Президент • 03 Мамыр, 2019

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Президенті қызметін жалғастыра береді

1208 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комитеті отырысынан кейін «Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары, кандидаттың сенімді өкілі Мәулен Әшімбаев айтты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Президенті қызметін жалғастыра береді

«Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттігін тоқтатуына қатысты айтар болсам, заңда мұндай талап жоқ. Демек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің заңнамасына сәйкес Қазақстанның Президенті қызметін толықтай атқара береді. Егер ол үгіт-насихат шараларына қатысатын болса, онда мұндай әрекеттердің барлығы заңға сәйкес қатаң жүзеге асырылуы тиіс. Яғни, үгіт-насихат жүргізілетін орын заңды түрде рәсімделуі қажет. Қоғамдық штаб пен шара өтетін орынды ұсынатын заңды тұлға арасында келісімшарт болуы керек. Төлем жасалуы тиіс», - деді Мәулен Әшімбаев. 

Сонымен қатар ол президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлын қолдаған 315 мың қол жиналғанын жеткізді.  

«Бұл қолдар Қазақстанның барлық облыстарынан, өңірлерден жиналды. Бұл жұмысқа Қасым-Жомарт Кемелұлының сенімді өкілдері қатысты. Бірнеше мың сенімді өкіл тіркеліп, осы жұмыстың басы-аяғында жүрді. Сондықтан бұл қолдарды бір-екі облыста емес, бүкіл ел өңірлерінен жиналды деп айтуға толық негіз бар. Осы ретте неге мұнан да көп емес деген сұраққа келер болсақ, кандидатымыз біздің алдымызға ондай мақсат қоймады. Ондай мақсаттың керегі де жоқ шығар. Жалпы, бұл жерде негізгі мәселе заңда көрсетілген талаптан бірнеше есе қол жиналды. Ол тіркеуге жеткілікті. Екіншіден, осыншама азаматтың қол қоюынан біздің кандидатымыздың сайлауға қатысуын халық қолдап отыр деп те қорытынды жасай аламыз», - деді ол.