазақ хал­қы­­ның ауыз әдебиетінен ертегі, жұм­­бақ, мақалдар жоққа тән десе болады. Төртінші сыныптың оқулығындағы 424 сөйлемнің 28-де еліміздің табиғаты, жануарлар әлемі, белгілі тұлғалар туралы және геогра­фиялық атаулар кездеседі. Орыс тілін үйрететін осы оқулыққа қазақстандық жазушылардың ешқайсысының да балаларға арнап жазған шығар­малары енгізілмеген. Төртінші сыныптың “Лите­ра­турные чтение” оқулығында бе­рілген шығармалар үзінділерінің 67 пайызы орыс, 19 пайызы қа­зақ және 14 пайызы шет ел әде­биетінен алынған. Ал төртінші сыныптың “Математика” оқулы­ғын­дағы 570 сөйлемнің тек 22-сінде ғана республика табиғаты, жануарлары, географиялық атау­лар мен ұлттық валютамыз теңге туралы айтылады. Ал үшінші сынып оқушылары осы пәннен жыл бойына 504 сөйлемге құрыл­ған есеп шығарса, соның 19-да ғана қазақша кісі аттары мен географиялық атауларды және теңгені оқи алады екен. Бұдан шығатын қорытынды да көзі қа­рақты оқырманға белгілі болар деп ойлаймын. Қазақстандық маз­мұннан мақұрым мұндай оқу­лықтарды оқып өскен баладан бо­лашақ рухани жан байлығы мол, өй-өрісі кең, ұстанымы бе­рік азаматты қалай іздерміз? Қай тілдегі оқулық болсын ондағы берілген жаттығулар, үзінділер Қазақстан жазушыларының шығармаларынан алынуы керек. Білім қазығы бастауыш сы­ныптарда қағылады. Сондықтан туған ел, өскен жер, Отан, хал­қымыздың тарихы, өнері, әде­бие­ті мен мәдениеті туралы мате­риалдар да бала санасына бас­тау­ыш сыныптан бастап сіңірілуі қажет. Мұғалім сабақ түсіндір­генде туған өлке туралы мате­риалдарды пайдаланғаны құба құп. Мысалы, Қостанайда жыл сайын мол астық жиналады. Ма­тематика пәнін оқығанда оқу­шы­лар әр ауданның қанша жерге егін еккені, одан қан­ша астық жинағанын, егін егу­мен­ қанша шаруашылық айна­лысатыны, оған қанша техника қатысатыны туралы сандарды мысал ретінде алуға әбден болар еді. Қос­та­найдың даңқы алысқа кеткен ал­тын астығы, жануарлар, өсімдік­тер әлемі, өзен, көлдері туралы ақпараттарды сабаққа үйлестіре айту мұғалімнің парызы десек, ар­тық болмайды. Өйткені, ақпа­рат тасқыны асқынған заман­да балалар еліміз туралы ала-құла біл­се, ертең сол елді сүйетін пат­риот қайдан шықсын? Халқымыз мұны “танымасын сыйламас” деп бір ауыз сөзбен тұжырған. Біздің аналарымыз туған жерге, елге деген махаббатты сәби жүре­гіне “бесік жырымен” сіңірді. Жат жұрттан ұлы даланы ауыз­дықпен су ішіп, тілерсектен саз кешіп жүріп қорғап, ұрпағына аманатқа қалдырған батыр баба­ларымыз аспаннан түспеген, ана­дан туып, “бесік жырына” елтіп өскен бо­латын. “Бесік жыры” айтылмайтын заманда баланың бойына патрио­тизмнің дәнін егу балабақша мен мектептің енші­сінде қалды. “Патриотизм” сөзі мереке­лер­де тым асқақ естіліп жатады. Ал осы се­зімді жас ұрпақтың бойында қалыптастыру оңай іс емес, ол ине­мен құдық қазғандай мұға­лімнің күнделікті әр саба­ғында санаға сіңіріледі. Римма БЕКТҰРҒАНОВА, Қостанай педагогика колледжінің директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор.