Сайлау • 03 Мамыр, 2019

Президент сайлауына бірінші кандидат тіркелді

1222 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Орталық сайлау комиссиясының отырысында 2019 жылдың 9 маусымына тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев тіркелді. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының ресми сайты хабарлады.

Президент сайлауына бірінші кандидат тіркелді

Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Сәбила Мұстафинаның айтуынша, Қасым-Жомарт Кемелұлы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 54 және 55-бабына сәйкес тиісті құжаттарын өткізген. 

«2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауында Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ретінде тіркеу туралы қаулы жобасы дайындалды. Қаулы жобасында келесі мәселелер қарастырылған:  Қ.К.Тоқаев 2019 жылғы 9 маусымға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауында Қазақстан Республикасы Президентіне кандидат ретінде тіркелсін. Президентке кандидат Қ.К.Тоқаевқа тиісті куәлік берілсін. Қ.К.Тоқаев арнаулы уақытша шотты  ашу үшін «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ-қа президенттікке кандидат болып тіркелгені туралы мәліметтер ұсынылсын. БАҚ-та Қ.К.Тоқаевтың  Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат болып тіркелгені туралы хабар жариялансын», деді С.Мұстафина. 

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері қаулы жобасына дауыс беріп, ол бірауыздан қабылданды. Бұдан соң, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапарында болуына байланысты  тиісті куәлікті оның сенімді өкілі - «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевқа табыс етті.