Саясат • 03 Мамыр, 2019

«Jas Otan» жастар қанатының төрағасы сайланды

1195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы болып Дәулет Кәрібек сайланды. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Jas Otan» жастар қанатының төрағасы сайланды

«Елімізде жастар саясатын жүзеге асыруға белсенді үлес қосып жүрген білікті жас маман Дәулет Кәрібек «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы болып сайланды. Оның кандидатурасын «Jas Otan» жастар қанаты Орталық кеңесінің отырысында кеңес мүшелері бірауыздан қолдады.

Дәулет 2017 жылдан бері «Jas Otan»-ның атқарушы хатшысы ретінде нәтижелі еңбек етіп, табандылығымен танылған маман. Соның нәтижесінде «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанып, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі болып сайланды. 

Таяуда ғана өткен партиямыздың кезектен тыс XIX съезінде еліміздің жастары атынан сөз сөйлеп, бірқатар тың бастамалар ұсынды. Сондықтан Дәулетті жаңа қызметімен құттықтай отырып, оның өзіне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындайтынына сенім білдіремін», - деп жазды Мәулен Әшімбаев.   

Оның атап өтуінше, осы уақытқа дейін «Jas Otan»-ның төрағасы болып келген Данияр Сүндетбаев шетелде білімін жетілдіру туралы шешіміне байланысты бұл қызметтен өз еркімен босатылды. Ол төрағалық еткен екі жылда партияның жастар қанаты жаңа деңгейге көтеріліп, отандық жас буынның нағыз орталығына айналған. Осы кезеңде «Jas Otan»-ның IV съезі өтіп, жастар қанатының Орталық кеңесі жасақталған. 

«Енді санаулы күндерден кейін Президент сайлауының үгіт-насихат жұмыстары басталады. Осы ауқымды әрі ел дамуындағы маңызды кезеңде партиямызбен бірге «Jas Otan» жастар қанатына да зор жауапкершілік жүктеліп отыр. Себебі партия тәжірибесінде алғаш рет Президент сайлауы кезінде кандидатымыздың Республикалық қоғамдық штабымен бірге оның жастар қанаты да құрылады. Сондықтан партиямыздың жастар қанатына осы сенімді абыроймен ақтап, ел дамуы жолында еселі еңбек етуіне тілектестігімді білдіремін», - деп атап өтеді ол.