Қазақстан • 03 Мамыр, 2019

Халық үшін қолжетімді бастама

1053 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда елорда әуежайында FlyArystan бюджеттік әуе компаниясының бірінші рейсінің салтанатты таныстырылымы өтті. Белгілі болғандай, 1 мамырдан бас­тап Қазақстан ішінде 6 бағыт бойынша әуе рейстері ұшырыла бастады. Былтыр Елбасы Н.Назарбаев халыққа Жолдауында ел тұрғындарына қолжетімді әуе компаниясы қызмет көрсете бастайтынын жеткізген болатын.

Халық үшін қолжетімді бастама

− Біз Қазақстанның кейінгі толқын жас­тарына ұшу ұтқырлығы мен қолжетімділігі қажет екенін түсінеміз. Лоукостердің классикалық үлгісі бойынша жасалған FlyArystan дер кезінде пайда болды. Біз ішкі және халықаралық бағыттарда жолау­шылар ағыны едәуір өсетінін болжадық. Уақыт өте келе шетелдік әуежайлармен байланыс орнатуды көздеп отырмыз. Біз өңірлер экономикасының қарқынды өсуін байқаймыз және осы дамудың бір бөлігі болатынымызға үміттенеміз», деді «Эйр Астана» әуе компаниясының президенті Питер Фостер. Аталған әуе компаниясы биыл 29 наурызда Алматы-Тараз-Алматы, сондай-ақ Алматы-Орал-Алматы бағыттары бойынша билет сата бастады. Кейіннен Алматыдан Нұр-Сұлтанға, Қарағандыға, Павлодар мен Шымкентке билет сатыла бастады. Бүгінде республиканың алты қаласына әуе билеттері сатылуда.

FlyArystan әуе компаниясы 2022 жылы 4 млн адамға дейін жолаушы тасымалдауды көздеп отыр. Аталған әуе компаниясының маркетинг және сату бөлімінің директоры Жанар Жайлауованың айтуынша, қазіргі уақытта небәрі 2 ұшақ әуе рейстерін орындайды.

− Қыркүйек айында тағы бір ұшақ қосылады. Сондықтан қай өңірдің әуежайы өтінім береді, сол бағытқа қарай рейс ашылады. Ал жолаушылардың санына келсек, биыл жоспар бойынша FlyArystan әуе компаниясының қызметін қолданушылардың саны 700 мың адам болады деп белгілеп отырмыз. Келесі 2020 жылы 2,5 млн адам, ал 2022 жылы 4 млн адамға жеткіземіз, – деді Ж.Жайлауова. FlyArystan әуе компаниясы өкілінің мәліметінше, бүгінге дейін 45 мыңға жуық билет сатылды және оның 85%-ын «багажсыз» тарифтер құрайды.