Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Оралда ақын Шолпан Қыдырниязованың жаңа кітабы таныстырылды

1849 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орал қаласында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязованың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш өтті.

Оралда ақын Шолпан Қыдырниязованың жаңа кітабы таныстырылды

Бұл кешті ардагер-ұстаздың 70 жылдық мерейтойына орай Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған екен. 1970 жылдары ұмытыла бастаған айтыс өнерінің қайта жаңғыруына үлес қосып, кейін біраз жыл Батыс Қазақстан облыстық тіл басқармасын басқарған Шолпан Батырқызын өз өлкесі ерекше құрметтейді. 

- Шолпан апайдың шығармашылығының өзегі, негізгі тақырыбы – елге құрмет, туған жерге деген сүйіспеншілік қой. Осыған орай шара барысында ақынның еңбек жолындағы жетістіктерін, қазақ айтысына һәм поэзиясына қосқан өзіндік үлесін барынша қамтуға тырыстық, - дейді БҚО тілдерді дамыту басқармасының қызметкері Зәмзәгүл Ғаббасова.   

Әдеби-сазды кеште ақынның өлеңдеріне жазылған «Қоскөл», «Ақбақай – ән өлкем», «Қара өлең», «Ақтайсай - аңсағаным» әндері шырқалды.

Осы кеште Шолпан Қыдырниязованың ұрпақ тәрбиесі тақырыбына арналған «Анадан – ақыл, әжеден – әдеп» атты жаңа жинағының тұсауы кесілді.

Айта кетейік, Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасы жас ұрпақты сауатты, мәнерлі жазуға машықтандыру, Шолпан Қыдырниязова шығармаларын насихаттау, сонымен қатар балалар шығармашылығы мен бастамаларына қолдау көрсету мақсатында облыстық «Алтын қалам» байқауын ұйымдастырған болатын. Кеш барысында осы байқаудың эссе және шығарма бағыты бойынша бас жүлде иегерлері марапатталып, жеңімпаздарға жүлдені Шолпан Батырқызы табыс етті.