Биыл Ресей қаласында 53-ші рет өткен халықаралық Менделеев олимпиадасына 30-ға жуық елден 150-ден астам жоғары сынып оқушылары қатысып, білім жарыстырды. Химия пәнінің білгірлері сайысына бағын сынауға Айдын да барды.
«Жыл сайын тапсырмалар күрделеніп келеді. Мен болашағымды осы саламен байланыстырғым келеді. Бұл пән көптеген ғылымдарға жол ашады», дейді халықаралық беделді додада екінші орынға табан тіреген күміс жүлдегер.
Айдын биыл мектеп бітіреді, «Алтын белгіден» үміткер. Осыған дейін облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарды еншілеген.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі директорының ғылыми-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары Бауыржан Түленовтың айтуына қарағанда, Айдын олимпиадалық қозғалыстардағы жетістіктерін соңғы жылдары жоғары деңгейде байқата бастаған. Оған еңбекқорлық, ізденімпаздық, мақсаткерлік қасиеттер тән.