Аймақтар • 03 Мамыр, 2019

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының делегаттары қарағандылық жастармен кездесті

1222 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеншілер астанасындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының қатысушылары мен жастар арасында кездесу өтті. Бейресми жағдайдағы басқасу барысында делегаттар маңызды жиыннан алған өз әсерлерімен бөлісті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясының делегаттары қарағандылық жастармен кездесті

Еске салсақ, аталған сессияға Қарағанды облысынан қатысқан делегация құрамында  этномәдени бірлестіктердің басшылары мен қоғам қайраткерлерінен тұратын 45 мүше болған еді.

Кездесуде жастар алдында сөз алған облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының жетекшісі Вилен Молотов-Лучанский аталған кездесудің ұйымдастырылуына жоғары баға беріп, оның тәрбиелік мәнінің зор екенін атап өтті.

– Жастар жылы – жай ғана сөз жүзінде ғана емес, іспен бекемделген және қамқорлыққа бай жыл болуы тиіс. Біз жастарға даму үшін серпін беріп, зияткерлік және материалдық жағынан қосымша қолдау көрсетуіміз тиіс. Біз оларға сессияның рухын, мағынасын және әсерін жеткізгіміз келеді. Осы жылы маңызды жиын жастарға арналды деп айтуға болады. Елбасы жас ұрпақ үшін жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ, Тұңғыш Президент күрделі геосаяси жағдай туралы және тәуелсіз Қазақстанда тұрақтылық пен бірлікті қалай сақтау керектігін айтты, – деді ол.

Абай ауданынан келген математика пәнінің мұғалімі Лариса Кравцова ҚХА сессиясында сөз сөйлеу құрметіне ие болған еді. Ол жастармен кездесуде отбасылық құндылықтар туралы әңгімеледі.

– Мен үшін бұл маңызды және айтулы оқиға. Қазақстанның барлық әйелдеріне үндеу жасау – өзімнің алдыма қойған мақсаттарымның бірі деуге болады. Біздің елімізде отбасын құру және сақтау үшін барлық жағдай жасалған. Менің бес балам бар: төрт қызым мен ұлым – мен үшін ол үлкен қуаныш. 24 жыл мектепте математика мұғалімі болып қызмет етіп келемін. Біреулер: «Кәсіби қызмет пен үйіңіздегі ошақты бірге алып жүру мүмкін емес?», деп айтуы мүмкін, ал мен ол мүмкін деймін! Біздің үйіміз, біздің отбасымыз – бағалайтын және сақтайтын ұлы игілігіміз екенін түсінген жөн. Өйткені отбасы – бұл мемлекетіміздің негізі, – деп атап өтті делегат.

Емен-жарқын әңгімеге толы әсерлі жағдайда өткен кездесуде жастар өздерінің жобалары мен ұмтылыстары туралы айтып берді. Сонымен қатар, олар делегаттармен арада болған әңгімеден алған әсерлерімен бөлісті. Мысалы, Жезқазғаннан келген жас ғалым Арман Кенжебеков осындай кездесулердің жастарға берер тәрбиелік тағылымы зор екенін айтты.

– Мен осындай достық қарым-қатынастан көп жақсылық көрдім. Бүгін өзімді толғандыратын көптеген сұраққа жауап алдым. Біздің елімізде жастарды қолдау үшін ауқымды жұмыстар атқарылуда. Біз, жастар өз кезегінде еліміздің болашағы үшін өз жауапкершілігімізді сезінуіміз керек, – деді жас ғалым.